El іshі
Мереке мәнін сезіндірген кеш
Жаңа жыл қарсаңында «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында «Құтты болсын, Жаңа жыл!» атты жаңажылдық кеш өтті.
Мерекелік кешке аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және 25 мүмкіндігі шектеулі бала аналарымен бірге қатысты.
Кешті «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасының қызметкері Мекемтас Бекешов жүргізіп, әнмен сүйемелдеп отырды. Алдымен сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.
– Ал, мінекей балалар, көптен күткен Жаңа жыл мерекесі де келіп жетті. Адам баласы жаңа жылдан көп жақсылық күтеді, жаңа жылға көп үміт артады. Армандарыңыз бен тілектеріңізге қосылып, Сіздерге алдағы жылда денсаулықтарыңыз мықты, мерейлеріңіз үстем болып, қанаттарыңыз талмасын деп тілеймін. Өткенге риза болып, жаңа жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық. Жаңа жылда елмен бірге жаңа табыстарға жете берейік, – деді Ерғали Өтемісұлы. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының ұжымына «Еңбектеріңіз жемісті, өмір жолдарыңыз сәттіліктер мен табыстарға толы болсын!» деп ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан соң балалар Аяз ата мен Ақшақарды дауыстап ортаға шақырды. Жаңа жылдың негізгі кейіпкерлері ортаға еніп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, балалардың дайындаған тақпақтарын, әндерін тыңдады.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков бүлдіршіндерге арнайы алып келген сыйлықтарын табыстап, балаларды қуанышқа бөледі. Сондай-ақ, әсем кеште балалар әуезді ән айтып, би билеп, Аяз ата және Ақшақармен бірге естелік суретке түсті.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»