El іshі
Жеңіс мерекесіне арналды
Биылғы жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Соғысқа қатысқан әрбір ардагердің есімі тариxта мәңгі қалады. Біздің қазіргі бейбіт өміріміз үшін, халықтардың бақытты өмірі үшін отқа түсіп, жанын қиған батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлік істерін кейінгі жас ұрпақ ешқашан есінен шығармайды.
Осы мақсатта №2 Мыңбұлақ орта мектебінде барлық іс-шаралар жоспарға сай онлайн түрінде атқарылды. Мектеп оқушылары мен ұстаздары қазіргі жағдайдағы қиындыққа қарамастан өздерінің шығармашылықтарын одан әрі дамытып отыр. Атап айтатын болсақ, 1-11 сыныптар арасында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының басшылығымен «Батырларды еске алуға арналады» тақырыбында жаппай бірыңғай сынып сағаттары онлайн режімде өткізілді. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Назарбаева 8-10 сынып оқушылары арасында ҰОС ардагерлеріне арналған «Ұлы Жеңіске – 75 жыл», «Ардагерлерге арналады», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Ерлікке мың тағзым!» тақырыптарында шығарма жазу байқауын өткізді.
Байқауда 8 сынып оқушылары Сабина Кеңес, Айша Биеш, Нәзира Мырзайым, Мөлдір Дәулетбай т.б. оқушылар шығармалары үздік деп танылды. Бастауыш сыныптың пән мұғалімдері «Біз бірлесіп Жеңіске жеттік!» тақырыбында челлендж ұйымдастырып, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Қазыбекқызының ұйымдастыруымен Қайрат ауылының тұрғыны, тыл ардагері Әзімхан Жүншеевпен «Біз бірлесіп жеңіске жеттік!» тақырыбында онлайн-кездесу өткізілді.
Кездесу барысында ардагер ұстаз өзінің шөбересі, 7 сынып оқушысы Сейілхан Шапағатпен шағын сұхбат жүргізіп, ардагер өзінің еңбек және өмір жолы туралы сыр шертті. Тыл және еңбек ардагері өскелең жастарға бүгінгі бейбіт өмірді, татулықты бағалау керектігін, кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болатынын ескертті. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Арайлым Мәтенова,
№2 Мыңбұлақ орта мектебінің мұғалімі