El іshі

ауыл жастарының тілегі аяқасты қалмасын

Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектептің бұрынғы ескі ғимаратынан 2020 жылы ауыл тұрғындары балаларға спортпен шұғылданатын орын ашып берген болатын. Яғни, ғимаратты ыңғайластырып, ішіне жылу жүйесін жүргізіп, ауыл жастарының демеушілігімен спортпен шұғылданатын түрлі құралдармен қамтыған. Орталықта ринг, күреске арналған матрас, түрлі жаттығу құралдары бар. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылының тұрғындары осылай өз қамдарын өздері жасап отыр.

Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Әрі ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуде де бұл аса қажет орталық. Бүгінгі күнге дейін ауылдықтар аудан басшылығынан осы орталықты аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің балансына алып, ғимаратқа күтім жасау керектігін айтып келеді. Сонымен бірге аудандық білім бөліміне де сұраныс жасаған екен. Мұнысы – осы ғимараттан Аула клубының филиалын ашып, бір шетінен өнер үйірмелері ашылса деген тілек. Қошқараталықтар: «Біздің бұл тілегімізбен ауданның бұрынғы әкімі де, қазіргі әкімі де хабардар»,- дейді.
Бүгінгі күнге дейін бұл ғимаратты ауыл тұрғындары өздері ортадан қаржы жинап әктеп, сырлап, жылу жүйесін жүргізіп, отынын түсіріп, кезектесіп қарайлап жүр. Тұрақты жұмысшы болмаған соң, едені де бір күн жуылса, бірнеше күн жуылмайды. Бірақ оған қарап жатқан жастар жоқ. Біз орталыққа тосыннан бардық. Ғимарат іші тола жастар. Бір бөлмеде бір топ бала бокспен шұғылданып жатса, бір бөлмеде күрес үйірмесі жүріп жатыр екен. Екі үйірмеге бір-бір маманға аудан орталығындағы спорт мектебінің есебінен штат беріліп, екі маман жастарды жаттықтырып жүр.
Ауыл тұрғындарымен бокс үйірмесіне кірдік. Балалар біздің кіргенімізді байқамайды да. Рингтің жанына жиналып, ортадағы спортшылардың ойынын тамашалап тұр. Ортада ойын қызып жатыр. Рингке келесі шығатындар дайындалуда.
-Биыл отынды не істейміз? Болмаса жылу құбырларының суын төгіп, ғимаратты жауып қоямыз ба деп ойладық. Олай істейік десек жастардан обал. Амал жоқ, жабылып жатып көмір түсірдік,- дейді ауыл жастары.
Қошқараталықтардың бұл сұранысы өте орынды. Шет ауылда, бұдан басқа ауыл жастарына айналысатын ештеңе жоқ. Аудан орталығына жақын ауылдардағыдай бокс мектебі, өнер мектебі жоқ. Ал, мәдениет үйінің жұмысына көңілдері толмаған ауылдықтар, маманның жұмысын ширату қажеттігін айтуда.
Қараңызшы, бірінде барлық жағдай жасалған, бірақ жұмысты ұйымдастыра алмай отырса, бірінде жұмыс бар, бірақ жағдай жоқ.
Аудан басшылары бұл мәселемен жақсы таныс. Сондықтан аудан басшылары қошқараталықтардың сұранысына бей-жай қарамай, шешімін табуына қолдау көрсетсе дейміз.
Ауыл жастарының тілегі аяқасты қалмайтынына сенеміз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close