El іshі

Дала төсі дүбірге бөленетін күн жақын

Аудан шаруалары күннің жылынуымен бірге жердің ырысты болуын тілеп отыр

Биыл да көктемгі дала жұмыстары кешеуілдеп басталғалы отыр. Оның себебі, күннің ара-тұра ашық болып, анда-санда жылт еткені болмаса, биылғы наурыз айы жауын-шашынды болды. Қыс айларында қар аз түскенімен, әзірше көктем жаңбырлы, тіпті, дәл қазір наурыз айы аяқталып, сәуірдің алғашқы күндеріне аяқ бассақ та, ауа райы бұрқасындатып, тосын мінез танытып отыр. Бір жағынан ауа райы қарлы, боранды келетін Жуалы ауданының халқы үшін табиғаттың мұндай құбылысы үйреншікті жағдай деуге болады. Мұның бәрі әрине, уақытша құбылыс. Ең бастысы, жер еміп, адал еңбекпен бейнет етіп, оның нәтижесін көргісі келетін шаруа қауымы мен ауыл тұрғындары биылғы Барыс жылының ырысты, егістік және шабындық, мал жайылымдық жерлердің өнімді болуын Жаратқаннан тілеп отырған жайы бар. Бірақ қолайсыз ауа райы шаруаларға аз ғана қолбайлау болғанымен, күн жылына бастаса, жылдағы дәстүрмен көктемгі дала жұмыстарына белсене қызу кірісуге ниетті. Бұл дәстүр – ел ырысын еселеудің негізгі алғышарты болмақ.

