El іshі

Қасиетті жұмада тегін нан таратады

Рамазан айы – Алла тағаланың ықыласы түскен, шапағаты мол ай. Бұл қасиетті айда пенделер Аллаға құлшылық жасап, тілек тілеп жатады. «Рамазан – сауаптардың еселеніп жазылар айы» деген. Сондай-ақ, ренжіскендер татуласып, бір-біріне мейірімді болып, жақсылық жасауға тырысады.

Б.Момышұлы ауылы Жамбыл көшесінің бойында орналасқан «Нұрдәулет» азық-түлік дүкені қасиетті Рамазан айының әр жұмасында тегін нан таратып, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп жүр. Дүкен иелері мұндай сауапты істі дәстүрге айналдырып, биыл екінші жыл үзбей жасап келеді.
«Нұрдәулет» дүкенін 2018 жылы жеке кәсіпкер Жамилә Қарбаева отбасылық кәсіп ретінде ашқан. Кәсіпкер бүгінгі күні кәсібін аяғынан нық тұрғызған. Дүкен иелерінің тұрғындарға қызмет көрсетуі мен мәдениеті көңіл көншітерлік. Алдына келген тұтынушыға барынша сабырлы, салмақты жауап беріп, сұранысын қанағаттандырады. Әлбетте, мұндай қасиет, іскерлік қабілет әрбір дүкен иесінде болуы шарт.
-Отбасымызбен ақылдаса келе, өткен жылдан бастап Рамазан айының әр жұмасында сауап үшін тегін нан таратуға шештік. Аллаға шүкіршілік етіп, бастысы ниетіміз түзу, пейіліміз кең болса, Жаратқанның өзі де пендесіне нұрын төгері сөзсіз.
Отбасымызбен бірге жыл сайын ауыз бекітіп, ораза ұстаймыз. Бес уақыт намазымызды да оқимыз. Сондықтан мұндай сауапты істі жасамасақ болмас, – дейді жеке кәсіпкер Жәмилә Әбдіжапарқызы.
Оның айтуынша, нан «Лесхан» жеке кәсіпкерлігінен күнделікті сатып алынады екен. Олар дүкен сөресіне 30-40 шақты тандыр нан мен 80 дана ақ және қара бөлке нандарын қояды. Қайырымды жандар қасиетті жұма күні осы нанның барлығын дүкенге келген кез келген тұрғынға тегін береді. Тегін нан тарату дүкен ашылған сәттен басталып, кешке жабылғанға дейін жалғасады.
«Сауапты іс жасау – мұсылманның парызы» деген Жәмилә Әбдіжапарқызының жолдасы Темірбай Жұмағали да қайырымдылық жасауға әркез дайын. Қолынан келгенінше айналасындағыларға жақсылық жасап, көмек көрсетіп жүреді екен. Ол Қайрат, Қосбөлтек ауылдарында мешіттің құрылысы жүргізіліп жатқанда жұмысшыларға сусындарын жеткізіп, қайырымдылық жасаған. Сондай-ақ, жақсылық жасағанын жұртшылыққа жар салып айтуды жөн санамайтын отағасы аудандағы орталық мешітке де өз көмегін көрсетіп отырады.
-Қазақта «оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар емес пе?! Әр адам шама-шарқы, жағдайы келгенше жақсылық жасауға асығуы керек. Біздің тұрғындарға сауапты іс жасауымыз орталық базардағы «Той көйлектерін жалға беру» дүкенінен басталған. Сонда той көйлегін киген келіншектер мен оның туыстары алғысын айтып, игі тілектерін білдіріп еді. Бүгінде міне, осындай сауапты істердің арқасында отағасы күрделі отаны еңсеріп, ортамызда аман-есен жүр деп білеміз. Алла қаласа, мұндай жақсылық жасау алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Себебі, біз бойымыздағы имандылықты ешқашан жоғалтпауымыз керек. Кейінгі ұрпағымыздың бойына да осы асыл қасиетімізді сіңіру – біздің міндетіміз, – дейді жеке кәсіпкер.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close