El іshі
Сауатты ұрпақ тәрбиелеу – заман талабы
Үштілділіктің маңыздылығын жете меңгерген оқушыларымыз өздерінің алған білімдерін өмірімен шынайы байланыстыра алса, нұр үстіне нұр болар еді. Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтап, заман талабына сай үш тілде де еркін сөйлеп, меңгеріп, жаһандану кезінде еліміздің түкпір-түкпірімен еркін сөйлесе алатындай байланыста болса, еліміздің болашағын көркейтіп, әлемге танытатыны анық.
Әлем деңгейінде жоғарғы дамыған елдердің қатарына ену үшін халқымыздың басты мақсаты көп тілдерді меңгерген сауатты ұрпақ тәрбиелеу. “Үш тілді білу – зор мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Тіл білу – шет елде адамдармен еркін пікірлесу үшін де қажет” деген Ақерке Қойшиева бүгінде Ақбастау ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
Ақерке сыр елінің тумасы. Ол 1992 жылы Сырдария ауданының Нағи Ильясов ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайрат Қойшиев күрішші болса, анасы Гүлжанат Досаева аға медбике қызметін атқарады. Арман қуған Ақерке ауылдағы №132 Т.Айтбаев атындағы қазақ орта мектептің 9 сыныбын бітіріп, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің шет тілі факультетіне түскен. Колледжді аяқтаған соң, кешенді тест тапсырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтына түсіп, екі шет тілі мамандығы бойынша 2015 жылы білім бакалавры дәрежесін алған. Елордада “Жастар тәжірибесімен” жеке оқу орталығында тәжірибеден өтіп, еңбекке араласады. Алғашқы ұстаздық еңбек жолын №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен басталады.
-Бұл мамандыққа мен жүрек қалауыммен келдім. Біз мектеп бітірген уақытта Елбасының “Үш тұғырлы тіл” саясаты насихатталып жатты. Содан кейін таңдауым осы шет тілі пәніне түсіп, қызығушылығым мамандық иесі атануға жетеледі.
Өз ана тілімді ардақтау – менің парызым. Қазақ тілдік сөздік қорым бай. Шет тілі мамандығын меңгерсем де, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді жатқа білемін. Көркемдеп, нақылдап сөйлеуді жақсы көремін. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген жақсы сөз бар емес пе?! Өзге тілде сайрасамда, ешқашан ана тіліме деген сүйіспеншілігім жоғалған емес. Қайта ана тіліммен мақтанамын, – дейді жас маман Ақерке.
Оның мақсаты – білімді әрі тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу, балалардың болашағы үшін өзге тілді ана тілге құрмет көрсету арқылы үйрету, білікті, білімді ұстаз болу.
Ол бала кезінен белсенділікті жақсы көреді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жан-жақты болуға тырысады. Бос уақытында ізденіп, шығармашылығын дамытады. Қазіргі таңда бойындағы еңбекқорлығы берілген тапсырманың үдесінен шығуға, нәтижелі орындауға септігін тигізуде. Өнерге де, спортқа да, өз пәні бойынша жарыстарға да, іс-шараларға белсенді қатысып, марапатталып жүрген жайы бар.
-Өмірде де, жұмыста да қолымнан келгенше қасымдағыларға көмектесуге әрдайым дайын тұрамын. Заманауи, жан-жақтылықты ұстаз болуды қолдаймын және балаларға сапалы білім беруге өз үлесімді қосуға тырысамын. Балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Оларға тілді меңгерту үшін сабақта түрлі әдістерді, көрнекіліктерді қолданып, сабақ өтемін. Барлығы балалардың болашағы үшін. Қазіргі жаһандану заманында балалар тілді меңгеруі керек. Жас ұрпаққа шет елде білім алуға мүмкіндік бар. Өзге елдерге саяхат жасауға, сол елдің мәдениетімен танысуға болады. Осындай кезде балалар шет елде тіл білмей қиналмауы қажет. Қазақ ұлтының баласы жан-жақты, тілді еркін меңгергенін көрсете білуі тиіс. Балалардың арманы биік. Қазіргі өскелең ұрпақтың мақсаттары тым бөлек. Заман ағымына сай бүгінде түрлі техникалар мен технологиялар нарыққа шығарылуда. Жаңа техниканың нұсқаулығы да шет тілде жазылады. Оның техникалық қауіпсіздігімен танысу үшін нұсқаулықты оқып шығу керек. Осы тұста біз шет тілімен бет-бетпе келеміз. Міне, осы секілді жағдайларда тіл білген артықтық етпейді, – дейді жас маман.
Жас маман мектептегі “Дебат” пікірсайыс клубына жетекшілік етеді. Балаларды түрлі сайыстарға дайындап, үздік төреші, оқушылары үздік спикер атанып жүр. Мектептегі 6 сыныпқа жетекшілік етіп, сыныбына жақсы тәрбие беруде. Одан бөлек, ол әріптесі Айжан Сарина екеуі технологиялық ұғымдарға байланысты авторлық бағдарлама жазған. Білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін “Қазақстанның білім беру саласының үздігі” атты төсбелгімен марапатталған. Сонымен қатар, Ақерке республикалық, облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. Мәселен, “Дарынды балаға талантты ұстаз” байқауында ІІ орын иеленсе, “Білім өркениет” ағылшын тілі пәнінің “Үздік педагогы” атты республикалық байқауының материалдар жинағына мақаласы жарияланған. “Ағылшын тілі пәнінің үздік педагогы-2020” республикалық байқауында І орынды жеңіп алған.
Ағылшын тілі пәні бойынша І Республикалық онлайн олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық ағылшын тілі пәнінен ұстаздар арасында ІІ жүлделі орыннан көрінген. Шәкірттері де ұстазының ізін жалғап, түрлі байқаулардың жеңімпазы атануда. Оқушысы Ботан Жұлдызай – Daryn.online білім беру платформасында үш тілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылған II Республикалық «Жас полиглот» олимпиадасының жүлдегері болса, Жансая Шалқарбай, Асылхан Нұрмахан “Алтын қыран – ерекше дарын иесі” зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы.
Ақерке Қайратқызы өмірлік жолдасы Бекжан Сопбеков екеуі Б.Момышұлы ауылында тұрады. Жас отбасында үйелмелі-сүйелмелі бір ұл, екі қыз өсіп келеді.
Мақсаты айқын, арманы асқақ жас маман шәкірт жүрегіне жол табу үшін қажырлы еңбек ете беруді көздейді. Ана тілді құрметтеуді балалар бойына сіңіріп, өзге тілді де үйренуге шақырады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»