El іshі
Алқаптан мол өнім алуға ниетті
Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдағы шаруақор ағайын үшін дәл қазір өте қауырт кезең. Мал баққан шаруа алдындағы төрт түлігінің амандығын тілесе, егін еккен ағайын көктен береке тілеп, егінінің бітік шыққанын қалайды. Қазір жемшөп жинау науқанымен қатар, бақшаларды суғару жұмыстары да қызу жүруде. Біз жазғы суғару маусымы туралы газетімізде бұған дейін де бірнеше мәрте жазған болатынбыз. Ал бұл жолы Б.Момышұлы ауылының шығыс жағында, дәлірек айтқанда, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автобанының бойындағы бақшалықтарға барып, диқан қауымымен сұхбаттасып келген едік.
Жеңіл көлікпен бақшалыққа жақындап, егістіктің шетіне келіп тоқтадық. Қаз-қатар орналасқан қырыққабат пен картоп алқабының арғы басында ақ көйлекті адамды байқап, жанына бардық. Жасы 35-тердегі жігіт өзін Қынабек Тағаевпын деп таныстырды. Биыл осы маңнан бір жарым гектар алқапты жалға алып, оған қырыққабат және картоп және 10 соттықтай жерге сәбіз егіпті. Ол отбасы мүшелерімен бірге күн сайын бақшалықтың басынан табылып, егілген өнімді күтіп-баптау, суғару жұмыстарын атқарады екен.
Қынабек Қарсыбекұлының отбасы бұдан бұрын Ташкент облысының Бөке, Мичурин ауылдарында тұрған екен. Әкесі колхозда жүргізуші болса, анасы үй шаруасында болған. Олар отбасында бес ұл, бір қыз өскен. Қынабек төртінші ұл. Тағаевтар отбасы 2009 жылы Қазақстанға қоныс аударады. Қынабектің ата-анасы қазіргі таңда Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Қызылсеңгір ауылында тұрады. Бауырлары да сонда. Қынабектің өзі біздің ауданға қарасты Нұрлыкент ауылына былтыр көшіп келген екен.
Содан Нұрлыкент ауылының әрбір тұрғынының диқаншылықпен айналысатынын көрген Қынабек те өз отбасымен диқаншылыққа бет бұрады. Ауылда өскен бала емес пе? Жер егіп, бақша баптаумен айналысу Қынабекке қиын болған жоқ. Аудан орталығында тұратын туыстары арқылы биыл көктемде Б.Момышұлы ауылының маңынан бір жарым гектар жерді жалға алып, оған қырыққабат, картоп, сәбіз екті. Мамыр айының аяғында қондырған қырыққабат көшеттері біртіндеп үлкейіп келеді. Әлбетте, күтімнің, қарағанның арқасында. Қынабек өз сөзінде қырыққабат егуде бұдан бұрын тәжірибесінің жоқ екенін айтады. Бұл дақылдың күтімі де өзгеше болып шықты. Суды көп қажет ететін қырыққабатты құрт-құмырсқадан да сақтау үшін бірталай тер төгуге тура келеді. Қазір олар бақшалыққа дәрі шашу жұмыстарын атқаруда. Қырыққабатты «Политрин-Дуо» препаратымен өңдесе, картопты «Тайфун» деп аталатын дәрімен өңдейді. Сонда алқапқа бақша зиянкестері жоламайды.
Алқаптың бір гектарына «Бухарест», «Ринда» сұрыпты қырыққабат көшеттері егілген. Тұқымды Қынабектің өзі Тараз қаласынан сатып әкеліп, үйінде көшет етіп шығарыпты. Шамамен 30 мыңдай көшет өндірілген. Содан мамыр айының соңғы күндерінде жас көшеттерді алқапқа әкеп отырғызған. Ал қалған жарты гектарға «Гала» деп аталатын картоп тұқымы егіліп, бапталуда.
-Жасап жатқан жұмысымыз негізінен осы. Картоптан бөлек, қырыққабаттың екі түрін еккенбіз. Соның ішінде «Ринда» тұқымы ерте пісіп, өнім береді деп күтудеміз. Шамамен тамыз айының ортасында алғашқы өнімді жинаймыз. Ал «Бухарест» тұқымы қыркүйек айында жиналады. Қазір бақшалықты суғару, арнайы препараттармен өңдеу, күтіп-баптау жұмыстары атқарылуда. Дәрі-дәрмекті, минералды тыңайтқышты облыс орталығынан сатып алып келеміз.
Бау-бақша өсіру оңай шаруа емес. Көшеттерді қондырғаннан бастап, алқаптың басында болуың қажет. Сонда ғана ойдағыдай өнім алатының анық. Қарамасаң, өнім бермейді. Көшетті қондыру жұмыстарын жұмысшы жалдап істеттік. Суғару, басқа да өңдеу жұмыстарын өзіміз атқарып жатырмыз. Еңбектің арқасында бақшадан ойдағыдай өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз. Қырыққабатқа су өте көп мөлшерде қажет. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Пісіп, жетілгенше кем дегенде 15 рет суғару қажет. 10-15 күнде бір суғарамыз. Бір айта кетерлігі, ағын судан тапшылық байқалып отыр. Осы су тапшылығы мәселесі шешілсе жақсы болар еді,- дейді диқан жігіт.
Шынында алқаптың жоғары жағындағы арықта қазір су жоқ. Қазір жазғы суғару маусымының қызған шағы екенін ескерсек, судан тапшылықтың байқалуы орынды да. Оның үстіне бақшаны әр суғарған сайын диқандарға әжептеуір қаражат жұмсауына тура келеді.
Біз бұл жөнінде Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарына хабарласып, мән-жайды сұраған едік.
-Үлкен жолдың бойындағы диқандар бау-бақша егетін жерлер біздің округке қарайды. Алқаптар негізінен сайдың суымен суғарылады. Бұрын сол сайдың бойында «Ескі ауыл» деп аталатын су каналы болған екен. Қазір бұл канал қараусыз қалып отыр. Біздің есептеуімізше, бұл маңдағы каналдың ұзындығы бір жарым шақырымды құрайды. Ауданда механикаландырылған отрядтың күшімен каналдардың тазаланып жатқаны белгілі. Сәтін салса, бұл канал осы мехотрядтың күшімен тазаланады деп күтілуде,- дейді Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Мәлік Сейтаев.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»