El іshі
Еңбегімен ардақты
Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында көпбалалы ардақты, қадірменді қария Адрес Қаржаубаева тұрады. Құрметті тыл және еңбек ардагері қазіргі таңда 89 жаста. Өмірдің көптеген тауқыметін тартқан ардагердің бүгінде денсаулығы нашарлап, көру мен есту қабілеті төмендеп,айналасындағылардың көмегін қажет етіп отырған жайы бар.
Ардақты батыр анамен танысайық деп бөлмесіне кірген кезде бізді қуана қарсы алып, қолымыздан сүйіп, хал-жағдайымызды сұрап, ел-жұртта нендей жаңалық бар деп жаны қалмады. Адрес апаның хал-жағдайын, өмірбаянын сұрастырдық. Ол кісі негізінде Боралдай ауылдық округіне қарасты бұрынғы Алексеевка (қазіргі Көлтөған) ауылында 1931 жылы туған екен. Балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келіп, ерте есеюіне тура келеді, өйткені ауылда ерлер майданға аттанғаннан кейін, әйелдер мен балалар колхоз жұмысына араласқан.
– Соғыс басталғанда мен небәрі 10 жаста едім. Біз соғыс балалары деп атандық. Өзім сияқты қыздармен жүн түтіп, жіп иіріп, кеудеше, шұлық, қолғап тоқитынбыз. Одан қалса сиыр сауып сүт, айран жинап, сары май пісіп, майданға жіберетінбіз. Сондай-ақ, колхоздың жұмысына араласып, бидайды, шөпті белорақпен орып, қапшықтарға салып, оны ат, ешек арбаға тиеп, қоймаға таситынбыз,- деп балалық шағын есіне түсірді Адрес апа.
Адрес апа ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, білім алады. Ары қарай оқымайды. Кәмелет жасқа толмай ол жетіжылдық білімі бар жуалылық Еламан Қаржаубаевқа 1946 жылы тұрмысқа шығып, екеуі шаңырақ көтереді. Екеуі көп жылдар қолхоздың малын бағып, Бахати өзені бойында өмір сүреді. Колхоз басшылығы жоспарларын және өздері қабылдаған социалистік міндеттемелерді дер кезінде жоғары көрсеткішпен орындап отырған жас отбасына үнемі алғыс білдіріп отырады. Тәжірибелі шопандар ел ішінде беделді, абыройлы болады. Еламан ата мен Адрес апа екеуі 10 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелейді. Өкініштісі, Еламан ата осыдан 44 жыл бұрын өмірден озған. Ол кезде Адрес апа бар болғаны 45 жаста болып, жесір қалған. Отағасы өмірден озғанда тұңғышы Нұрмахан 27 –де болса, қалғандары аралары 2-3 жастан-Нұрлыбай, Нұрғали, Нұрлыбек, Нұржігіт, Айша, Қатира, Хадиша, Баян бірі есейіп, ал бірі мектепте оқып жатқан және ең кішісі Жаңакүл мектепке де бармаған екен. Ата бар кезде үш ұлы ғана отбасы құрып, үйленген. Басқа балаларды оқытып, аяқтарына нық тұрғызып, одан қалса немерелерін бағып, шөбере сүйген ана өзін «бақыттымын» деді.
– Бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, жеткіздік. Әкелері осылардың қызығын көрмей кетті ғой. Бүгінде балалар өздері ата-апа болып отыр, Аллаға шүкір!-дейді әзіз ана, құрметті әже.
10 баланың екеуі бұл өмірден озған. Нұрлыбек артында төрт баласын қалдырып кетсе, інісі Нұрғали Отан алдында борышын атқарып жүрген кезде, о дүниелік болған. Осыны айтып, қарт ана көз жасына ерік берді. Әрине, қаншама жыл өтседе, жүрегінде сызы қалып қойған.
Қазіргі таңда қария үлкен ұлы Нұрмаханнан тараған ұрпағы ұлы мен келіні, ал әжеге немере болып келетін Бауыржан Нұрмаханұлы мен келіні Нұргүл Нұрғалиқызының қолында тұрып жатыр. Бауыржан Таразда Төтенше жағдайлар саласында қызмет атқарса, ал Нұргүл Б.Майлин атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Ұстаз жұмыста екен, біз ол кісімен телефонмен хабарласқан едік.
-Біз апамызды өте жақсы көреміз. Ол кісі еті тірі, еңбексүйгіш, еңбекқор жан. Көршілер болсын, жай үйге келген кісі болсын, дастарқан жайып, шәй бермей жібермейтін, өте қонақжай, көпшіл. Біздің осы төрт баламызды да сол кісі бағып-қақты. Әсіресе, маған жұмысыма көп қолғабыс жасайтын, үй шаруамыздағы тірліктің бәрін тындырып, істеп қоятын. Ал енді, міне, қиналып қалдық. Ол кісінің көзі ауырып, глаукома деген диагноз қойды, емдеттік, ешқандай нәтиже бермеді. Көзі көрмей, құлағы естімей қалды. Енді ол кісіге барлығымыз қарап отырмыз. Әсіресе, шөберелері жақсы көреді,- деді Нұргүл Нұрғалиқызы.
Шөберелері: Аяулым-10 сыныпта оқиды, Ерқанат- 8-де, Асхат- 5-те және Ерхан 2 сыныпта оқиды екен. Әжемен суретке түсу керек екенін ести сала, олар барлығы қуанып, бір сөзге келмей әжесінің әдемі орамалын, жемпірін әкеліп, «әжетай» деп, қарияны бір сәтте киіндіріп, өздері де киіне қалып, тұра қалды. Біз балалардың осындай қарияға деген қамқорлығын, сүйіспеншілігін көріп, қуандық. Бұл осы отбасының отбасылық құндылығы, оны берік ұстап, балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беріп отырған әкесі мен анасына мың алғыс.
Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»