El іshі
Шәкірті жүлдемен оралды
Қазір білім мен ғылымның салтанат құрған ғасыры. Адамзат ойлап тапқан жаңа технологиялар күнделікті өміріміз бен тұрмысымызға елеулі әсер етіп отыр. «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп Тұңғыш Президент-Елбасы айтқандай, аудан, облыс, республика көлемін алып қарайтын болсақ, білім мен өнер байқаулары көптеп өткізіліп келеді. Бұл әлбетте, қуантарлық жағдай.
Білім мен өнер, жаңа технологияны меңгеруге арналған бәсі биік мұндай байқаулар мен олимпиадаларға жуалылық оқушылар да қатысып, олардың дені жүлдемен оралып жүр. Жақында осындай бәсі мен беделі биік байқаудың бірі Алматы қаласында өткен болатын. Дәлірек айтқанда, «Жұлдыз» атты халықаралық балалар мен жастарға арналған өнер байқауына Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Наргиза Мұратбай қатысып, бас жүлдемен оралды. Ол аталған байқаудың көркем сөз, «Биік тұрсын ар-намыс пен ақылың» деп аталатын бөлімінде 14 пен 17 жас аралығындағы үміткер оқушылардың арасынан дараланып шықты. Байқау нәтижесінде, жас талап Наргиз Мұратбай құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаеваның, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы және Мәдениет қайраткері Гүлмира Тоқтасынқызының қолы қойылған арнайы Дипломмен және кубокпен марапатталды.
Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі жетекшісі Гүлнара Ізбасарованың айтуынша, Наргиза оқуда да орта үлгеріммен оқиды екен. Сабақтан тыс бос уақыттарда өлең жазумен, бимен, ән айтумен шұғылданатын көрінеді. Айта кету керек, өткен жылы шәкірт пен жетекшісі облыстық «Инабатты ару» байқауында бас жүлдеге ие болған. Аталған облыстық сында Гүлнара Ізбасарова шәкіртімен бірге өнер көрсетіп, «Инабатты келін» номинациясын иеленді. Ұстазы мен шәкіртінің алар асауы әлі алда деп білеміз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»