El іshі

Ақбота республикалық байқаудың жеңімпазы

 

Аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінің іргетасы 1971 жылы қаланған. Алғаш музыка мектебі болып ашылған. Өнер шаңырағы 1993 жылы №1 Балалар өнер мектебі болып қайта құрылды.

Тәжірибелі суретші Қанат Мұратаев басшылық ететін өнер мектебінде бүгінгі таңда оқу жылында 1158 бала өнердің түрлі саласын үйренуде.

Өнер мектебінде төрт бөлімде он үйірме бар. Соның ішінде көркемсурет бөлімінің өзіндік орны бар. Бұл бөлімде тәжірибелі суретшілер Қанат Жарасұлы, Біржан Амантайұлы, Ғалия Тұзақбайқызы, Исағали Иматұлы және жас мамандардан Нұржан Жарасұлы, Аида Ермаханқызы, Нұргүл Айдарханқызы, Әділет Тұрғынбайұлы, Айғаным Оразқызы, Сұңғат Тайжанұлы, Азамат Әбдікерімұлы сынды мұғалімдер сабақ береді.

Осы уақытқа дейін өнер шаңырағының талантты ұстаздары, шәкірттері туралы талай рет мақала жаздық. Әлі де жазыла береді. Бұл жолғы мақаламызға өнер мектебінің талантты шәкірттерінің бірі, үстіміздегі оқу жылы өткен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Алматы жүрегімде” атты жасөспірімдер мен жастар арасындағы республикалық байқаудың “Бейнелеу өнері” жанры бойынша Бас жүлде иегері Ақбота Евлоева арқау болып отыр.

Ақбота Затыбекқызының ұстазы – Біржан Жұмабеков.

Біржан Жұмабеков Тараз Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1992 жылдан бастап №1 Балалар өнер мектебінде мұғалім болып еңбек етіп келеді. Тәжірибелі ұстаз Тараз Қазақстан суретшілер одағының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан халқына арнап арнайы дайындаған каталогына енген. Каталогтан жуалылық суретшіге де бір бет берілген. Яғни, арнайы дайындалған еңбекке оның еңбек жолы мен туындылары еніп отыр.

-Ақботаның Өнер мектебіне келгеніне үш жылдай уақыт болды. Ақбота жауапкершілігі жоғары, салмақты, мақсатшыл әрі ашық қыз. Ақботаның жақсы көретін жанры – фентези, анимше. Сонымен бірге графикалық суреттер салғанды ұнатады. Графикалық суреттер қалам мен тущты қажет етеді.

Жалпы сурет салу өнеріне қызығатын балалар көп. Олардың біразы уақыт өте тастап кетеді. Шын қызығушылар ғана сабақтан қалмай келеді. Балалар жылдан-жылға ізденіп, еңбектеніп ашылады, – дейді Біржан Жұмабеков.

Ақбота Евлоева Бауыржан Момышұлы ауылында тұрады. Үстіміздегі оқу жылы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда 9 сыныпты бітірді.

Ақбота қазіргі уақытта оқу жылы аяқталса да өнер мектебіне баруда. Себебі, ол Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы дизайн колледжінің графикалық дизайнер факультетіне оқуға баруды мақсат етіп, дайындық үстінде.

Жас талаптың өнерге деген ықыласы ерекше. Оның республикалық байқауда бас жүлде алуына себепкер болған туындысы ғажап. Қыздың айда отырған суреті, яғни фантазиядан туындаған туынды.

Суретшінің жаратылысы ерекше болады. Олар сұлулыққа жаны құмар. Сұлулықты бағалай біледі. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі де ерекше. Айналасынан басқалар көре бермейтін сұлулықты, суретті көре білетін байқағыш келеді.

Біржан Жұмабеков айтқандай, көп бала сурет салуды жақсы көреді. Шынында да көпшілігінің суретшілік дарындылығы байқалады. Алайда әрбір дарындылықты еңбекпен, білімділікпен тәрбиелеп өсіріп отыру керек. Сонда ғана жас талап жақсы суретші болу мақсатына жетеді. Ол үшін балаға ата-ана, ұстаз тарапынан қолдау қажет.

Жалпы өнер адамы ізденбесе өмірді көруден қалады. Көзбен көріп, жүрекпен сезінгенде, таңдана білгенде, табиғатты, өмірді сүйе білгенде ғана жүректерге жететін шынайы шығарма туады.

Жас суретші Ақбота Евлованың туындылары қазірдің өзінде кісі қызығарлық еңбектер.

Ұстазы Біржан Жұмабеков пен өнер мектебінің директоры Қанат Жарасұлы Ақботаның келешегіне үлкен үміт артады. Ақбота еңбекқорлығы  мен ізденімпаздығының арқасында ұстаздарының үмітін ақтайды деген сенімдеміз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close