El іshі
Ұлттық спорттан аймақтық турнир өтті
Ақпан айының аяқ тұсында Б.Момышұлы ауылындағы атшабар алаңында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің және аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен жастар арасында көкпардан аймақтық іріктеу турнирі өткізілді.
Турнирдің мақсаты – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру және Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жастар арасында атқа міну мәдениетін дамыту. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Аталған аймақтық турнирге Б.Момышұлы ауылы және Ақсай, Мыңбұлақ, Шақпақ, Қарасаз, Күреңбел, Жетітөбе ауылдық округтерінен құрама командалар қатысып, бақтарын сынады. Турнирдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы сөз сөйлеп, соңғы жылдар бедерінде ұлттық ойындарымыздың мемлекеттік деңгейде ұлықталып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, ұлттық спортқа еңбегі сіңген бірқатар ардагер көкпаршылар ұлттық ойынның қызықты әрі тартысты өтуіне тілектестігін білдірді.
Жас шабандоздар арасындағы аймақтық іріктеу турниріне ұлттық спорттан Қазақстан Республикасының және көкпар федерациясының спорт шебері, үздік шабандоздарға берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері Құлажан Тоғайбаев бас төреші қызметін атқарса, тәжірибелі шабандоздар Самат Әбиір, Нұржігіт Әбдірақов, Асылхан Абдулла төреші міндеттерін атқарды.
Жуалы ауданы әкімінің кубогі үшін көкпардан өткен аймақтық турнирде жалпы ойын нәтижесі бойынша ақтық ойынға Ақсай және Күреңбел ауылдық округі жастарынан құралған құрамалар жолдама алды. Маратұлы Бейбарыс (Күреңбел ауылдық округі), Нұртай Елдар (Күреңбел ауылдық округі), Дәурен Әбдірәсіл (Ақсай ауылдық округі), Көпен Жамбыл, Жақсыбай Әлішер (Қарасаз ауылдық округі) сынды жас шабандоздар ойын барысында ерекше көзге түсіп және командалық есепте көп салымға қол жеткізді. Ақтық ойынға жолдама алған командаларға Алғысхаттар және Дипломдар табысталды.