El іshі

«Жастарға берілген үлкен мүмкіндік»

Еліміздің жастарына қолдау көрсетіп, тегін білім алуына, халық игілігіне қызмет істеуіне ықпал етіп келе жатқан – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» жобасы жайлы жастардың бірі білсе, бірі білмес. «Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба.  Оңтүстік, батыс аймақтағы жастарды солтүстік, орталық, шығыс өңірлерге тартып, ондағы экономиканы, өндірісті дамытуға  үлес қосып жүрген жоба бүгінде өз ауқымын кеңейтіп келеді. Оны жыл сайынғы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға тапсырушылар санының артуынан анық аңғаруға болады.

Оның жүзеге аса бастағанына биыл 7-8  жылдың жүзі болды. Осы аз ғана уақыт ішінде қанша мыңнан астам қыз-жігіт жастар үшін өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді.

Осындай жастың бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Нұржамал Идрейисова. Ол 2001 жылы  Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. 2008 жылы №5 М. Ломоносов атындағы орта мектеп табалдырығын аттаған. 2019 жылдың көктемінде аталған білім ұясын бітіреді.

– Абай атамыз бар асыл ойын заман жастарына, келер ұрпаққа арнағаны секілді, мен де мұғалім болып, бар өмірімді білім беруге арнаймын деп шештім. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша 88 балл жинап, “Серпін” бағдарламасы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының  “қазақ тілі және әдебиеті – 6B01701” мамандығының  грант иегері атанып, өзіме жақын білім ордасын таптым.

“Серпін” бағдарламасы жайлы ақпараттар  мектепте өте көп айтылатын. Осы бағдарламаның аясында бүгінде көптеген жастар жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін ашып жатқанын еститінмін. Бірақ мектепте айтылып жүргенде онша мән  берген жоқпын. Кейінірек оқуға түсетін кезде, ҰБТ-дан жинаған балыммен “Серпін-2050” бағдарламасы арқылы оқуға түсуге мүмкіндігім бар екенін білдім.

Ойланбастан мұндай мүмкіндікті құр жібермей, осы бағдарлама бойынша грант конкурсына өтініш жібердім. Нәтижесінде “Серпін” бағдарламасы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті атандым. Мемлекеттің осындай үлкен мүмкіндікті жастарға сыйлап отырғанына қуаныштымын. Жалпы “Серпін” бағдарламасының негізгі мақсаты- жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тарту болып табылады.

Менің ойымша, бұл бағдарлама біздің елімізге өте дұрыс енгізілген деп ойлаймын. Себебі, мен тұратын өлкеде, менің таңдаған мамандығым бойынша мамандар көп. Ал, Арқалық қаласында барғанда, расыменде педагогтарға сұраныс өте жоғары екенін байқадым. Оқуға түскен жылы “Серпін” бағдарламасымен оқуға түскен студенттер көп болды.

Білім алушылар әр өңірден жиналған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Алматы сияқты қалалардан келген студенттер еді. “Серпін” бағдарламасының бізге, студенттерге берер мүмкіндіктері көп. Мысалы, басшылық студенттерді  жатақханаға орналастырарда, ең бірінші «Серпін» бағдарламасы бойынша түскен студенттерді қамтамасыз етеді. Бағдарламамен оқыған өңірде қоныстанып қалған  түлектерді  жұмыспен қамту жан-жақты қарастырылған.

Сонымен қатар, «Серпін» бойынша  жастарға дуальді білім беру, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып,  тәжірибелерді сол мекемелерде өтеу арқылы  келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған.  Нәтижесінде оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар, оқу  бітірген соң  сол жерге  оңай жұмысқа орналасып, ортаға тез сіңісіп кете алады. Яғни, оқып жүріп те, жұмыс істеуге мүмкіндіктер қарастырылған,- дейді Нұржамал Оңдасынқызы.

Нұржамал отбасында төрт ағайынды. Екі әпкесі, 11 сынып оқитын інісі бар. Әкесі Оңдасын Ақтау қаласында вахталық жұмыс істейді, ал анасы Роза сол ауылдағы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында аспаз болып жұмыс істейді.

Нұржамал биыл ақпан айында ауданның атынан «Әулиета бұрымдысы» атты облыстық онлайн байқауға қатысып, жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Өзі оқып жүрген Арқалық педагогикалық институтында студенттер арасында  ұйымдастырылған сынға қатысып, 2020 жылдың «Үздік студенті» атанды. Одан бөлек көптеген байқауларға қатысып, грамоталар мен Алғысхаттар алған.

Дарынды жас мектеп қабырғасынан өнер мен білімге жақын болған. Оқуда озат болумен қатар, түрлі қоғамдық жұмыстарға араласып, ән айтып, би үйірмесіне қатысқан.

-Негізінен Арқалық қаласына оқуға түсерде ата-анам қарсы болған болатын. Шет жақ, алыс өңір, өзіміздің қалада оқи бер деген сияқты ойлар айтылды. Бірақ алдыға қойған мақсаттарым өте көп болғандықтан, ешнәрсеге қарамастан оқуға шешім қабылдадым. Қазіргі таңда көбісінің ойлайтыны да осы. Алыс қой, орыстанып кеткен өңір, сол жерде үш жыл жұмыс жасау керек деген сияқты қате пікір қалыптасқан. Керісінше, бұл үлкен мүмкіндік. Қазір ІІІ курста оқып жатырмын,  бір жылдан кейін оқуды да аяқтаймын. Бірақ Арқалықты қазірден қимаймын. Көптеген естеліктер, қызықтар мен қиындықтар, бәрі осы Арқалығымда орын алды. Осындай өңірде оқуға мүмкіндік сыйлаған «Серпін» бағдарламасы үшін айтар алғысым шексіз.

Ұстаз… Қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға.  Қазіргі заманның басты тұлғасы – ұстаз.

Болашақ – жастардың қолында. Жастарға біліммен қоса тәрбие беретін жан – ұстаз.

Ұстаз болу, бұл – үлкен жауапкершілік. Осындай жауапкершілік менің де мойныма артылары сөзсіз. Болашақта аяулы ұстаз, жаңашыл мұғалім, білімді педагог болу – менің басты мақсатым,- дейді «Серпін» бағдарламасының болашақ түлегі Нұржамал.

“Болашақ – жастардың қолында” – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қанатты сөзі бекер айтылмаған. Осындай мүмкіндіктерді босқа жібермей, алға ұмтылып, еліміздің болашағына жарқын үлес қосу – біздің азаматтық борышымыз!

 

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close