El іshі
Көмек қолын созуға дайын
Б.Момышұлы ауылындағы балалар кітапханасында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауына байланысты және волонтерлік қызмет туралы түсінікті насихаттау мақсатында жастармен кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып жанашырлыққа, мейірімділікке баулу, көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дағдыландыру.
Кездесуге Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы А.Қуанышбай, №16 Жуалы колледжінен өндіріс шебері Ә.Байбазаров және колледждің ерікті жастары қатысты.
Шарада Б.Момышұлы ауылының жастар ісі нұсқаушысы Элмира Сүйінбаева волонтерлік қызмет туралы және 7 бағыты туралы айтып өтті. Ол, «Волонтерлік қызмет – халыққа көмектесуші, қоғам алдында жауапкершілігі мол адамдардың көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын соза білуі. Көбіне бұл қатарда білімгерлердің белсенділігін көп көреміз. Ерікті болу дегеніміз – риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, жақсылық жасау, төрт қабырғаға қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да әсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанына табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз»,- деді.
Келесі кезекте сөз кезегін №16 Жуалы колледжінің ұстазы Ә.Байбазаров алды. Ол жастар үнемі ізденіс үстінде болуы қажеттігі жайында және мүмкіндік болса көп тіл білу керектігі туралы кеңінен сөз қозғады.
Шарада ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысы А.Қуанышбай биылғы жыл «Еріктілер жылы» деп жариялануына байланысты осы бағытта жастармен бірлесіп, көптеген шаралар ұйымдастырып жүргендігін және жалғызілікті қарияларға үнемі көмектесетіндерін жеткізді. Сонымен қатар, волонтерлерік қызметтің жеті бағытын түсіндіріп, талдау жасады. Ауылдағы жастар атсалысатын биылғы жылға міндеттелген бірнеше жұмыстарды да атап өтті.
Кездесуге келген жастар да «Еріктілер жылы» атқаратын жұмыстары көп екендігін және қоғамдық істерде әрдайым белсенді болатындарын жеткізді.
Аудандық «Жастар
ресурстық орталығы»