El іshі
Жастар – ұлттар бірлігінің ұйытқысы
Б.Момышұлы ауылындағы №1 Балалар өнер мектебінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында «Жастар – ұлттар бірлігінің ұйытқысы» атты этнос өкілдерінің қатысуымен фестиваль өтті.
Шараның мақсаты – этнос өкілдері арасында татулық пен тұрақтылықты сақтауға, ұлттық құндылықтарды қадірлеп-қастерлеуге, Отанын құрметтеуге, өз тарихын білуге шақыру. Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің заңгер-маманы Оңдасын Жұмағали ашып, фестивальға қатысуға келген жастарды ұлттық дәстүрді сақтауға, тарихи құндылықтарға құрметпен қарауға шақырып, сәттілік тіледі. Фестивальға шешен, славян, өзбек, әзірбайжан ұлттық мәдени орталықтарының атынан жастар қатысып, өздерінің әсем әндері мен билерін көрерменге тарту етті. Славян және шешен мәдени орталықтарының төрайымдары И.Николаевна және М.Бачаева этнос жастарын мерекемен құттықтап, белсенді жастарға сәттілік тіледі.
Шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің этномәдени бірлестік жұмысын үйлестіруші маманы С.Металимова жүргізді. Фестиваль екі кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде шараға қатысушы жастар патриоттық ән айтудан жарысқа түссе, екінші кезеңде этнос өкілдері ұлттық би өнерлерін көрсетті.
Славян ұлттық мәдени орталығының өнерлі жастарының бірі Ю.Некрасова «Мой Казахстан» әнін орындаса, З.Эвлова «Туған жер» әнін, өзбек этномәдени орталығының жас әншісі С.Ормакум «Көк тудың желбірегені» әсем әнін шырқады. Шараның қорытынды кезеңінде де этнос өкілдерінің жастары өзге де өнерлерін ортаға салды. Фестиваль соңында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің заңгер маманы Оңдасын Жұмағали этнос өкілдерінің жастарын марапаттап, мекеменің атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыстады.
Судаба Металимова,
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің этномәдени бірлестік жұмысын үйлестіруші маманы