El іshі
Бас медбике
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері туралы ой толғағанда, біз әдетте ең алдымен тек қана дәрігерлердің еңбегін атап өтіп, кейде дәрігерлерге күнделікті жұмыста мықты тірек, көмекші болып жүрген медбикелер, нақты айтқанда, орта буын медицина қызметкерлерінің ерен еңбегін ескере бермейміз. Олардың да еңбегі қашанда адал. Дәрігерлермен бір сапта, иық тірестіріп бірге жүрген азаматтарды елеп-ескермеу қоғам үшін де үлкен сын.
Адам жанының арашашысы деп қадірленетін мамандықтың бірі осы – медицина қызметкерлері. Қадірін жайшылықта түсіне бермейтін біз былтырдан бері дәрігерлер мен медқызметкерлердің пандемиямен күресте олардың жұмысын күнделікті көріп жүрміз. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен антына адал, патриот қызметкерлерді де кездестірдік. Аты жаман індетпен арпалысамын деп жүріп кейбір медицина қызметкерлерінің қайтыс болып кетіп жатқандарын да көріп, естіп жүрміз. Сондықтан жалпы ақ халатты абзал жандарға деген халық құрметі мен мемлекет тарапынан бөлінетін көңіл ортаймаса екен дейміз.
Медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында мақала дайындау мақсатында біз негізінен орта буын медқызметкерлердің еңбегін көрсеткіміз келді. Осы мақсатпен аудандық орталық аурухананың қоғаммен байланыс және БАҚ маманы, әріптесіміз Гүлбақыт Жандармен хабарласқанымызда, ол аурухананың бас медбикесі Нұрғайша Сыздықбаева туралы мақала жазуға ұсыныс білдірген еді.
Нұрғайша Алғабайқызы да өз замандастары сияқты, ауылда туып-өскен. Дәлірек айтқанда, ата-аналары бұрынғы Қоғалы ауылында (қазіргі Рысбек батыр ауылының маңы) тұрған екен. Кейіннен бұл ауылдың тұрғындары жаппай Рысбек батыр, Көлтоған ауылдарына көшіріле бастаған тұста бұл отбасы аудан орталығына көшіп келеді. Содан ол Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ орта мектебін 1984 жылы бітіре салысымен медициналық училищеге оқуға түседі. Онда екі жыл оқып, жалпы медицинаның қыр-сырын үйреніп шығады. Ол тұста әрбір студент оқыған қаласында үш жыл жұмыс жасауы керек деген талап бар болатын. Қолына енді ғана дипломын алған жас маман Нұрғайша да өзі оқып, білім алған қалада үш жыл жұмыс істеген соң ауылға оралады.
Ауылға келген соң қазіргі Көлбастау ауылының азаматы Исағали Сыздықбаевпен танысып, 1989 жылы отау құрады. Сөйтіп олар 1994 жылға дейін Тараз қаласында тұрады. Отағасы жеке жұмыстармен айналысса, жас маман Нұрғайша қаладағы теміржол ауруханасында терапия бөлімінде медбике болып жұмыс істеген екен. «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы ұстанған бұл отбасы алған білімдері мен тәжірибелерін туған ауылдарына сіңіру ниетімен 1994 жылы аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына қайта көшіп келеді. Міне, содан бергі уақытта медбике Нұрғайша Алғабайқызы Жуалы аудандық орталық ауруханасында үздіксіз қызмет етіп келеді.
Алғашында ол орталық аурухананың ең жауапты бөлімдерінің бірі хирургия бөлімінде 11 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеді. Онда аға медбике болып жұмыс істейтін әріптесі әрі тәлімгері Тоты Байтоқовадан көп дүниелер үйренді. Сол тұста көмек-қолдау көрсеткен басқа да аға буын әріптестеріне Нұрғайша апайдың айтар алғысы шексіз. Жауапты бөлімде әбден тәжірибе жинақтап, ысылған ол кейіннен аурухананың қабылдау бөлімінде, емхана бөлімінде хирург дәрігердің медбикесі болып тер төгеді.
Әрине, қандай да бір жетістіктің ұзақ жылғы тәжірибе арқылы келетіні бар. Ол осы жылдар ішінде білікті медбике, өз ісінің нағыз маманы болып қалыптасып, 2019 жылы аурухана басшылығы Нұрғайша Сыздықбаеваны емхана бөлімінің бас медбикесі етіп тағайындайды. Ол бұл жауапты қызметте бір жылдай істеген соң, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап аудандық орталық аурухананың бас медбикесі болып тағайындалады.
Негізінен бас медбикенің міндетіне ауруханадағы орта буын медицина қызметкерлерінің жұмысын үйлестіріп, қадағалау, медициналық қондырғылардың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жалпы ұйымдастыру жұмыстары кіреді екен. Жалпы ауруханаға қарасты бөлімдер мен ауылдық округтердегі денсаулық сақтау мекемелерінде барлығы 432 орта буынды медқызметкер бар.
Көпбалалы отбасында өскен Нұрғайша бала кезінен-ақ дәрігер немесе медицина қызметкері болуды армандап, өзін өмірде сол арманына жеткен бақытты жан санайды. Осы жолда ол өзіне қолдау көрсеткен ата-анасына, отбасы мүшелерімен қатар, ауруханада бірге қызмет істеген С.Жұмашев, Т.Борашев, Қ.Байрамов, Ж.Мамедов, Ж.Айхожаев сынды білікті дәрігерлер мен басқа да жанашыр әріптестеріне шын жүректен алғыс айтатынын жеткізді. Саладағы ұзақ жылғы еңбегі де екерусіз емес. Аурухана басшылығының атынан және аудан әкімінің Алғысхаттары мен Құрмет грамотасына ие болған.
Мейірімді медбике, жұмысына жауапты маман Нұрғайша Алғабайқызы отағасы Исағали Сыздықбаев екеуі отбасында Талап, Әсел, Ғалымжан есімді ұлдар мен қызды тәрбиелеп, оларды жоғары оқу орындарында оқытып, бүгінде үш бірдей немере сүйіп отырған бақытты ата-апа.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»