El іshі
Ардагерлерге мың тағзым!
Елімізде биылғы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын айтулы даталардың бірі ретінде атап өтетініміз белгілі. Осы ретте, қан майданда жанкешті ерлік көрсетіп, жеңіс, ел үшін соғысқан ардагерлерді ардақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті, парызы. Бүгінгі күні арамыздағы майдангерлердің қатары жылдан-жылға азайып, сиреп бара жатыр. Сол себепті, бүгінгі ұрпақ ардақты ардагерлердің ерліктерін ұмытпауы тиіс.
Ел басына күн туған сәтте біздің жуалылық азаматтар да майданға аттанып, Жеңіс үшін майдан шебінде ерлік көрсетті. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Ақжолов Шәріпбай ақсақал да бар. Ардагер 1925 жылдың 1 қаңтарында ауданымызға қарасты Бірлік ауылында дүниеге келген. Әскери атағы – сержант. Ол 1941 жылдың маусым айында 7 сыныпты бітірген. Өзінің жастығына қарамастан колхоздың есепшісі, басқа да әртүрлі жұмыстарды атқарды. 1943 жылдың қаңтар айында әскерге шақырылып, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында әскери дайындықтан өтіп, 42-бөлімнің химиялық қорғау ротасында болды.
Майдангер 1944 жылдың қаңтар айынан қыркүйек айына дейін Карелиялының Выборг қаласында ауыр шайқастарға қатысып, екінші Белорус майданында болған. Сондай-ақ, жауынгер Могилев, Брест қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, Мәскеу түбіндегі Владимир облысында 56-шы бөлімнің химиялық қорғау батальонында шайқасқан. Соғыс аяқталған соң, ол 1950 жылы 9 мамырына дейін Польшада болады. Осы жылы елге оралып, соғыс жылдарынан кейін партия ұйымының хатшысы, партия комитетінің нұсқаушысы лауазымдарында жемісті қызмет етті.
Ардагер Ақжолов Шәріпбай соғыста көрсеткен ерлігі үшін 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20, 30,40,50 жылдығы», «КСРО Қарулы Күштеріне 30,50,70 жыл» мерекелік медальдарымен, сонымен қатар, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, майдан үшін, Жеңіс үшін ерлік көрсеткен майдангер Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Ардақты ардагерден үш ұл, үш қыз тарап, бүгінде өсіп-өніп отырған жайы бар.
* * *
Сонымен қатар, арамызда қалған Ұлы Отан соғысы ардагерінің бірі – Николай Моисеевич Лебединский.
Майдангер 1926 жылдың 19 желтоқсанында Семей облысында дүниеге келген. Әскери атағы – старшина. Соғысқа дейін колхозда жұмыс істеп, 1943 жылы қазан айында әскер қатарына алынып, радиотелеграфист курсын оқып шығады. Курсты тамамдаған ол 2-ші Белорус майданында 24-байланыс полкінде радист болады. Жауынгер Анкалам, Кенисберг, Нойбанденбурх жерлерінде майданда болды. Жеңіс үшін көрсеткен ерлігі үшін ардагер «Медаль за взятие Кенисберга», «Медаль за победу на Германией» наградаларына ие болады. Ол Анкалам қаласында 1945 жылы 9 мамырында соғысты аяқтап, әскери қатарында қызмет атқаруды жалғастырады. Әскери қызметін 1950 жылы аяқтап, елге оралады. Елге оралған соң, 1957 жылы Алтай өлкесінде жол жөндеу шебері, ДЭУ басшысы болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, аудандық депутаттар советінде екі рет депутат болып сайланып, тұрғындар үшін қызмет етеді. Майдангердің екі қызы, бес ұлы бар.
Марлен Тоқсейіт,
Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі
жұмылдыру бөлімшесінің басшысы