El іshі

Ауылға ауызсу келді

Өңірде жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауызсу мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр.
Ауызсудың сапалы болуы қай кезде де аса маңызды. Өйткені, су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Жұрттың талап-тілегі – біреу. Ол – ауызсудың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, мемлекеттік қазынадан қомақты қаражат бөлініп, ауданымыздың елді мекендерінде бағдарлы жұмыстар атқарылып жатыр.
Шалғайда жатқан Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау ауылының тұрғындары да осы мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. Округке қарасты Дарбаза, Жылыбұлақ ауылдарына ауысу құбыры ауылдың орталық көшесі арқылы тартылып, сол көшедегі аулалар ғана құбырдан су алып келді. Су ұңғымасының қуаты шектеулі болғандықтан басқа көшелердің тұрғындарына құбырдан су алуға рұқсат берілмеді.
Биылғы жыл ауыл тұрғындары үшін аз да болса қуаныш алып келді. Су ұңғымасының қуаты арттырылып, ауылдың қалған көшелеріне ауызсу құбыры жүргізілді. Тұрғындар аулаларына су кіргізіп, 1500 халқы бар ауыл толық ауызсумен қамтылды.
– Су құбыры іргемізден өтіп жатса да, қол жеткізе алмадық. Ауыл тұрғындары дән риза. Енді рахат, су үйге кіріп тұр. Керек кезінде кранды ашып ала қоямыз. Судың сапасы да жақсы. Бұл – мемлекеттік бағдарламаның арқасы, – дейді ауыл тұрғыны Шыңғысхан Аттоқыр.
– Жалпы, біздің округте төрт елдімекен бар болса, оның үшеуі таза ауызсумен қамтылып отыр. Ендігі кезекте ауызсу құбыры жоқ Әбдіқадір ауылы қалды. Ол болашақтың еншісіндегі жұмыс. Ауылға су құбырлары тартылған соң, әркімнің өз үйінің ішіне су кіргізіп алуы өз қолдарында. Сонымен қатар, әр үйге есептегіш құралы да орнатылатындықтан, үй иелері суды ысырап етпеуге, үнемдеп пайдалануға әрекет ететін болады. Бұл кімге болса да өте тиімді болмақ, – дейді Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиев.

Көркем ӘЗІМХАН,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті
журналистика мамандығының
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close