El іshі
Вакцинация – індетпен күрестің ең тиімді жолы
Бүгінде аудан тұрғындары 100 пайыз коронавирусқа қарсы екпенің І дозасын қабылдады. Бұл жуалылықтардың өз денсаулығы мен жақындарына деген жанашырлығының айқын белгісі. Ал, алдағы уақытта елде 12 жастан бастап 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге, лактация кезеңіндегі аналарға екпе салу жоспарлануда. Бұл санаттағы адамдарға американдық «Комирнати» вакцинасын салу көзделуде. Осы ретте, кез келген ата-ана баласының денсаулығына алаңдамай қоймайды. Әр ата-ананың алдында перзентіне екпе жасату керек пе, әлде жоқ па деген таңдау болады. Көпшілік арасында вакцинациялауға байланысты әлі сұрақтар туындайды. Оның жауаптарын білу үшін әрі екпе алудың қаншалықты маңызды екенін ескеріп, иммунизациялауға қатысты жиі қойылатын бірнеше сұрақтар бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Назипа Әзімбековамен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға коронавирусқа қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын ұсынамыз.
-Назипа Өрісбекқызы, жалпы бұл індетпен күрескенімізге міне, екінші жылға аяқ басқалы отыр. Індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцинация екені баршамызға белгілі. Осы ретте, қалың оқырман қауымға вакцинация не үшін керек екендігі жайында сөз қозғасаңыз.
– Иә, біз бұл індет басталғалы өмірімізде күрт өзгеріс болды. Індет біздің өмір сүру қағидатымызға өзгерістер алып келді. Оның бірі тазалықпен әрі өз денсаулығымызға деген жауапкершілікті үйретті. Жақсы-жайсаңдарымыздан айырылып, қабырғамызды қайыстырды. Ауруханада ауа жетпей тынысы тарылған науқастар саны көбейді. Күрделі уақытты артқа тастап, білікті ғалымдар індетке қарсы вакцина ойлап тапты. Елімізде ақпан айынан бастап кезең-кезеңімен екпе салына бастады. Вакцина бізге індетке қарсы төтеп беру үшін аса қажет. Бұл ем шара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі. Ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияларға қарсы антиденелерді тудыруы тиіс. Осының арқасында ағзада аталған ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Әрбір вакцинаның қатаң тәртібі, қолданылу уақыты, қолдануға болмайтын жағдайлары және енгізу жолдары (ауызға, бұлшық ет ішіне, тері астына және тері ішіне) бар.
– Коронавирус індетінен адам ағзасына салынған вакцина оны аурудан қорғай алды ма? Вакцина салдырғаннан кейін адам ағзасында қандай өзгерістер пайда болады? Не үшін екі рет екпе салдыру керек?
-Коронавирусқа қарсы екпе алған адамда вакцина ауру туындатпайды, вакцина ағзада иммунитетті қалыптастыруға және қорғайтын антиденелердің (антитела) пайда болуына ықпал етеді. Яғни, жай сөзбен айтсақ, вакцина сіздің ағзаңызды вирусты «танып білуге» оқытады, сондықтан індет жұқтырған жағдайда сіздің иммундық жүйеңіз коронавируспен күресуге дайын болады. Иммунитет вакцинамен алғаш кездесіп, танысқанда, ол екі түрлі иммундық клетканың жұмысын іске қосады, оның бірі: антиденелерді белсенді түрде шығара бастайды, ал екіншісі қауіпті іздеп табады және патогенді жояды. Атап айтқанда коронавирусты, егер ол екпе алған адамның ағзасына түскен жағдайда.
Білесіз бе, не үшін екі рет екпе салдыру керек? Сол вакцинаның екінші дозасы қорғану дәрежесін көтереді. Бір рет екпе салдырған адамдағыдан көрі екі рет екпе салдырған адамда иммундық есте сақтау мен қорғайтын антиденелер саны 6-12 есеге және одан да жоғары болады.
– Екпе індеттен қаншалықты қорғай алады, вакциналардың әсерлері қаншалықты тиімді. Екпе алғандар ауырды ма?
– Дайындалған және қолданыстағы вакциналардың әсерлері 80-90% аралығында тиімді болуда. 100% әсер ету нәтижесіне бірде-бір вакцина кепіл бола алмайды. Бұл деген, екпе алған адамдар, коронавирус індетімен ауырған науқаспен тығыз қарым-қатынаста болса, олардың 80-90 пайызы ковидпен ауырмайды, тек 10-20% ауыруы мүмкін екен, індет асқынусыз, жеңіл түрінде өтеді екен. Вакцина алғандардың ауруханаға түсіп қалуы мен қайтыс болу жағдайлары 25 есе ,азаяды, ал ауру жұқтыру қаупі сегіз еседей азаяды.
