El іshі

“Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан”

Әйел – отбасының ұйытқысы. Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді. Оның әрбір уақыты санаулы, әрбір күні жоспарлы. Әсіресе, ауыл әйелінің отбасы мен қызмет арасындағы қарбалас сәтін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың әр күні еңбекке толы. Өйткені, ауылдың қым-қуыт тіршілігінің басым көпшілігі әйелге тікелей байланысты. Олар отбасындағы тұрмыстық өмірімен қоса, қоғамның дамуына да өзіндік үлестерін қосуда. Мұндай ақ жаулықты аналарды біздің ауданның түкпір-түкпірінен көптеп кездестіруге болады. Күйбең тірлікпен өмір дөңгелегін ұршықша айналдырып жүрген олардың еңбегін көрсету, бағалау қашанда маңызды.

Шалғайдағы Билікөл өңіріндегі Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Жазира Мұратқызының Омаровтар әулетіне келін болып түскеніне жеті жылдың жүзі болыпты. Қазақта «түсі игіден түңілме» деген жақсы сөз бар емес пе?! Міне, Жазира да сондай жылы жүзді, күлімдеген, салмақты келіндердің бірі екен. Бізді өзіндік биязы мінезімен, қонақжайлығымен қарсы алып, сыпайылық танытты.
Ауылға сыйлы келіндердің бірі Жазира Байзақ ауданы Бурыл ауылының қызы екен. Сол ауылдағы Бурыл орта мектебінің 2010 жылғы түлегі. Әкесі Мұрат атакәсіпті қолға алып, мал шаруашылығымен айналысса, анасы Жанат ұлттық өнерді дамытып, тігіншілікті қолға алған. Жазира – үйдің үлкені. Өзінен кейін сіңілісі мен інісі бар.
Жазира қазір Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Ол жас та болса, аз уақытта тәжірибе жинақтап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарады. Мектепте балаларға білім берумен қатар бұл қызметті абыроймен алып жүргеніне де екі жыл болыпты. Жетістігі де баршылық. Жас маман республикалық «Биология» блиц-турнирінің І орын жеңімпазы, І республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының ІІ орын жүлдегері, жалпы білім беретін пәндер бойынша мұғалімдерге арналған республикалық олимпиадасының жеңімпазы және тағы басқа да жетістіктерін тізе беруге болады.
Оның айтуынша, бір аулада ағалы-інілі Ақбай мен Нартбай Омаровтар бірге тұрады екен. Жылыбұлақ ауылындағы бір қақпаның арғы жағында екі ағайындының бөлек-бөлек шаңырақтары бар. Бірақ, ауласы бір. Тату-тәтті екі ағайындының ұрпақтары ауызбіршілікте, ынтымақта өмір сүруде. Ас-ауқаты да бірге әзірленіп, үлкен бір әулеттің иелері жиі бас қосады. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дейді халық даналығында. Омаровтар әулетінің бұл бірлігі шаруаларының шалқып, бастаған істерінің алға басуына септігі тиюде. Ең бастысы, ұрпақтары бір-бірімен етене араласуда.
Ал, жолдасы Жасұлан Нартбайұлы – үйдің тұңғышы. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, үйемелі-сүйемелі іні-қарындастарымен бірге өсіп, тәрбиеленген. Қазіргі таңда бауырларын аяқтандырып, өзі қара шаңырақтың иесі атанып отыр. Сондай-ақ, «Омар» шаруа қожалығының жұмысын қолға алған. Әкесі Нартбай Омаров және анасы Мариям Омарова бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагерлер. Жасұлан Жазира екеуі Баян және Адилия есімді қыздар өсіріп отыр. Үлкендері Жылыбұлақ бастауыш мектебінде мектепалды даярлық тобында оқиды. Ал, кенжелері үш жаста екен.
