El іshі
Перзент тілегі
Ана. Бұл үш әріптен құралған киелі де қастерлі сөз. Асыл аналарды құрметтеп, қастерлеу – әрбір перзенттің міндеті, борышы. Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Мен Аналардың мерекесі қарсаңында әуелі құдіреті күшті Алла тағалаға, екінші Анама перзенттік алғысымды жеткізгім келеді. Жарық дүние есігін ашып, өмірге әкелген асыл анашым – Рахманқұлова Санакүл Байбосынқызы төрт баланы дүниеге әкеліп, перзенттерінің әрбір атқан таңы мен батқан күнін уайымдап, түн ұйқысын төрт бөліп, әкеміз екеуі аянбай еңбек етіп, тәлім-тәрбиесін беріп осы күнге жеткізді.
Әлі есімде анама еркелеп жүріп, балалық бал күндеріміз ешқандай уайымсыз өткен екен. Дүниеде анасыз адам болмайды. Жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алған. Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Сол мейірімді асыл жандар ешқашан ауырмаса, көздеріне жас алмаса, көңілдерін мұң шалмаса екен. Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін шырылдайтын да – Ана. Қазіргі таңда өзіміз де тұрмыс құрып, балалы болдық. Анамыздың біз үшін уайым жегенін енді түсінгендеймін. Әрбір ана бақытты өмірді, тыныштықты тілейді. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, болашағының жақсы болуын қалайды.
Анамызға еркелеп жүргенде тұрмысқа шығар жасқа да жетіп қалыппын. Жат жерге, бұрын танып-білмеген әулетке келін болып түскен кезде ерімнің анасы мені өз қызындай қабылдады. Екінші анам Оңалкүл Ерсейітова тоғыз баланы тәрбиелеп өсірген батыр ана. Анамның жанынан алыстап, алғаш ақ босаға аттағанда ол кісі маңдайымнан сипап, ақыл-кеңесін айтатын. Әлі де түйінді мәселелерді көрегенділігімен шешіп отырады. Екі анамыз да өмірлерінің жартысын қиын-қыстау кезде өткізген. Ендігі Алланың берген ғұмырын бақытты, уайымсыз өткізсе деп тілеймін. Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер ананың ақ сүтінен дариды. Сондықтан Ана – ұлы адам, қасиетті жан.
«Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Аналар жайлы қандай керемет сөздер айтсақ та артық етпейді. Кейде анамыз ауырып қалса қатты уайымдаймыз. Жүрегімізді қорқыныш сезімі билейді. Аналарымыз аман болсын деп тілейік. Аналар мерекесіндегі бар ізгі тілегіміз өмірдегі ең қымбатты да ардақты жандар – қос анамызға арналады. Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүректеріңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан аялы алақандарыңыздан, «Айналайын» деп маңдайымыздан емірене сүйіп, еркелеткен үндеріңізден артық біз үшін ештеңе жоқ. Қос Анамыз, қос тілекшіміз жүздеріңізден шуақ кетпей, ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіздер.
Бақыткүл ПОЛАТОВА,
Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны