El іshі
Көше асфальтталып, қозғалыс ретке келтірілді
Аудандық газет биыл жазда аудан орталығындағы Тәуелсіздік көшесінде жүргізілген орта жөндеу басталғаннан асфальт төселгенге дейінгі аралықтағы жұмыс барысын ұдайы назарда ұстап келеді.
Аптаның екінші күні мердігер «Жарқынбек» ЖШС-нің директоры Марат Бейсенбеков тұрғындарға берген уәдесінде тұрып, көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.
Нысан басында жұмыс түске қарай қызу басталып, іңір қараңғылығына дейін жалғасты. Серіктестік жолшылары арнайы техниканың көмегімен алдын ала дайындалған көшенің 580 метріне жаңа асфальт жамылғысын төсеп шықты.
– Асфальттің төселуімен серіктестіктің шарттық міндеттемелері толық орындалды деуге болады. Дегенмен, әлі де бірсыпыра жұмыстарды атқаруымыз қажет. Суағар науаның кей тұстарын бетон ерітіндімен жалғау, жолдың екі жиегін жайластыру, көше қиылыстарын қиюластыру, жүргіншілер соқпағының ойылған тұстарын бітеу сынды жұмыстар қалып отыр. Оны күн суымай тұрып, аяқтаймыз, – дейді Марат Бейсенбеков.
Асфальт жамылғысы төселген күннің ертеңіне көшенің арғы басындағы жол қозғалысын бөгеп тұрған бетон плиталар алынып, көлік қатынасы ретке келтірілді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»