El іshі

Жеке кәсіпке бет бұрған азамат

Елімізде биылғы жылы тұңғыш рет аталып өтілген Жастар жылы аясында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынып, атқарылғаны бәрімізге белгілі. Жыл ішінде ел өңірлерінде өткізілген қоғамдық іс-шаралардан бөлек, қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі саналатын кәсіпкерлік саласына, оның ішінде шағын және орта бизнестің өркендеуіне баса көңіл бөлініп отыр. Жастар жылы аясында біздің ауданда да бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, ресми мәліметтер негізінде, биылғы жылы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 441 жас өз кәсібін ашу мақсатында тіркелген. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табатынына сенім мол.
Жастар жылына орай аудандық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» атты екі кезеңдік кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы оқыту курстарынан 100 жас, «Бастау-Бизнес» курсынан 150 жас өтіп, білім-біліктерін шыңдап, сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында жастардың қатысуымен бірқатар шаралар жүргізілді. Аудан бойынша барлығы 43 жас жылқы және ірі қара мал бағытын дамыту мақсатында 124 миллион 500 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады.
Аудан орталығымен іргелес жатқан Көкбастау ауылдық округінде де жастар арасында кәсіпкерлікке бет бұру жұмыстары қарқын алып отыр. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» демекші, округ жастары арасында өз күшімен кәсіп ашып жатқан жастардың беталысы көңіл қуантады. Сондай талапты жастың бірі – Дархан Ысмағұлов. Дархан Рахматуллаұлы 1992 жылы Кентау қаласында туған. Ол бір жасқа толғанда ата-анасы отбасымен Көктөбе ауылына қоныс аударған екен. Біздің кейіпкеріміз осындағы Көктөбе орта мектебінің түлегі. Мектепті аяқтаған соң арман қуып, Алматы қаласындағы Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжіне оқуға түседі. Оны энергетик мамандығы бойынша тамамдаған талапты жас электромеханик мамандығымен Тараз қаласындағы серіктестіктердің бірінде жұмыс істеген. Елдегі кәсіпкерліктің кең қанат жайып келе жатқанын көріп, жаңа заманның ағымымен бірге дамуды мақсат тұтқан ол тәуекелге бел буып, 2018 жылы өзінің жеке кәсіпкерлігін ашқан.
-Өткен жылы мен үшін ерекше жыл болды деуге болады. Өйткені, өз алдыма жеке кәсіпкерлігімді құрдым. «Айару» деп аталатын жеке кәсіпкерлік арқылы үйімнің ауласынан дәл осындай атпен азық-түлік дүкенін аштым. Өзім Алматы қаласында студент болып жүргенде дүкенде сатушы боп жұмыс істедім. Қазіргі таңда сонда жинаған аздаған тәжірибемнің көмегі тиіп жатыр. Жеке кәсіпкерлік арқылы дүкен ашу туралы бастамама алғашында әкемнің ағасы Болат Ысмағұлов қолдау көрсетіп, қаржылай көмек берді. Басында құжат жағынан да аздаған қиындықтар болды. Ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаевтың да көп көмегі тиді.
Дүкенімізде негізінен тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары саудаланады. Отбасылық кәсіп болған соң дүкен жұмысын жүргізуге ата-анам, келіншегім Фатима Мақсымханова көмектесіп отырады. Кәсібіміз жаман емес. Тауарларымыз өтімді. Ең басты мақсатым – тұрғындардың көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету,- дейді Дархан Рахматуллаұлы.
Осы орайда Дарханның әкесі Рахматулла аға да баласының өте еңбекқор, ойға алған ісін соңына дейін жеткізетін мақсатшыл екенін айтады. – 1993 жылы Көктөбе ауылына қоныс аударғанда үлкен балам Дархан бір жаста болатын. Өзім осындағы «Орталық» серіктестігінде слесарь, одан бөлек, мал фермасында да малшы, бұзаушы болып біраз жыл жұмыс жасадым. Одан кейінгі жылдарда Алматы қаласында құрылыс фирмаларында еңбек еттім. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында «Амангелді газ» ЖШС кен орнында вахталық әдіспен слесарь болып жұмыс істеймін. Балам жас болса да өз қатарластарының алды. Кәсіпке де бейімі бар. Отбасымызбен ақылдаса келе ауылда шағын дүкен ашқан жайымыз бар. Қандай да бір кәсіп болсын тәуекелсіз болмайды. Дархан мен келінім Фатиманың қолға алған жұмысына үнемі қолдау көрсетіп, ата-ана ретінде ақыл-кеңесімізді беріп отырамыз. Бір риза болатыным, балам Дарханның араласатын ортасы, құрбы-құрдастары да өте жақсы азаматтар. Олар да үнемі қолдап отырады. Құдайға шүкір, балам мен келінім қолға алған кәсібінің нәсібін көріп отыр. Ауыл тұрғындары да риза. Осы ретте ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігі жақсы. Көпшілік, қайырымдылық іс-шараларын бір кісінің баласындай атқарып келеді. Дархан балама: «Халыққа адал қызмет ет, ақ батасын ал» деп үнемі айтып отырамын,- дейді әкесі.
Ал Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Қыдырбаев округте жеті дүкен бар екенін, оның ішінде Дарханның «Айару» дүкені тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие екенін айтады.
Жас кәсіпкер Дархан Рахматуллаұлы отбасында Фатима Мақсымханова екеуі Айару және Әлинұр есімді бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жеке кәсіпкерлікке бет бұрған талапты жас Дарханның алғашқы бастамасы көпке үлгі боларлық.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close