El іshі
Тұрғын үй мен тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндіктеріңіз бар
Жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударып, тұрғын үй мен тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндіктеріңіз бар….
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3 бағытының «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» міндеті шеңберінде қатысушыларды ерікті түрде қоныс аудару, оның ішінде өңіраралық қоныс аудару – жұмыс күші артық облыстардан (бұдан әрі – шығу өңірлері) жұмыс күші жетіспейтін облыстарға (бұдан әрі – қабылдау өңірлері) жұмысқа орналастыруға және/немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бойынша міндеттемелермен жүзеге асырылады. Қабылдау өңірлері ретінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары белгіленген.
Бүгінгі таңда шығу және қабылдау өңірлері шығу өңірлерінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру, қоныс аударушылар мен оралмандардың қажетті саны, еңбек нарығындағы ахуал, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шарттары туралы ақпаратты ұсыну және қабылдау өңірлеріне танысу мақсатында баруды ұйымдастыру арқылы өңіраралық ерікті түрде қоныс аудару бойынша өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етеді.
Өңіраралық ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған адамдар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілер болып табылады.
Азаматтардың төмендегі санаттарына басымдық берілген:
1) жиырма тоғыз жасқа толмаған жастар, оның ішінде балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, он алты жас пен жиырма үш жас аралығындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп интернаттардың түлектері, сондай-ақ “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” (“Серпін”) жобасы шеңберіндегі түлектер;
2) оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
3) жұмыс берушінің – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар.
“Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” (“Серпін”) жобасына қатысушылар қатарындағы түлектер, сондай-ақ оралмандар шығу өңіріне/мемлекетіне қарамастан өңіраралық ерікті түрде қоныс аударуға қатысады және оқуды аяқтағаннан кейін оқу орны бойынша “Еңбек” бағдарламасына қатысу үшін өтінім береді.
Шығу өңірлерінен қабылдау өңірлеріне ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу:
) мемлекеттік қызметшілерге;
2) ҚР ҰК 01-2017 қызметтер сыныптауышының тоғызыншы тобына жататын біліктілігі төмен жұмысшыларға;
3) жұмыс күшінің құрамына кірмейтін азаматтарға қолданылмайды.
Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау:
1) көшуге материалдық көмек беруді;
2) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді;
3) қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін Жұмыспен қамту жол картасы 2020 бағдарламасы шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы тұрғын үй беруді;
4) қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді;
5) қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберуді;
6) жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
“Еңбек” бағдарламасына қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет отыз бес АЕК мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі.
Көшуге материалдық көмек “Еңбек” бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.
“Еңбек” бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
1) қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде;
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде;
отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде төленеді;
2) ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде;
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде;
отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді.
Ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары “Еңбек” бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі.
Оралмандардың өңірлік квотасына енгізілген оралмандар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы “Еңбек” бағдарламасы шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға ұсынылған мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатуға негіз бола алмайды.
Ерікті түрде қоныс аударуға қатысушының келісімімен оның жеке меншігіне тұрғын үй сатып алуы үшін аудандық/қалалық комиссия ұсынымдарының негізінде отбасыға бір жылға есептелген сома шегінде субсидия сомасын бір рет төлеуге жол беріледі.
Отбасына жылына тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге есептелген сома шегінде меншікке тұрғын үйді сатып алу үшін біржолғы төлем алдын ала сату-сатып алу шарты немесе сатып алу-сату шарты болған кезде жүзеге асырылады.
Егер қабылдау өңірлерінде сатып алынатын тұрғын үйдің құны:
1) біржолғы төлем мөлшерінен төмен болса, сомалар айырмасы “Еңбек” бағдарламасына қатысушыда қалады;
2) біржолғы төлемнің мөлшерінен жоғары болса, құнының айырмасын “Еңбек” бағдарламасына қатысушы өзінің ақшалай қаражаты есебінен өтейді.
Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс беруші кемінде бес “Еңбек” бағдарламасына қатысушыны жұмысқа орналастыратын болса, оған кемінде үш жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына қабылданған әрбір жұмыскер үшін 450 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі.
Халықты жұмыспен қамту орталығы, қатысушы және жұмыс беруші арасында үшжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады, онда жұмыс берушінің жұмыскердің көшуі бойынша шығыстарды өтеуі, жаңа тұрғылықты жерде орнығуына жәрдемақы беруі, жұмыскерге қызметтік тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарын өтеуі, жұмыскердің тұрғын үй сатып алуға шығыстарын ішінара өтеуі, жұмыскердің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне ақы төлеу шығыстарын толықтай немесе ішінара өтеуі бойынша шарттары көзделеді.
Жұмыс берушілер қоныс аударушылар мен оралмандарға қолдау көрсетудің қосымша шараларын белгілей алады, олар әлеуметтік келісімшартта көрсетіледі.
Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
Жұмыс берушіге субсидия берілген кезде “Еңбек” бағдарламасына қатысушыға көшуге және тұрғын үй жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар төленбейді.
Жұмыс берушілердің және ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуға қатысқысы келетін адамдардың “Еңбек” бағдарламасына қатысу, мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру, қаржыландыру және оны алу тәртібі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларында айқындалады.
Шығу өңірінде тұрақты тіркелген және жүгіну кезінде бір жыл ағымында тұрған және өңіраралық ерікті түрде қоныс аударуға қатысқысы келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатарындағы үміткерлер шығу өңірлерінің тұрғылықты тұратын жерлеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлерге “Еңбек” бағдарламасына қатысу тәртібі мен шарттары туралы және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы консультациялар береді.
Еңбек” бағдарламасына қатысушылардың құрамына қабылдау өңіріне өз бетінше келген адамдар өтініш берген күніне дейін алты ай ішінде қосылады.
Қабылдау өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталығы бес жұмыс күні ішінде үміткерлерді “Еңбек” бағдарламасына қатысушылардың құрамына қосып, ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы әлеуметтік келісімшарт жасасады.
Биылғы жылы Жуалы ауданынан Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына 5 отбасы ерікті түрде қоныс аударды.
Ағымдағы жылдың 8 қазанында ауданымызға Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданынан жұмыс сапарымен Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері келіп, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен халықпен жиындар өткізді. Қазіргі кезде осы ауданда жалпы 232 бос жұмыс орындары бар, оның ішінде механизатор, агроном, мал дәрігері, көлік жүргізуші, дәрігер, мұғалім және басқа көптеген мамандықтарға қажеттілік туындап тұр.
Бұл өңірде Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Қөшу шығыстарын өтеуге отбасының әр мүшесіне 97000 теңге көлемінде материалдық көмек төленеді. Қатысушыларға арналған жаңадан салынған, абаттандырылған тұрғын үйлер (құны орташа есеппен – 7 млн теңге) бар. Мұндай үйлер 5 жыл мерзімге жалға беріліп (ай сайын шамамен 8000 теңге төленуі тиіс), әрі қарай үй егесіне жеке меншікке сатылады немесе бірден сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға келісім шарт 15 жыл мерзімге ұзартылып, ай сайын 17000 теңге төлеу арқылы сатып алуға мүмкіндік береді.
Аудан тұрғындарын Бағдарламаның осы бағытына белсенді қатысуға шақырамыз! Толық консультация мен ақпарат алу үшін аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласыңыздар ( мекен жайымыз: Б.Момышұлы ауылы, Жібек жолы көшесі № 21; тел.:5-07-87)
Жуалы аудандық халықты
жұмыспен қамту орталығы