Наурыз мерекесінің алдында да, одан кейін де ауа райы қатты жаңбырлы болып, көктемгі дала жұмыстарын ертерек бастауға мүмкіндік берген жоқ. Шаруалар күн көзінің жылт етіп, ашылғанын күтуде. Соқасын сайлап, техникасын майлап жер жыртуға сақадай сай дайын отырған жуалылық диқандар алдағы күндері күндіз-түні тынбай еңбектенсе, белгіленген мерзім аралығында көктемгі дала жұмыстарын еңсеріп тастайтынына сеніміміз кәміл. Дала төсі дүбірге бөленетін күн жақын қалды.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құрайды. Оның ішінде, 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалысы 8 707,5 га, оның ішінде, суармалы егістігі 8 460 га). Шабындық жерлер 2 046 гектар, ал жайылым 109 439 гектар, көп жылдық екпелер 265 гектар, басқа да жерлер 2 128 гектарды құрайды.
-2022 жылдың өнімі үшін 59 079 гектар алқапқа дақылдар егу жоспарланған. Оның ішінде, 28 674 гектары арпа, 3 700 гектар көпжылдық шөп, 21 900 гектар майлы дақылдар, 2 660 гектар картоп, 710 гектарға көкөніс және бақша дақылдары, сонымен қатар, 350 гектарға дәндік жүгері, 1 100 гектарға сүрлемдік жүгері, бес гектар алқапқа танқурай мен құлпынай егіледі.
Былтыр күзде 58 674 гектарға сүдігер көтеру жұмыстары жоспарланып, оның нақты орындалуы 47 713 гектар, яғни, жоспар 81 пайызға орындалды. Биылғы жылдың өнімі үшін әзірше ағымдағы жылдың тоғызыншы наурызындағы есебімізге сәйкес, ауданға қарасты Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары ауа райының жылы күндерін тиімді пайдаланып, көктемгі дала жұмыстарын бастаған болатын. Аталған округтердегі шаруалар бүгінгі күнге 680 гектар алқапты жыртып, дайындалған 650 гектар жердің 510 гектарына тұқым сеуіп үлгерді. Ендігі кезекте басқа ауылдық округтердегі шаруа қожалықтар көктемгі дала жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын 100 пайыз дайындап, әзірше күннің жылынуын күтіп отыр. Ауа райы егіс егуге қолайлы болса, таяуда алқаптарға дән сіңіру жұмыстары басталады,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев.
Егін шаруашылығы саласында сапалы тұқымның маңызға ие екені белгілі. Биыл 28 674 гектар алқапқа егілетін жаздық арпаға қажетті 4 874 тонна тұқым толығымен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, элита сұрыптысы 110 тонна, І репродукциясы – 950 тонна, ІІ репродукциясы – 1 140 тонна және ІІІ репродукциялы тұқым – 2 674 тоннаның көлемінде. Майлы дақылдарға қажетті 440 тонна тұқым да толығымен қамтылған. Оның ішінде де элита І,ІІ,ІІІ репродукциялы тұқымдық материалдар бар. Ауданда тұқым шаруашылығы болып тіркелген «Сансызбай» шаруа қожалығы ережеге сәйкес, 20 тонна жоғары репродукциялы тұқымын ғылыми-зерттеу институттарынан алу жоспарлануда. Ағымдағы жылы 2 660 гектарға отырғызылатын картоп дақылына қажетті тұқым көлемі 7 980 тонна болса, онымен де картоп егетін шаруашылықтар толығымен қамтамасыз етіліп отыр. Аудан шаруалары кейінгі жылдары дәндік және сүрлемдік жүгері тұқымдарын егуге шындап кірісе бастады. Мұның тиімділігі көп. Биыл жүгері егетін шаруалар «Жер Агро» компаниясы өкілдерімен келісе отырып, көктем айында қажеттілікке байланысты қажетті тұқыммен қамтамасыз етіледі.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудан агроқұрылымдары мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі, барлығы 1 582 дана техника бар. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті дән сепкіштер, соқа, қопсытқыш, дән дәрілегіш және бірнеше жүк көліктері қажетті техникалық тексерістен өтіп, науқанға дайын тұр.
Үстіміздегі жылы жаңа техникалар алу жұмыстары жоспарға және шаруашылықтардың қажеттілігіне сай атқарылады. Биыл 174 техника алу жоспарда болса, жыл басынан бүгінгі күнге 69,6 миллион теңгеге 10 жаңа техника алынды. Шаруалар тарапынан қосымша жеті дана техника алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Жуалы» несие серіктестігіне құжаттар өткізілген.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында жанар-жағармайдың маңызды екені айтпаса да түсінікті. Себебі, техниканың барлығы жанармаймен қозғалады. Биыл бұл мақсатта көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметін тиісінше, «Аққайың» ЖШС атқаратын болады. Сұранысқа сай биыл ауданға 2 405 тонна жанар-жағармай бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 1 300 тонна кепілдендірілген дизель отынының ақпан айына бөлінгені 325 тонна. Әзірге оның 252 тоннасы таратылды. Жанар-жағармайдың әр литрінің бағасы 194 теңгеден шаруаларға босатылып жатыр.
Жердің ырысты, өнімнің мол алынуы ауа райының қолайлылығына да тікелей байланысты екені анық. Былтырғы қуаңшылықтың салдары ауданның бірқатар шаруаларына ауыр тигенін білеміз. Еккен егін көктемей немесе ыстықтан күйіп кетіп жатса, бұл да жерден үміт күткен шаруалар үшін едәуір ауыртпалық емей, немене?! Дегенмен, биыл арпа, бидай алқаптары артпаса, кемімейді. Бұл болжамды ауыл шаруашылығына жауапты бөлімнің мамандары да айтып отыр.
Былтырғы қуаңшылықты ескерген шаруалар биыл негізінен суды аз қажет ететін техникалық дақылдарды, сонымен бірге, картоп, көкөніс, бау-бақша дақылдарын, дәндік және сүрлемдік жүгері алқаптарын ұлғайтуға күш салмақ ниетте. Бұл үшін былтыр Ақтөбе, Ақсай, Қарасаз ауылдық округтерінде қайта қалпына келтірілген «Жарбұлақ», «Шетбұлақ», «Қайрат», «Береке» су тоғандары шаруаларға үлкен көмек болғалы тұр. Осының негізінде 600 гектарға жуық суармалы егістік алқап қайтадан айналымға қосылып отыр. Су тоғандарын қалпына келтіру жұмыстары биыл да өз жалғасын таппақ.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close