El іshі
Ұлық мереке ауыл-ауылда да ерекше ұлықталды
Күн мен түн теңеліп, жер ақ тонын шешіп, төрт түліктің ауызы көкке ілінген шақта тойланатын Ұлыстың ұлы күні тарихы терең, топырағы қасиетті, киелі Бөкейтау етегінде жатқан Жетітөбе өңірінде де сән-салтанат құрды.
Наурыз-думан Кәріқорған ауылында округ әкімдігі ғимараты жанындағы алаңқайда өтті. Ұлттық киімдер киінген ақсақалдар мен аналар, бозбала мен бойжеткендер мерекенің сәнін кіргізді. Алаңқайдың бір бұрышына домбыра, қамшы, аң терісі, құрақ көрпелер, сандық-кебеже қойылған бір киіз үй тігілді. Округке қарасты Тасбастау, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Шыңбұлақ ауылдарынан жеткізілген ұлттық бұйымдар көрмеге қойылды.
Күн сәскеге таянғанда мерекеге сай безендірілген сахнада думан қызып сала берді. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Бектархан Сүлейменов ауыл тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, молшылық пен береке, саулық пен бірлік тілесе, жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев бұл мерекенің Тәуелсіздігіміздің сыйы екенін атап өтіп, бірлік пен татулықты жоғалтпай, ынтымақта өмір сүруге үндеді.
Жиылған жұртшылық өнер шеберлерінің дәстүрлі әндері мен мың бұралған билерін тамашалап, қол соғып жатты. Кезек сайысқа қатысқан ауылдардың өнерпаздарына беріліп, тұсау кесер, бесікке салу, беташар және құда түсу сынды ұлттық дәстүрлер сахналанды.
Әділқазылар алқасы жарыс жеңімпаздарын анықтап, мерекелік шараларға демеушілік еткен ауыл жастары тағайындаған ақшалай жүлделерді табыс етті.
Шараға жиылған жұртшылыққа наурызкөже мен арнайы дәм таратылып, ел ақ пен наннан ауыз тиіп, молшылыққа шүкіршілік етіп жатты.
Думан соңы арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеру, асық ату, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға ұласты.
Абылайхан СӘМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Әз Наурыз мерекесін ерекше атап өтуге аудан ауылдары да атсалысып келеді. Оның ішінен байырғы берекесін арттырып, ынтымағы мен бірлігін бекем ұстап отырған Диқан ауылын ерекше атап өтуге тиіспіз. Диқан ауылының еңбексүйгіш азаматтары бұрыннан-ақ төрт түліктің басын көбейтіп, кәсіптің көзін табу арқылы берекенің өзін тауып отыр десек, артық айтпаған болар едік. Ұлттық ат спорты саналатын көкпар ойыны да бұл ауылда өте жоғары деңгейде дамыған. Сайдың тасындай іріктелген, білекті де жүректі жігіттерден жасақталған «Диқан» командасының жеткен жетістігі өз алдына бір төбе.
Ынтымағы жарасқан Диқан ауылында бүгінде 150 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Жақында ауыл тұрғындары жиналып Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. Диқан орта мектебінің жанындағы алаңқайға шатыр тігіліп, Жамбыл, Шоқан батыр, Ыбырай Байділда көшелері дайындаған дастарқан мәзірі қойылған. Мұнда қазан көтеріліп, наурызкөже дайындалуда. Алаңның бір шетінде орналасқан алтыбақанда жастар мен балалар ойнап, мәз-мейрам.
Мереке басталмас бұрын ауыл қариялары бастап үш көшенің тұрғындары, спортшылар, көкпаршылар, одан соң №27 Диқан ОМ ұжымы дастарқан басына жайғасты. Алдымен мерекеге жиналған қауымды Қайрат ауылының қадірменді қариясы, ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым қажы Ергебеков құттықтап, ақ батасын берді. Одан соң жиналғандарды Ақсай ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков, №27 Диқан орта мектебінің директоры Майра Молдақұлова құттықтады.
