El іshі

Қосмұрат ауылын құтты қоныс еткен

 

Бірлік – береке бастауы. Бірлік бар жерде береке де, бейбіт күн де орнайды. Ата-бабамыз аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманға» қол жеткізуіміз біздің еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың өзара бірлігі арқау болғаны шындық.  Ел бірлігі – тұтас халықтың достығы. Ал, тұрғындары түрлі ұлт өкілдерінен құралған елді мекендердің өзара ауызбіршілікте өмір кешуі мен мызғымас достығы өзгелер үшін қашанда үлгі.

Ауданымызда татулығы жарасым тапқан елді мекендер баршылық. Жетітөбе ауылдық округіне қарасты шағын Қосмұрат ауылына жасаған сапарымызда ондағы тілегі ортақ түрлі этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігінен жарасымды өмір сүрудің нышанын сезіндік. Мұнда тату-тәтті 183 тұрғын 38 үйдің түтінін түтетіп отырған жайы бар.

Елді мекенде қазақ, орыс, әзірбайжан ұлтының өкілдері тұрады. Олардың дені егін егіп, мал шаруашылығымен айналысады және үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақша дақылдарын егеді. Қосмұрат ауылының балалары іргелес Шыңбұлақ ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке барып білім алады. Ауыл тұрғындарына медициналық пунктте ақ халатты абзал жандар қызмет көрсетеді.

Ауылдық округ әкімі Рәтбек Көсембаевтың айтуынша, ауылға өткен жылы табиғи газ бен ауызсу жүйесі тартылып, көше жарығы орнатылған. Алдағы уақытта ауылдағы А.Рақышев көшесі жөнделеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, мұндағы ағын судың мәселесін шешу үшін каналдарды тазалауға қаржы бөлініп отыр екен.

Бұл елді мекенде аузы дуалы, көкірегі қазына, жас ұрпаққа айтары бар қариялары бар. Мәселен, сондай жанның бірі Тұранкүл Несіпқожақызы ауылдың анасына айналған жан. Ол осы жердің жоғын жоқтап, шешілмеген мәселелерді жеріне жеткізіп, көтеріп жүрген ардақты ана. Тек өзі үшін емес бүкіл ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін көтеріп, ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер атқарған. Қосмұрат ауылының тыныс-тіршілігі мен бірлігі осы Тұранкүл апаға аян. Апамен бүгінгі елді мекеннің бет-алысы жайында аз-кем әңгіме өрбіту үшін арнайы осы елді мекенге барған болатынбыз.

Шыңбұлақ ауылының солтүстік-шығысында орналасқан ауылда тұрғындардың бірлігі бірден аңғарылады. Бұлай деуіміздің себебі, Тұранкүл апамен жолығуды біршама уақыт күтіп қалғандықтан, көшеден өтіп жатқан тұрғындардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен жақсы қарым-қатынасын байқамасқа болмады. Ауылдың үлкені жастармен жылы шырай танытып амандасып, әзілдері жарасып, хал-жағдайларын да сұрасуда. Оның ішінде өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде сөйлеп, кішіпейілділіктерін танытуда.

Міне, осылай ауылдағы жағдайды сырттай бақылап отырғанда Тұранкүл апамен жолығатын сәт те келді. Апамыз бізді жылы қарсы алып, бірден ауылдың ынтымағы туралы әңгіме бастады.

– Осы ауылда өмір сүргенімізге 50 жыл болды. 1971 жылы Кәріқорған ауылынан осы жерге отбасымызбен көшіп келдік. Сол себепті де жас күнімнен бастап ауылдың қалай дамып, өсіп-өніп отырғандығы көз алдымда. Ауылда береке пен ынтымақ бар. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеуі өз алдына бір бөлек.

Ауылда 14 үй әзірбайжан, 9 үй орыс тұрады. Біздің «Жұмабай» шаруа қожалығында жеті адам жеті жылдан бері үзіліссіз жұмыс істейді. Оның ішінде төрт орыс ұлтының және бір әзірбайжан ұлтының өкілі бар. Біздің шаруашылығымыз өте кең. Егін және мал шаруашылығымен қатар айналысамыз. Шаруашылықта 200 бас ірі қара, 100 гектардан астам егістік жеріміз бар. Жұмысшыларға ай сайын 30, 40, 70 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Бір жұмысшымыз зейнет жасына жетіп, оған көмегімізді көрсетіп шығарып салдық. Осында күліп-ойнап жүріп, бөлінбей жұмыстарын атқаруда.

