El іshі
«Бауыржан ұландары» ардагерлерге қолғабыс етті
Қазақ халқы қашанда табиғатынан үлкенді қадір тұтып, құрметтеген. Сондықтан да елімізде қарияларға деген қамқорлық ерекше. Бүгінде елімізде ардагерлерге деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Дегенмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеуіне арнап, маңдай терін төккен ардақты аталар мен ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.
Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Бауыржан ұландары» патриоттық клубы құрылып, өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен биік жауапкершілік қасиетті қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға өнегелі тәрбие беріп, ұлтжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Сонымен қатар, еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда ардагерлеріміздің өмірі мен еңбек жолы үлгі-өнеге екені анық.
Осы орайда, ауылда аға буын мен өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайту мақсатында «Ардагерлеріміздің қадіріне жетіп, құрметтейік!» атты қайырымдылық акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Тәрбиелік мәні зор акцияға мектеп жанынан құрылған «Бауыржан ұландары» патриоттық ұйымы мұрындық болды.
Даңқты қолбасшы Батыр Бауыржан Момышұлы: «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деп айтқанындай, соғыс жылдары тылдағы қыз-келіншектер мен балалардың тартқан азаптары, жеңісті жақындатуға қосқан үлестері мен соғыс жылдарының ауыр зардабын сезінгендері баршаға аян. Бұл сұрапыл соғыстың зардабын талаптылықтар да елмен бірге еңсерген болатын.
Ұйымның белсенді мүшелері ұзақ жылдар бойы Талапты ауылында қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған тыл және еңбек ардагерлерімен кездесіп, Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай келе, сый-сияпаттарын табыстады. Кездесуге мектеп директоры Р.Сайлаубаев, ұйымдастырушы педагог Р.Пешенов, АӘД пәнінің мұғалімі Н.Халықов және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында ардагерлер Ұлы Отан соғысы кезінде ата-анадан ерте айырылып, тылда еткен еңбектерін баяндап, ел басына күн туған заманда қайратымен жігерленген әрекеттері туралы және өмірлік жолдарын айтып өтті. Жас ұрпақты сапалы біліммен қарулануға шақырып, ел дамуына жас ұрпақтың қосатын үлесі туралы ақылдарын айтып, ақ батасын берді.
«Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, осындай қазыналы қарттарымыз бар да өскелең жас ұрпақ қай жағынан болсын ғибрат алары еш шүбә келтірмейді. Акция аясында ұйым мүшелері ардагерлерге қолғабыс етіп, үйлерінің ауласын тазартып, көмек көрсетті.
Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде жан аямай күрескен немесе еңбек еткен азаматтардың ерлігі қашанда сый-құрметке лайық. Бүгінгі жас, ертеңгі – қария. Мұны әрбір қазақ азаматтары жадында сақтап, көңілге түйіп, атасыз үйлері – батасыз, анасыз үйлері – панасыз қалатынын ескергені дұрыс. Қарттарымыз – баға жетпес байлығымыз, біз үшін төрімізде отыруының өзі бір бақыт. Сондықтан ардагерлеріміздің қадіріне жетіп, құрметтейік, бас иейік, оларға осындай бейбіт өмір үшін борыштар екенімізді ұмытпайық.
Анель Әлімбекқызы,
№22 Б.Момышұлы
атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы