El іshі
Жалынды жас – жарқын болашақтың кепілі
Назира Байғабыл 1996 жылы ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Әкесі Есетбай көлік жүргізушісі болса, анасы Құралай мұғалім болып жұмыс жасайды. Жастайынан зерек болып өскен Назира осы ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте оқып, білім алады. 2014 жылы аталған мектепті аяқтап, Тараз қаласындағы Тараз мемелекеттік педагогикалық институтына (қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті) қазақ тілі және әдебиеті пәні мамандығы бойынша оқуға түседі. 2019 жылы аталған оқу орнын тамамдаған соң, туған ауылындағы түлеп ұшқан мектебінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен тәжірибеден өтеді.
2020 жылы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып тұрақты жұмысқа орналасады. Бүгінде №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жемісті еңбек етуде.
– «Мұғалім – мәртебелі мамандық» дегендей, бұл мамандыққа жастайымнан қызығушылық таныттым. Бала күнгі арманым десем де болады. Отбасымда анам да, ағаларым мен жеңгелерім де осы ұстаздық жолда еңбек етуде. Сондықтан болар, алғашқы ұстазыма және анам мен ағаларыма еліктеп, оларды үлгі тұтып өстім. Сонымен қатар, адам бойындағы адамгершілік, инабаттылық, ибалылық қасиеттерді жоғары бағалағандықтан, оқушыларыма да осындай ізгілікті бойына сіңіріп өсуіне барынша жұмыс жасауды көздедім. Әр оқушының өзіндік ойын ашық жеткізе алуына мүмкіндіктер жасап, ашық қоғам қалыптастырғым келеді. Ал, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтар болсам, бұл жастар үшін өте тиімді бағдарламалардың бірі. Бірінші кезекте тұрғын үй алуға мүмкіндік беріледі және бір реттік қаржылай көмегі тағы бар. Ауылға жастар келгісі келмейді деген жансақ пікірмен мүлде келіспеймін. Себебі, мектеп кезінен әр ұстаз жастардың патриоттық тәрбиесіне мән беріп, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін оята білсе, жастар ауылға көптеп тартылар еді. Шет елде жоғарғы оқу орындарынан алған білімдерін туған жерін көркейту үшін жұмсар еді, – дейді, жас маман Назира.
Жас маман Назира Байғабылдың жетістіктері де аз емес.
2020 жылы Www.nio.kz республикалық Ұлттық интернет олимпиада сайты қазақ әдебиеті пәнінен ұйымдастырған қашықтық олимпиадасынан І дәрежелі диплом, республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздар арасында өткізілген олимпиадада ІІ дәрежелі диплом, «ТАҒЫЛЫМ» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» конкурсынан «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша және халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздар арасындағы олимпиадада І дәрежелі диплом, Qaztest.kz онлайн олимпиада сайты өткізген І Республикалық «Абай әлемі және рухани мұрасы» қашықтық олимпиадасынан ІІ дәрежелі диплом, Республикалық ұстаздар арасындағы «Үздік педагог-2020» байқауына ұсынған сабағы үздік деп танылғаны үшін І орын, республикалық «Қазақ әдебиеті» Блиц-турнирінен І дәрежелі дипломдармен марапатталған.
2021 жылы «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен онлайн блиц-турнирінің І дәрежелі, Qaztest.kz онлайн олимпиада сайтында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалімдер арасындағы қашықтық және V Республикалық «Үздік жас маман» олимпиадасынан ІІІ дәрежелі дипломдарын иеленген. Сондай-ақ, мектепішілік жас мамандар және аудандық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтар байқауынан І орынды иеленген.
Одан бөлек, білім нәрімен сусындатып отырған оқушылары да олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болғанын айтпай кетсек жөн болмас.
Назира уақытты бос өткізгенді ұнатпайды. Тәтті тоқаштар, торт жасауды да әдетке айналдырған. Сабақтан қолы қалт еткенде туған күнге, түрлі мерекелерге тәтті бәліш әзірлеп, қосымша табыс тауып отыр. Өзінің айтуынша, тәтті бәліштің түр-түрін жасауды онлайн шебер сыныптарынан үйренген екен. Бұл да болса Назираның еңбекқорлығы мен ізденімпаз, жан-жақты екенінің дәлелі.
Біздің кейіпкеріміз Абай Құнанбайұлының:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретудан балаға», деген өлең шумағын өмірлік қағидасы ретінде ұстанады. Осыдан-ақ, Назира Есетбайқызының ұстаздық жолда ғана емес болашағынан да зор үміт күттіретін жас маман екенін аңғаруға болады. Ендеше, жас маманға алдағы істе және өмір жолында сәттілік тілейміз!
Мақпал Сүйінбай,
«Жаңа өмір»