El іshі
«Бейбіт өмір мәңгі болсын!»
көлбастаулық ардагер Әлімбек Есдәулетовтің аталық тілегі осындай
Соғыс жылдары қазақ елі еңбектің ащы дәмін, заманның тауқыметін тартудай-ақ тартты. Ұлы Отан соғысына біздің ауданнан да талай ер азаматтар аттанып, сұрапыл соғыста ел мен жер үшін, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысты. Елде қалған үлкен-кіші де тылда аянбай еңбек етті. Жеңісті жақындатуда тыл ардагерлерінің де қосқан үлесі өте зор.
Бұл күндері тыл ардагерлерінің жасы – соңы сексеннің сеңгіріне, алды тоқсанның төріне таяп, қатарлары сиреп барады. Соның бірі – Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны Әлімбек Есдәулетов.
Әлімбек Шотанұлы 1937 жылы бұрынғы Орақ-балға ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа аттанып, анасы Саркүл екі баламен ауылда қалған. Майданда қолға қару алып, әкесі Отан үшін жанын құрбан қылған. Әлімбек ата бала күнінен тағдыр тауқыметін көп тартады.
-Әкем соғысқа кетіп, майданнан қайтып оралған жоқ. Анам колхозда сауыншы боп жұмыс істейтін, таңғы сағат 5-те жұмысқа кетер кезде мені темір төсекке аяғымнан байлап, қарындасымды бесікке бөлеп кететін. Анам келгенше екеуміз де байланған күйі күтіп жататынбыз. Анам жұмыстан келгенде, анама жылаймын, сөйтсем анам шыдашы бұл күндерденде өтерміз деп мені құшақтап жұбатып, жылайтын…
Балғын балалық шақтың тәтті дәмін сезінбеген ол бұғанасы қатпай жатып ауыр еңбекке араласады. Анасына көмектесу үшін 13 жасынан колхоздың қозысын баққан. Бұғанасы қатпаған жас бала жұмыстың ауырлығына қараған жоқ. Таңертең жаяулатып егістікке жететін. Күннің ыстығына қарамастан, үлкендермен бірге тапсырылған жұмысты атқаратын. Ауылда бір жылдары қызылша екті. Сол қызылшаны жинап, ас ретінде пайдаланып, күндерін көрген. Міне, ардагердің балалық шағы осындай қиын күндермен, тынымсыз еңбекпен өткен. Біз асыр салып ойнауды білген жоқпыз, – деп сол күндерді күрсіне еске алды қария.
Соғыс жылдары бүкіл адамзаттың басына түскен бір ауыр да қиын жылдар еді. Ауылдың атқамінер ер азаматтарының барлығы дерлік майданға аттанды. Ауылда қариялар, аналар мен балалар қалды. Ауылда қалған кемпір-шал, бала-шаға оқ пен лапылдаған от-жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш-қайратын жұмсады. Тылда аянбай еңбек етті. Қаншама үлкен жұмыс ауылдағы кемпір-шал, бала-шаға, әйелдердің күшімен атқарылды.
Әлімбек Шотанұлы 1954 жылы темір жолдың оқуына түсіп. Семей қаласында қызмет жасайды, қызметі ауысып туған жеріне келеді. «Сұрым» станциясында шебер боп 40 жыл табан аудармастан бір қызметте жұмыс жасайды.
-Мен Бауыржан Момышұлының қолына су құйғам, ақ батасын алғанмын, «бізге адал еңбек етіңдер, халық үшін еңбек жасаңдар»- деген сөздері әлі күнге дейін санамда сақталып қалған. Анам өмірден көп қиындықты көрді. Шүкір, анам менің оқуға түскенімді, үйленгенімді барлық қуанышымды көріп 57 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Әлімбек ата Мәрия апа екеуі 66 жыл отасып бақытты ғұмыр кешкен. Өкінішке қарай жұбайы 83 жасында өмірден озыпты. Мәрия апа өте еңбекқор кісі болған. Апаның еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған. Ардақты ана өмірге он баланы әкелген. Қазіргі таңда оның жетеуі бар. Қара шаңырақта ардагермен бірге ұлы Бибол мен келіні Жанна тұрады. Олардың бес бала-шағасы бар. Ардагердің балаларының барлығы өз алдына бір-бір шаңырақтың ұйытқысы болып, өсіп-өніп отыр. Ұл-қыздарынан немере, шөбере сүйген бақытты қария.
Ардагер бүгінде 88 жаста. Қария аталық жүрекпен бейбіт өмірдің мәңгі болуын, еліміздің аман, жұртымыздың тыныштығын тілейді. Өздері көрген тауқыметті кейінгі ұрпақ көрмесін дейді.
Ешқашан соғыс болмасын. Әр бала ата-анасымен бірге бақытты балалық шақта ғұмыр кешсін. Мына тәуелсіз елімізде бірлігіміз бен ынтымағымыз жарасып, бейбіт өмірдің қадірін білейік. Жеңіс күні құтты болсын! Отан үшін күрескен, майданда ерлік үлгісін көрсеткен батырлардың ерлігі мәңгі есте сақталады.
Жастар Тәуелсіздіктің, егемендіктің оңайлықпен келмегенін біліп өсуі керек. Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін қымбат. Бұл мереке әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін, – деп қария ақ тілегін арнады.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»