-Осы әулетке келін болғаныма қуаныштымын. Ата-енем мені жылы қабылдап, өз қызындай көреді. Содан болар, бұл отбасына сіңісуім аса қиын болмады. Ата-енем көпті көрген кісілер. Олар маған ағайындылардың ауызбіршілігі қандай болатынын көрсетіп, үлкенге құрмет, кіші ізет көрсетуді үйретті. Әрине, ата-анамның берген тәрбиесін де өмірімде ұштастырып, келіндік міндетімді абыроймен атқарудамын. Жоғары оқу орнын бітірген соң, ата-анамның қолдауымен магистратураға түсіп «Жаратылыстану ғылымдары магистрі» дәрежесін алдым.
Біздің күніміз таңғы сағат 06.00-ден басталады. Ауылда табиғи газ құбыры жүргізілмегендіктен, қазақы пештің күлін тазалап, оған от жағамыз. Қорадағы сиырды сауып, таңғы ас әзірлейміз. Одан кейін ата-енеме шайын беріп, жұмысқа асығамын. Қыстың күндері үйдегі шаруа біршама азаяды. Ал, мал төлдегенде қарап отыруға болмайды. Көктем басталысымен жолдасым шаруашылықтың жұмысымен жүреді.
Біз сүтті өткізбейміз. Өзімізге құрт-қаймақ жасап, айран ұйытамыз. Бие байлап, қымыз әзірлейміз. Кейде жолдасымның шаруашылығына көмектесіп, шөпте жинаймын. Әрине, бұл тірліктің басы-қасында менімен бірге үнемі апам жүреді. Ауылдың бар жұмысын да үйреткен осы кісі. Баламызға да қарасып, үйдің шаруасына да қолғабыс етеді. Апамыз әлі тың.
Атам – көпшіл адам. Ағайын-туыстарымыз да көп. Біздің үйден қонақ үзілмейді. Атамның ағасының қолында үлкен ұлы тұрады. Ондағы абысыным Саят та мұғалім. Екеуміздің көзқарасымыз, мінезіміз бір. Содан болар, тез тіл табысып, апалы-сіңілідей болып кеткенбіз. Үйге қонақ келсе, бір-бірімізге көмектесіп, ауладағы жұмыстарды да бірге атқарамыз. Бірге ас әзірлеп, дастарқанның басында жиі бас қосамыз. Балаларымызда әрдайым екі үйдің ортасында жүреді.
Саят түрлі тәтті бәліштерді жақсы пісіреді. Ал, менің ондайға ептілігім жоқ. Дегенмен де отбасыма дәмді ас әзірлеп, ата-енемнің батасын алуға тырысамын. Үйдің шаруасы деген біте ме? Әрине, жоқ. Өмір болған соң тіршілік жасау қажет. Жұмыстың көзін тауып, уақытыңды үнемдеп, бәрін жоспарлай алсаң, бар шаруаға үлгеруге болады. Мен құт-берекелі, ынтымағы бар ауылда тұрғаныма өкінбеймін, – дейді Жазира Тәттімбетова.
Қазіргі ауыл әйелінің бейнесін қаланың қыз-келіншектерімен бірдей десе болады. Өйткені, ауылда өркендеу мен даму бар. Оларда сән салондарына барып, өздерін күтуді жақсы біледі. Жазира да сондай. Әрдайым жинақы, таза жүруді құптайды. Тіпті, темір тұлпарды тізгіндеп, екі ауылдың ортасында жүйіткіп жүреді.
Қазіргі таңда, оның үшінші перзентіне аяғы ауыр. Екінші анасындай болған енесімен бір отбасының сәнін келтіріп, әулеттің ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтауда. Заман көшінен де қалмай, ауылдың тіршілігіне үйреніп, мектептегі балалардың білім алуы мен тәрбиесіне де өзіндік үлесін қосуда.
Міне, сонау шалғайда орналасқан ауыл келіні Жазираның әр күні қызықты әрі мәнді өтуде.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close