El іshі
Отан қорғаушылар отбасында тәрбиеленеді
Аудандық газетте бұған дейін де жас ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру, отаншылдық сезімді насихаттау мақсатында жас сарбаздармен сұхбаттар ұйымдастырылып, «Патриоттық тәрбие» айдарымен жарияланып тұрды. Ал, бүгін осы мақсатта «Жас сарбаз» атты жаңа айдар ашылып отыр. Жаңа айдар аясында оқырман қауымға мерзімді әскери қызметтегі және борышын өтеп келген жастар туралы мақалалар жазылатын болады. Ендеше, жаңа айдарымыздың шымылдығын Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Мадияр Ерманов ашып, алғашқы кейіпкеріміз атануда.
«Мерзімді әскери қызметім аяқталған шақта әскерді қимадым. Тәртіп пен талапқа үйреніп қалған соң, оны тастап кету маған қиын болды. Келгеніме бес-алты айдың жүзі болса да әскердегі күндерімді сағынамын» деген Мадияр қазіргі таңда Түркістан облысында «Қазстрой» компаниясында жұмыс істейді.
Мадияр көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Янгибай Құралтайұлы Алматыда құрылыс компаниясында құрылысшы болып жұмыс істейді. Анасы Замира Амантайқызы сегіз баланы дүниеге әкелген батыр ана.
Ол №29 орта мектебінің түлегі. Ауданымыздағы №16 Жуалы колледжін автомобиль жөндеу слесарі мамандығы бойынша бітірген. Оқуды аяқтаған соң «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратында іс-тәжірибеден өтеді. 2019 жылы күзгі шақырылыммен мерзімді әскери қызметке шақырылып, Көкшетау қаласындағы Ұлттық ұланның №5510 әскери бөліміне түседі.
Мамандық иесі атанып, еңбекке жаңа ғана араласқан Мадиярға әскери өмірге үйрену қиындық туғызбайды. Мінезінің ашықтығы мен жауапкершілігі ортада қалыптасып, жауынгерлік тәртібінің жақсы болуына септігі тиеді.
Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеген ол «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» атты ұран өмірлік ұстанымыз. Мен әскерден өзіме керекті нәрсені үйреніп, Отанды, отбасымды қорғауды азаматтық парызымыз екенін жақсы ұғындым. Қай кезде болса да мен Отанымды қорғауға әзірмін» дейді.
Мадияр жас сарбаздармен бірге әскери Ант қабылдап, бір айлық оқу-жаттығудан өтеді. Одан кейін жауынгерлік достарымен бірге 4-ші атқыштар ротасына жіберіледі. Жеке атқыштар ротасында 132 сарбаз болып, кезекпен күзет орнында болады.
-Ұлттық ұланның қатарына алынуым мен үшін үлкен мақтаныш. Алғашында менде күзетші боламын деген жаңсақ ой болды. Кейіннен әскери бөлімнің жұмысымен, міндеттеріммен танысқан соң, қырағылық серігім болуы керек екенін ұғындым. Ұлттық ұланның құрамындағы Атбасар қаласындағы бас бостандығынан айырылғандарды күзету қызметінде болдым. Бекетте күзетте тұрған жауынгерге қайсарлық, мұқияттылық, сергектік қажет. Күзет орнында ұйықтап қалмай, әлденеге қарамауыз қажет. Іштегі сотталғандармен сөйлесуге болмайды. Әрине, мұндай нәрсені көрмеген біз үшін психологиялық өзгеріс, күйзеліс болмауы үшін, одан арылу үшін тәрбие ісі жөніндегі орынбасары үнемі жұмыстар жүргізіп отырды. Күзетке де толыққанды отбасынан шыққан, денсаулығы жақсы сарбаздарды таңдап алды.
Бос уақытымызда ата-анамызбен сөйлесіп, жаздыгүні волейбол, футбол, шахмат, асық ойнаймыз. «Ақсауыт» әскери бағдарламасын көреміз. Көңілді тапқырлар ойыны ұйымдастырылып, сарбаздар әзілдерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Біздің ротаның командасы да ойында өнер көрсетіп, І орынды иелендік. Әзіліміз әскери өмірден алынып, көптің ойынан шықты. Сонымен қатар, компьютердің тілін жақсы меңгергенімнің арқасында қарулардың түрін ажырата аламын. Өйткені, бос уақытымда қару сақтау бөлмесінде әр сарбазға белгіленіп берілген қаруларды компьютерге енгізіп, сарбаздарға түсіндіріп отырдым. Бұл да бір үлкен тәжірибе.
Әскерден ержігітке тән тәрбие алдым. Әскер азаматтық өмірден мүлдем бөлек әлем. Дене шынықтыру және жауынгерлік сабақтар өткізілді. Әскери машықтарды үйреніп, жүктелген міндеттерді абыроймен атқардық. Бір ротада 12 қаладан келген жас сарбаздар болды. Жауынгерлік достарым менімен бірге әскери өмірдегі күндерімді өткізіп, қызықты сәттеріміз көп болды. Қазіргі таңда да олармен хабарласып, жүздесіп тұрамыз. Ал, балалық шақтағы, азаматтық өмірдегі достардың орны бөлек.
Әр сарбаздың ішінде үздік болуға ұмтыласың. Жақсы қырыңнан танылып, жүктелген міндетті дұрыс атқарып, тапсырманың үдесінен шығуың керек. Достарыңнан көмегіңді аямай, қасынан табыла білуіміз қажет. Әскери тәртіпті, бұйрықты бұзбауымыз тиіс. Әскери өмірде үйргенімізді тек Отанды қорғау үшін ғана қолданамыз. Ұлттық ұлан қатарына кіре отырып, елімізге адал қызмет етуге ант бердік. Антымызға адал болуымыз азаматтық парызымыз, міндетіміз.
Бізге взод командирі, сержант Ілияс Рақымжанов ағалық үлгі, әкелік қамқорлық көрсетті. Бекетте бірге күзетте болып, білгенімен бөлісті. Біз сондай жақсылық әрі бауырмалдық көрсеткен Ілияс ағаны үлгі тұтамыз. Жеке рота командирі Жолдасбек, Ілияс ағамен, сержанттармен хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрамын. Олар мен үшін әрқашанда қымбат жандар, – дейді Мадияр.
Ата-ана үшін баласының Отан алдындағы қасиетті борышын аман-есен өтеп келуі үлкен қуаныш. Ал, ата-анасына ұлдарының үлгілі тәртібі мен жауынгерлік шеберлігінің жақсы екенін айтып, алғыс білдірсе ол одан да асқан бақыт. Мадиярдың еңбекқорлығы мен әскери бөлімнің барлық жеке құрамында үлгілі болғаны үшін ата-анасына Алғысхат жіберілген.
Оның айтуы бойынша әскердегі сарбаздар үшін Жаңа жыл мерекесі мен әрбір сарбаздың туған күні ерекше аталып өтіледі. Полигонда көпшіліктің алдында Мадиярды да туған күнімен құттықтап, қолына 80 оқ беріп, қарумен атуға мүмкіндік берген. Оқу-жаттығуда жүрген сарбаз үшін бұл өзіне тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілген деген сөз.
«Отан отбасынан басталады» демекші, ел қорғаны, Отан қорғаушылар отбасында тәрбиеленеді. Мадияр да жанұясында алған жақсы тәлім-тәрбиесінің арқасында үздік сарбаз атанып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырған.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»