El іshі
Ақсайлық шаруа мал азығының жаңа түрін өсіруде
Аграрлық сала ел өміріндегі басты салалардың бірі екені даусыз. Қара жерді тиімді өңдеп, оған егін егіп, сапалы азық-түлік өнімдерін дайындап отырған да дәл осы аграрлық салада тер төгіп жүрген шаруалар. Сол себептен де ауыл шаруашылығында өнімді жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегі қашанда адал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса назар аударған мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Бұл бағытта технологиялық құралдарды қайта жабдықтауды жаңарту керек екенін айтты. Ол үшін нақты шаралар қабылданбақ?
Сонымен қатар, Ел Президенті мал шаруашылығы бойынша жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейтуді,сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егіп, оған бақылау жасау керегін айтты. Ол үшін ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану әдісін ұсынды.
Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті, экспортқа бейімделген агроөнімдердің көлемін арттыруды тапсырды. Еңбек өнімділігін екі жарым есеге, ал экспортты екі есеге көбейту міндеті қойылып отыр. Сондықтан бұл ретте негізгі сұрақтарға ерекше тоқталып өткені мәлім болды.
Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын сақтау, сондай-ақ, тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығарып, жерсіндіру жөніндегі жұмыстар аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.
Осы ретте Ақсай ауылдық округіне қарасты «Жарас» жеке шаруа қожалығы мамыр айының басында әлеуметтік желі арқылы Ресейден «Сорго суданковый гибрид Нутритор старBMR-6» мал азығының тұқымына тапсырыс беріп, алдырды. Бұл шөп біздің ауданда алғаш рет егіліп отырған жайы бар.
«Жарас» жеке шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Алғаш шаруа қожалық марқұм Сәбит Сыпатаевтың атында болған, 2017 жылы жары Нина Ешенқұлқызының атына ауысады.
«Жарас» шаруа қожалығы жұмысын бес гектар жерге арпа егуден бастаған. 2016 жылы шаруа қожалық үкіметтен несие алып, мүйізді ірі қара мал алып, айналыса бастады.
Биыл алғаш рет Ресейден алдырған мал азығына арналған шөпті ауласындағы жарты гектар жерге еккен.
-Бұл шаруашылықты құрғанымызға да 15 жылдан асып кетті. Шаруа қожалық алғаш марқұм жолдасымның атында болған. Жолдасым қайтыс болғаннан кейін, менің атыма ауысты.
Байқағанымыздай, биыл елімізде қуаңшылық байқалды. Шөптің бағасының өзі шарықтап кетті. Бір-екі рет қана болмаса, жаз бойы жауған жауынның да мөлшері аз болды. Шаруашылық негізінен мүйізді ірі қара малмен айналысады. Сол себептен бағып отырған малдардың жағдайын ойлап, ұлдарым интернет желісі арқылы қарастырып, Ресейден осындай мал азығы бар екенін көріп, өзара ақылдасып, сол мал азығының тұқымына тапсырыс берді. Бұл шөп жүгері, қант құрағы тағыда соған тектес шөптермен будандастырылып шығарылған. Бір гектарға 20 кг ұрық егіледі. Бұл шөптің құрамында қант көбірек. Сол себептенде ірі қара малбұл шөпті сабағына дейін қалдырмай жейді екен.
Бұл шөпті жерге үш-бес сантиметр тереңдікте егу қажет. Құрғашылыққа өте төзімді болып келеді. Жүгеріде бес-алты жапырақ болса, бұл жем шөпте сегіз-тоғыз немесе одан да көп болады,-дейді Нина Сыпатаева.
Қазіргі таңда шаруашылықтың барлық жұмысын Нина апайдың ұлы Мәдениет жүргізуде. Шаруа қожалықта қазіргі уақыта 30 шақты ірі қара мал бар. Соның ішінде 15 –і сауынды сиыр екен. Қалған ұсақты малдары тауда жайылымда.
Сиырды келіні Венера сауу аппаратымен сауып, аудандағы сыр зауытқа өткізеді. Келіні де өзінің жеке кәсібін ашып, шаруашылықта ірі қара мал басын көбейтуге өз үлесін қосуда.
-Бұл шөп жүгері дақылына қарағанда суды 30 пайызға аз ішеді. Биыл алғаш рет егіп отырмыз. Осы күнге дейін екі рет суғарылды. Бұл шөптің бойы 2-3 метрге дейін өседі. Егерде барлық агротехникалық талаптарды сақтап, керекті тыңайтқыштарды беріп егетін болсақ бұл шөптің бойы 3-4 метрге дейін барады.
Мал азығына арналған бұл шөп мамыр айының басында егіледі. Егер шөпті пішенге оратын болса жылына үш рет орылады. Ал егер сүрлемге болса бір рет. Өнімділігі құрғақ пішенге гектарына 15-16 тонна, ал сүрлемдікке жасыл салмақта гектарына 100 тоннаға дейін береді. Бұл шөптің тағы да бір қасиетті егер пішен шөп ретінде жинағың келсе, бойын 1-1,5 метрге дейін ғана өсіру керек екен. Биыл құрғақшылық болуына байланысты еккен шөбіміз кештеу шықты.
Мал азығына арналған шөпті алдағы он күндікте орамыз деп отырмыз.Келесі жылы бұл шөпті үш-бес гектар алқапқа ексек деген жоспар бар.Егерде осы жаңалығымызды аудандағы шаруа қожалықтары назарға алып көптеп егетін болса ауданымыздағы, қала берді облысымыздағы шөп бағасын арзандатуға септігін тигізеді деп ойлаймын -дейді шаруа қожалық иесі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»