El іshі

ЖҮРЕГІ ЖОМАРТ АҒА

«Адамда екі түрлі мақсат бар, оның бірін тән мақсаты да, екіншісін жан мақсаты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсаты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсаты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді қиянат қылуды тіпті ұнатпайды» деп жазыпты Шәкәрім Құдайбердиев.

…Бұл мақала адалдық, адамгершілік деген қасиеттерді жадынан бір сәт шығармаған жанның үзік сыры.
Өмір оны еркелеткен жоқ. Әкесі Омардан ана құрсағында қалып, әкесінің інісі Ділімнің қолында тәрбиеленді. Жеті жастағы Ілиясын қия алмай анасы Жәниса ауыр науқастан көз жұмды. Оның бер жағы балалар үйі, көкаязданған шикі қара нан, қара көже. Сол бір ауыр жылдарда қара нан мен қара көже өмір мен өлімнің таразы-таласын шешті. Панасыз қалған кезінен бастап бауырына басып тәрбиелеп өсірген өз елі, өз Отаны, өкіметіміз. Ілияс өмір бойы сол Отан-ана сүтін ақтауды парыз көріп өткен адам. Туған елінің тарихын, мәдениетін көп зерттеп «Парыз» атты өсиет хат қалдырған. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп ұлы Абай айтпақшы, Ілекең секілді азамат ағаның біз ашатын қадір-қасиеті әлі ашыла бермек, табыла бермек. Қаныш Сәтбаев ағаға айтқан өз сөзін қайталасақ, «Ол өз халқының ақ сүтін ішіп, тұнығына шомылып өсті де, халық көгінде даңқ қанатын қақты».
Марқұм Ілияc Омаров әрі кең серпінді мемлекет қайраткері, терең ойлы адал да әділ әдебиет сыншысы еді. Асылы адал болу ол адамның күллі болмысына, табиғатына тән терең қасиет. Ол кісінің әрбір орын тауып айтқан сөзі өнеге, сабақ болатын. Ілекеңнің зердесі тола білім еді. Әдебиет пен көркемөнер жайында күрделі мақалалар жазып, аумақты ойлар айтып тастағанымен ол кісі өзін сыншымын деп ойламайтын. Мақтана білмейтін адам мақтағанды да ұнатпайтын. Әдебиет тіршілігінде бұрмалаушылықтың алаштың аты озғанша ауылдастың тайы озсын дейтін көзқарастар кездесе береді. Ол кісі бұндайлардың бәрінен таза адам еді. Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана айнымас, бұлжымас мейірім­діліктен ғана жаралғандай. Аза­мат арына, адамгершілікке, әді­летке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Іле­кеңдей-ақ болар. Қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін көп оқитын, қуанып оқитын. Көңілінен шықпағандарға ренішін де білдіретін. Қаламгерлермен кездескенде азырақ әзіл қоса, күлдіре отырып сынап та қоятын еді. «Жауапты қызметтерде жүретін Ілекеңе біз ұзақ жылдар бойында әдебиет пен мәдениетіміздің жанашыры, досы, тілектесі деп қарап келдік» деп еске алады әріптестері. Ол кісіні көргенде ылғи да қасына барғымыз келіп, амандасқымыз келіп тұрушы еді. Ол кісімен сөйлесу, сұрақ қою, туған інісіндей әңгімелесу, біртүрлі риясыз, өзді-өзінен болатын құбылыс еді. Бір-екі әңгімеден соң баяғыдан бері таныс адамдай болып кету оп-оңай. Арадағы жас айырымы да байқалмай терезең теңесіп жүре беретінсің. Өзіне аса қатты талап қоятын. Орасан еңбекқор адам еді. «Кең ойла, кең бол» – Ілекеңнің жақсы көрер сөз қолданысы. Қамқорлық жасауда ерекше адал, жақсылығына көзі жеткен дүниелерді аяқ-асты етпейтін. Жеке басы аса білімді азамат бола тұра сол қасиетін орынсыз байқатуға тырысушыларды онша ұнатпайтын. Оған берер жауабы: «Әуезовтен мықты емеспіз ғой, ол кісінің өзі олай дей қоймас еді» болатын. Кейінгі жылдары еркін әңгіме үстінде достары: «Ілеке, жұрт ел ағасы деп сыйлайды, бәрі дос, жолдас көреді. Сіздің дұшпандарыңыз да болған шығар» дегенге: «Менің дұшпаным – жіберген қателерім, қатемді түзеу дұшпанымды мұқатқаным» деп жауап берген екен. Сөзге бай, тілі икемді, оралымды ойы терең, құлашты алысқа сермейтін, әдемі ашық дауысымен, баппен шегелей сөйлейтін.