Наурыз мерекесінің құрметіне орай ауыл өнерпаздары және аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары қазақи әндерден шашу шашты. Келесі кезекте Наурыз тойға арналған салт-дәстүрлер көрсетілді. Онда Жамбыл көшесінің тұрғындары бесікке салу рәсімін көрсетсе, Шоқан батыр көшесінің тұрғындары тұсау кесу салтын ұсынды. Ал, Ыбырай Байділда көшесінің тұрғындары ел ішінде ұмытылып бара жатқан тоқымқағар рәсімін қайта жаңғыртқандай болды. Наурыз мерекесі спорттық ойындарға жалғасты. Айта кету керек, Диқан ауылының тумасы Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академик-профессоры, психология ғылымдарының докторы, ауданның Құрметті азаматы Мұқан Перленбетовтың шәкіртақысы ай сайын жетістікке жеткен үш оқушыға беріліп отырады. Осы ретте Наурыз айына арналған шәкіртақыны мектеп директоры Майра Қожахметқызы тапсырды. Атап айтсақ, «Көк тудың желбірегені…» республикалық байқауының бірінші орын иегері Инабат Әбдірамбек, аудандық ғылыми жоба-байқауының және мүшәйралардың жүлдегерлері Әлмира Нұрмахан, Ақжүніс Кенжебай профессор Мұқан Әтенұлының шәкіртақысына ие болды.
Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»
Әз-Наурыз мерекесін №1 мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушылары да ерекше қарсы алып, мектеп алаңында ауқымды шара өтті. Мерекелік кешті мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльвира Үсібалиева, концертмейстер Салтанат Әжібекова және хореограф Жанна Досыбайлы ұйымдастырды. Іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар қауымы қатысты.
Мектеп алаңында киіз үй тігіліп, ұстаздар қауымы, оқушылар, ата-аналар – бәрі де ұлттық нақышта киім киіп, ерекше көңіл-күймен мерекенің басталуын күтті. Қатысушылар ауыл-ауылға бөлініп, мәре-сәре болды.
Мерекені мектеп директоры Эльмира Әбішева ашты.
– Табиғат, жер-дүниенің жаңарып, жасанатын көктем мезгілінің ұлы мерекесі – Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, пәле-жала жерге еніп, қайда барсақ та жол болсын! Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!- деді мектеп-гимназия директоры.
Мейрам биші қыздардың қазақ халқының ұлттық биімен жалғасып, 9 сыныптың ұл балалары билеген «Қара жорға» биімен ұласып, олар көпшіліктің ықыласына бөленді.
Қазақ халқы – салт-дәстүрге бай халық. Соның ішінде бесікке салу, тұсау кесу сынды тағы да басқа салт-дәстүрлері бар. Салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында мектептің 9 сынып оқушысы Әбілхан Бораштың апасы Нәзипа Момынова арнайы шақырылып, бесікке салу салтын көрсетіп берді. Нәзипа апамыз кішкентай сәби Алимансұр Әлімбекті бесікке бөлеп, жиналған қауымға салт-дәстүрді кеңінен дәріптеп көрсетті.
Қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын жасайды. Тұсау кесер дәстүрін 9 сынып оқушысы Ерсұлтан Салыбайдың апасы Сәрсенкүл Бұрханова жалғастырды. Мектебіміздің ұстазы Жанна Жантүгелдің кішкентай қызы Інжу Қуандыққызының тұсауын кесіп, тұсау кесу дәстүрін Сәрсенкүл апамыз қайта жандандырғандай болды. Сондай-ақ, мерекеде асық ойыны ойналып, мектебіміздің 3 «А» сынып оқушысы Гүлсезім Әбдіқұл «Наурыз келді!» әнін шырқады. Алаңға қазақ тілі пәнінің мұғалімі Руслан Есенаманов «Қыдыр ата» бейнесіне еніп, жиналған халыққа батасын берді.
Іс-шара барысында ортаға «Ақ ана» шығып, жиналған қауымға наурызкөжеден дәм татқызды. «Жер-ана» кейіпінде шыққан Перизат Қасаболатова керемет сөздерімен көпшіліктің көңілін баурап алғандай күйде болдық. Мереке соңы дастарқан басында ұласып, ұжымдастар наурызкөжеден дәм татып, бата берілді.
Клара Бабаханова,
№1 мектеп-гимназияның
орыс тілі пәнінің мұғалімі