-Қазақстан азаматы коронавирусқа қарсы екпені міндетті түрде алу керек пе? Мәжбүрлеу болады ма?
– «Міндетті» және «мәжбүрлі» деген сөздің арасындағы айырмашылықты түсіну қажет. Ешкімде Қазақстан азаматын күшпен вакцина салдырта алмайды. «Халық денсаулығы және денсаулық ссақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабының 18-тармағында әр адам, вакцинациядан жазбаша түрде бас тартуына болады, немесе жазбаша түрде, өз еркіммен келіскенде ғана екпе салынады деп жазылған. Кодекстің 85-бабына сәйкес: медициналық кері көрсетілмдері жоқ азаматтар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы, оның ішінде коронавирусқа қарсы екпе алуға міндетті.
-Екпе алған азаматтарға біздің елімізде қандай да бір жеңілдіктер немесе льготалар бола ма?
-Вакцинацияның пайдасы туралы аргументтер, яғни ауруханаға түскенде, шипажайға жолдама алғанда, шетелдерге шыққанда, халыққа қызмет көрсететін саладағы мекемелерде жұмыс атқаратын азаматтар, коронавируске қарсы екі екпесі яғни электрондық кұжаты барлар, ПТР тест тапсырмайды. Екпесі жоқ болса, қызметкер әр жеті күн сайын ПТР тест тапсыру керек немесе үйден қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Яғни, вакцина аласыз ба, не алмайсыз ба ол сіздің ақпараттандырылған шешіміңіз және өзіңіздің жауапкершілігіңіз.
– Жұқпалы індеттерге, оның ішінде коронавирусқа қарсы екпе алмаған баланы, мектепке немесе бала бақшаға қабылдай ма?
– Ата-анасының жұқпалы індеттерге, оның ішінде коронавируске қарсы екпені жасатудан бас тартуы, баласын ұйымдастырылған ұжымдарына қабылдаудан шектеу қойылмайды. Бірақ, инфекциялық аурулар, оның ішінде коронавирус індеті тіркелген жағдайда, екпе жасалмаған балалар арасында ауруға шалдығу қатері өте жоғары болады. Әсіресе ауыр асқынуларымен және өлім-жітім оқиғаларына соқтырады. Ондай жағдайда, ұйымдастырылған ұжымдардағы балалар ауруынан толық сауыққанша, екпе алмағандар балалар мекемесіне бармауы керек, өйткені олар инфекциядан қорғалмаған. Немесе, эпидемиялық көрсеткіші бойынша, инфекциялық аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында, екпені алғаннан кейін ғана ұйымдастырылған ұжымдарға балаларды қабылдау ұсынылады.
-Назипа Өрісбекқызы, қазір қоғамда антиваксерлер аз емес және екпе салдыруға қарсы үгіттеп жүргендер өте көп. Осы жайында не айтуға болады?
– Антиваксерлер екпе мен вакциналар туралы дәлелсіз жалған ақпараттарға сендіріп, таратуларын қояр емес. Сондықтан, тек ресми ақпараттарға сеніңіздер және тек вакцинация ғана барлығымызды Covid-19 індетінен және пандемиядан сақтайтынын ұмытпаңыздар!
-Көптің көкейінде жүрген сұрақтардың бірі бүкіл әлем және еліміз осы қатерлі індеттен қашан құтылып, жеңіп шығады?
-Қазақстан Респуликасының әр азаматы тек жеке өзінің ғана денсаулығын ғана күтпей, жалпы ұлттың саулығын көздеуі керек. Қазақ даналығында «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал бар емес пе?! Әлемде, коронавирусқа қарсы вакцинация эпидемия мен пандемияны жеңетін ең тиімді алдын алу іс-шараның бірі болып танылған. Сондықтан, коронавирус індетін түбегейлі жеңу үшін ұжымдық иммунитет әр аумақта қалыптастыру қажет. Популяциялық иммунитетті қалыптастыру үшін аумақтағы халықтың кем дегенде 60-70% екпемен қамтылуы тиіс. Аурудың алдын алу, яғни профилактика, оның ішінде вакцинация жұмысы көп деген жұқпалы аурумен күресудегі ең тиімді, тегін, әрі кең қолданылатын шаралардың бірі.
-Сұхбатыңызға рақмет! Індеттен баршамыз аман болайық, ауырмайық, сау болайық!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл Аманқұл,
“Жаңа өмір”