El іshі

Сүт өңдеу – мол табыс көзі

Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халықтың санасы еркін қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықтық. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын, мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды. Соның ішінде тәуелсіздік алғалы ғана қалыптаса бастаған, осы жолда қиындықтарды егемендікпен бірге еңсерген саланың бірі – кәсіпкерлік. Тәуелсіздік алғалы кәсіпкерлік сала қарқынды дамыды.

«Кәсібің-нәсібің» демекші, елімізде өз ісін бастаған азаматтар бүгінде айтулы жетістіктерге жетіп, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың тиімділігін көруде. Олар Тәуелсіздік жылдары өз кәсіптерін ашып, қоғамға пайдалы іспен айналысты. Алғашқы жылдары кездескен қиындықтарды еңсеріп, жүйелі жұмыс істеуге бейімделді. Оларды қолдау мақсатында Тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар заңдар қабылданған. Өйткені, ел экономикасының дамуы, әрине кәсіпкерлік саласымен тығыз байланысты.
Ауданымызда ең алғашқылардың бірі болып, есімі «Алтын кітапқа» енген марқұм Орынбасар Мешелов отбасылық кәсіппен айналысуды бастаған. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ірі шаруашылықтар тарап, жер бөліске түсіп, ұсақ агроқұрылымдар құрылды. Осы кезде отбасымен кеңесіп, шаруа қожалығын құрып, оның атын «Қосағаш» деп қойған. «Қосағаш» – мал өсірумен және егін шаруашылығымен шұғылданды. Қожалық жұмысы нәтижелі болып, мал басы артып, бірнеше отбасыны жұмыспен қамтыды.
Одан кейін жеке наубайхана ісін қолға алып, аудан тұрғындарын нанмен қамтамасыз етеді. 2008-2015 жылдары аралығында «Мешелова З.Е» жеке кәсіпкерлігін ашып, сүт өңдеу ісін қолға алады. Бүгінде сүт өңдеу цехы үлкейтіліп, «Ақмол-2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деген атауға ие болды.
Кәсіпкерге аудандық әкімдіктің қолдауымен 2,5 гектар жер берілген. Тәулігіне 25 тонна сүт өңдейтін зауыт жобасының құны 102 миллион теңгені құрайды. Оның 55 миллион теңгесі құрал-жабдықтар алуға жұмсалған. Сондай-ақ, 42 миллион теңге құрылыс жүргізуге бөлінген. Қалған қаржыға құжаттар жасалған. Кәсіпкер мемлекеттің үлкен қолдауы мен қамқорлығын сезініп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы жеңілдікпен несие алған. Банктерден алған қарыздарының өсім пайызының жартысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жабылған.
Жеке кәсіпкер Орынбасар Мешеловтың ісін бүгінде ұлдары жалғастыруда. Әке жолын жалғастырып, кәсіпорынды ұлы Әкежан Орынбасарұлы басқаруда.
– 2016 жылы жаңадан жер алынып, ғимарат соғылып, сүт өңдеу цехы ашылды, – дейді Әкежен Орынбасарұлы. – Зауыттағы жаңа қондырғылар түгелдей Болгарияда дайындалып әкелінді. Цех іске қосылған кезде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жабдықтарды сатып алуға кеткен қаржының 30 пайызы субсидия ретінде өзімізге қайтарылады. Бұл – мемлекеттің кәсіпкерлерге деген үлкен қамқорлығы болса керек.
Құрылғы сағатына 3 тонна, тәулігіне 25 тонна сүт өңдейді. Мұнда алғашқы жылдары ірімшіктің бірнеше түрі ғана жасалды. Кейіннен сүт өнімдерінің өзге түрлерін де өндіре бастадық. Қазіргі таңда сүт өнімдерінің 15 түрі, оның ішінде ірімшіктің 12 түрі шығарылады. Одан бөлек, майлылығы 72 пайыздық сары май, 30-40 пайыздық қаймақ өндіріледі.
Сондай-ақ, Түркия елінен сүт пастерлеу құрылғылары әкелінді. Ірімшік дайындалатын жаңа жабдықтар да алынды. Алдағы уақытта әкеміздің аманаты – зауыттың екінші цехын іске қосатын боламыз, – дейді кәсіпкер.
Отбасылық кәсіпті қолға алған Мешеловтар кәсібінен нәсібін тауып, өз жанұясымен қатар өзгелерге де көмек қолын созуда. Яғни, цехқа жерлестерін жұмысқа тартып, 25 адамды жұмыспен қамтуда.
Зауытқа бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 12 шаруа қожалығы, төрт жеке кәсіпкер және бір ЖШС сүт өткізеді. Жылына, яғни сүт мол болған кездері 25 тоннаға дейін, азайған уақыттарда төрт тоннаға дейін сүт қабылданады.
Тәуелсіздіктің кәсіпкерлік саласына жол ашуының тағы бір жемісі кәсіпкердің өз өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндігі болды. Республикамыздың барлық облыстары мен көршілес шет елдерге де жуалылық өнімдер жол тартты. Өзімізге белгілі жайт, көпшілік арасында Жуалы жерінің сүті мен сары майына, ірімшігіне деген сұраныс жоғары. Осы ретте, «Ақмол-2025» ЖШС-ның өнімдері Ресей еліне экспортталуда. Биыл зауыттан 30 тонна өнім экспортталған.
-Қазіргі таңда зауыттың жұмысы жолға қойылған. Өнімдерге деген сұраныс көбейді. Отбасылық кәсіптің жұмысын жандандыру, сапалы сүт өнімдерін өндіру – басты мақсатымыздың бірі. Тәуелсіздіктің арқасында өз ісімізбен айналысып, ел экономикасының дамуына үлесімізді қосып отырғанымызға қуаныштымыз.
Сүт өндіру – ол табыс көзі. Аграрлы аудан болғандықтан өңірде өнеркәсіп орындары көбеюі керек. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы біз дамуға жол бастаймыз. Жерлестеріміз де тұрақты жұмыспен қамтылып, жастар да ауылдан сыртқа кетпейтін еді деп ойлаймын.
Кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінудей сезініп келеді. Аяғынан нық тұрғанша мемлекет кәсіпкерді әрдайым қолдайды. Сол себепті, біз де еліміздің өркендеуі жолында артылған сенімнің үдесінен шыға білуіміз тиіс. Тәуелсіздік жолында жаңашылдыққа жол бастап, өз-өзіңді, өз ісіңді дамыту да алға қойылып отырған талаптардың бірі.
Ендеше, барша жерлестерімді бізге мол мүмкіндіктер берген төл Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Кәсібіміз өрге дөңгелеп, ісіміз алға баса берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болуына тілектеспін,- деп жеке кәсіпкер Әкежан Орынбасарұлы игі тілегін жеткізді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close