El іshі

Мақсаты – ата-анасының үмітін ақтау

Әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Оны тани білу, таныта білу ұстаз бен ата-ананың қолында. Барлық балада жақсы оқысам, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтап, биіктерден көрінсем деген арман ұшқыны болады.

Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Даниал Кемелбек те ата-ана үмітін ақтауды алдына басты мақсат етіп қойған жас талаптың бірі. Ол №15 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы. Оқу үлгерімі де жақсы. Өзін жан-жақты дамытып, үнемі ізденісте жүреді.
Ол математика, әдебиет пәндерін сүйіп оқиды, дене шынықтыру сабағына да белсенділік танытады. Қазақ ақындарының шығармаларын оқып, мәнерлеп оқу байқауларына да қатысады. Даниал кубик-рубикті тез жинаудың арифметикасын меңгеріп алған. Қолындағы баланың ойлау қабілетіне әсер ететін ойыншықты лезде құрастырып береді. Тіпті, кубикке қарамастан теріс қарап тұрып, оп-оңай жинады. Әрине, кейде оны ересек адамның өзі де дұрыс жинай алмай қалады. Ал, ол оны кішкентайынан қолынан тастамай, ғаламтордағы түрлі бейнероликтерді көріп, өз бетінше үйренген.
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, ол гитара аспабын да меңгерген. Бос уақытында аудандағы №1 Балалар өнер мектебіне барып, ұстазы Евгений Цойдан дәріс алады. Ұстазының үйреткендерін мұқият тыңдап, бүгінде өз бетінше түрлі шығармаларды аспапта ойнай алады.
Одан бөлек, Даниал атбегілікті де үйренуде. Өзінің «Сұңқар» және әкесінің «Шақан» есімді тұлпарларын суытып, атқа мінуді де меңгерген. Баланың жастайынан өнерге талпынғанын көру кімді болса да қуантары хақ.
-Біз көпбалалы жанұямыз. Атамыз да бізбен бірге тұрады. Әкем Жандос аудандағы газ шаруашылығында жұмыс істейді. Анам болса, есепші. Бірақ қазіргі таңда бала күтімімен демалыста. Үлгі тұтар аға-әпкем және ізімнен ерген бауырларым бар. Атам көбінесе бізді еңбекке баулиды. Үй іргесіндегі шағын ғана бау-бақшамызға көкөністер егеді. Қасынан тастамай, бау-бақшаны күтіп-баптауды үйретіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Ал әкем атбегіліктің қыр-сырын түсіндіреді. Кішкентайымнан аттың үстіне отырғызып, атбегілікке жақын қылып өсіруде.
Өнер мектебіне үш жылдай барып, ұстазым Евгений Цойдан көп нәрсе үйрендім. Соның арқасында достарымызбен жинала қалсақ, гитарамен ән шырқаймыз. Өзіміздің көңілімізді көтеріп, өнермен сусындаймыз. Мен көбінесе Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін көп оқыдым. Нәтижесінде аудандық мәнерлеп оқу байқауынан ІІ орын алғаным бар. Сондай-ақ, Бурабайға жазғы лагерьге демалуға барғанда спорттық жарыстарға қатысып, шахматтан ІІ орынды иелендім. Шахматтан жақсы нәтиже көрсетуім атамның еңбегі. Өйткені, атам үйде немерелерін қасына алып, шахмат ойынын ойнауды үйретті. Сонымен бірге, ұлы ақын Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздерін жиі оқимын.
Көп адамдар кубик-рубикті ойыншық ретінде қарап, оның баланың дамуына қаншалықты әсер ететін біле бермейді. Ол ойлау қабілетіңді арттырып, шапшаңдыққа, жылдамдыққа үйретеді. Оны да дұрыс жинай білу керек. Дұрыс ойлап, есептей білуің қажет. Яғни, оны дұрыс жинау тікелей математикадағы есепке жүйріктігіңе байланысты, – дейді Даниал.
Оның алға қойған мақсаты – сабақты жақсы оқып, жақсы оқу орнына түсіп, білікті маман болу, туған жеріне қызмет ету. Жас та болса отбасынан алған тәрбиесімен шыншылдықты, өтірік айтпауды, адал, тәртіпті әрі білімді болуды өмірлік ұстаным ретінде ұстанады.
-Жазғы демалыс күндерім жақсы өтті. Отбасымның жанында болып, пайдалы іспен айналыстым. Достарыммен жиі кездесіп, күндерімізді қызықты өткіздік. Міне, аз ғана күндерден соң сыныптастарыммен мектеп қабырғасында жолығып, ұстаздарымызбен қауышамыз. Жаңа оқу жылына дайындығымыз да жақсы. Мектептен кітаптарымызды алып, мектеп формасын да әзірледік. Сабағымыз дәстүрлі форматта өтетініне қуаныштымыз. Санитарлық талаптарды сақтауды бүгінгі күні барша бала жақсы біледі деп ойлаймын.Осы ретте, барша балалар мен ұстаздарды Білім күнімен құттықтаймын! Бұл күн біздің асыға күтетін мерекеміз. Жаңа оқу жылы жақсылықтарға толы болсын! – деп ол игі тілегін де жеткізді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close