Ауыл қариялары – жастарға жол көрсетуші. Жастар болса әрдайым бірге жиналып, жақсы жағынан ауызбіршіліктерін танытады. Көршілер бір-бірінің қуанышын бөлісіп, қандай көмек керек болса да қолғабыс етеді. Әрдайым бірге жүріп, тірлігімізді бірлесіп атқарамыз. Ауыл болып жиналып, ұлттық мерекеміз Наурыз мерекесін көпшілікпен тойлаймыз.

Мен ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Ауылдың қариясы ретінде қандай жиналыс болса да, одан қалмай қатысып отырамын. Жиында міндетті түрде  ауылдың мәселесін көтеріп, шешімін тапқанша оны аяқсыз қалдырмаймыз. Соның нәтижесінде ауылға табиғи газ бен ауызсу кіргізілді. Жарық орнатылды. Шүкір, қазіргі таңда табиғи газды тұтынып отырмыз. Ал, ауызсу енді алдағы уақытта қосылатын болады. Ауылдың көпшілігі шағын жерлеріне егін егіп, күн көреді. Олар көбінесе бұршақ, ноқат, картоп егеді. Кезекпен ағын суды алып, бақшаларын суғарады.

Халыққа қарсы жүрмеу керек. Керісінше, олармен бірге бір болып, ортасында жүруіміз қажет. «Жұртшылық арасында жүргенде үнемі сабырлық танытыңдар, шыдамды болсақ, бәріне де жетеміз» деп айтып жүремін. Тату болуын, ұрыс-керіс, жанжалдың жақсылыққа апармайтындығын да ескертемін. Солай да болуы тиіс. Бір ауылда тұрған соң алакөзденбей, қайта жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігіміз берік болсын деп достыққа шақырамын, – дейді Тұранкүл апа ағынан жарылып.

Ардақты ана отбасымен ауылдағы ауылдастарына барынша көмек қолын созып, қайырымдылық істерді үнемі жасайды екен. Олар ауылға табиғи газды 10 отбасына тегін кіргізіп беріпті. Одан да бөлек, кісі ақысын жемей, адал еңбектерімен нан тапқан жұмысшыларына да көмегін көрсетіп отырады. Осылайша ауылдағы қадірменді қарияға айналған Тұранкүл апа ауылдың бірлігін көрсету үшін бізді көршісі украин ұлтының өкілі Вера Лукошоваға ертіп апарды. Апа көршісінің Ресейден келген келінімен де өз туғанындай көрісіп, жағдай сұрасты. Үйге кіргенімізде бізді жүзі жылы қарт ана күтіп алды.

Вера Лукошованың осы ауылда тұрғанына 61 жыл болыпты. Ол ауылда пошташы болып жұмыс істепті. «Мен Түлкібас ауданында туып-өсіп, осы ауылдың азаматына тұрмысқа шықтым, осында өсіп-өндім. Біз өте татумыз, бөлінбей, бір-бірімізбен үнемі араласамыз. Бір отбасымыз. Балаларым мені алып кетемін дейді. Ал, мен қазақ жерін тастап кеткім келмейді. Мен бұл ауылдан кетпеймін. Өйткені, менің Отаным – Қазақстан. Осындай татулықта өмір сүріп жатқанымыз үшін қазақ еліне алғысымды айтамын» дейді кейуана.

Қос қария бір-бірін көріп, мәз болып, күнделікті тіршіліктері жайлы әңгіме қозғап, бұрынғы күндерін еске алды. Олар бұрындары 1 мамыр – Бірлік күні барлығы көшеде серуенге шығып, әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, би билеген екен. Бір-біріне ізгі тілектерін арнап, бір сәтте ауыл ұлттар достығының әсем күйіне кенелетінге ұқсайды.

Міне, тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, еліміздің жаңа белестерін бағындыруға осындай жандардың ізгі ниеті мен берік достығы ғана жетелейді. Ендеше, бірлігі бекем Қосмұрат ауылында ұлттар достығы мәңгі сақталарына сеніміміз мол.

Айгүл Қалымханқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close