Сөйлегенде ағып кететін аса шешен кісі еді. Еліміздің мәдениетін, тарихын, сыр-сипатын толғағанда, екі сағат бойына сөйлегенде, арасына бір ауыз орысша сөз қоспайтын. Ілекең өзінің «Әдеби толғамдар» атты сын мақалалар жинағында сөз қадірі, ана тіліміз жөнінде үлкен мағлұмат берген екен: «Қазақ халқы аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді бекер айтпаған. Сөзді бағалау, байқап сөйлеу, байымды сөйлеу дәстүрі болу керек еді. Әр тілдің өзіндік өсіп-өну заңы бар. Өзге тілден жаңа сөз алуда қазақ халқы керенаулық жасаған жоқ.
Мені қынжылтатын нәрсе, жас драматургтердің ойқы-шойқы тілі мен соны сахнадан айту түрі. Біздің алтын ақсақалдарымыз, кәрі тарландарымыз Серке, Қапан, Елубай, Мүлік, Камал, асыл аруларымыз Сәбира, Бикен, Зәмзәгүл, Шолпан, тағы басқа осылардай өнегелі сахнапаздарымыз ауызға татымайтын жасық сөздерді жанымен емес, тілінің ұшымен ғана айтады. Көрермен олардың қанағаттанбай тұрғанын содан-ақ аңғарады. Ал, Мұқаңның, Ғабиттің асыл сөздерін олар жан-тәнімен тебіреніп айтады. Тіл мейірбандықты аса керек етеді. Қисық тілді шығарма сақау адам секілді. Жас құлаққа жаман үлгі болады. Балаң авторды үстірттікке үйретеді. Сөзді бағалау, сөзге тоқтау, сөзден мағына іздеу адамды мәдени қоректендіре түседі. Әсіресе, ана тілін білу, оның қасиетіне түсіну басты парызымыз.
Орнатқан жеріне қорғасындай құйыла қалатын орнықты сөз бар да, қурайдың басында қылп-қылп етіп ұшып кеткелі тұрған торғайдай ұшқалақ сөз бар. Құдайға шүкір, сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес. Дүниеде сөздің дертінен ауыр дерт жоқ. Сөздің шарапатынан дауалы шарапат жоқ. Өз басым ойға азық, жүрекке оты мол нұрлы сөз естісем де, құлаққа дарымайтын жұтаң сөз естісем де Мұхтар Әуезовты есіме аламын. Өйткені Мұқаңды ең алғаш сөзінен таныған, ал, сөзді ең алғаш Мұқаңнан танығанмын».
Кейде жан-жағына төгіп тұратын ғарыш шырақтарының біріндей қасиет дарыған адам екенін тұла бойыңмен сезінгендей боласың. Кезінде арқырап, дүркіреп өткен талай бастықтардың тірідегі атақ-даңқтары өздерімен бірге кетеді. Солардың ешбірінен халық зердесінде із қалмайды, ұмытылады, ескіреді. Ал, Ілекең болса бар ой-арманымен, пиғыл-ниетімен бүгінгі заманда да бізбен бірге, сырлас, пікірлес. Сонда ол кісіні өз ортасына соншалықты қымбат, қадірлі еткен қандай қасиеті еді? Ол халықтың қамы, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі болатын. Табиғатынан поэзияға өте жақын еді. Пушкин мен Абайды, Расул Ғамзатовты, Қайсын Кулиевті аузынан тастамай айтып отыратын. «Ақынның жүрегі тым нәзік, сәл нәрседен жараланғыш келеді, саф, таза поэзияны тек сергек, сезгіш, көп реттерде тіпті кінәмшіл жүрек қана туғызады» дейтінін қайтерсің. Адамгершілігінің ірілігі ғой. Ілияс өзінен гөрі өзгенің қуанышы мен бақытын көбірек қастерлеген. Достың, жолдастың жетістігін көрсе балаша қуанып, жаны жайнап, жайқалып кететін. Жақсыға қуана білу ол кісінің бойына халқының рухани байлығы мен ана сүтімен сіңген қасиет еді.
Лауазымды қызметтерде істеп жүріп те, үлкендік, менмендік онда жоқ-ты. Қай уақытта да қалжыңдасу, әзілдесу бойына етене сіңген айны­майтын дүние. Сол тәлім алар шексіз әзілінен-ақ текті, тәрбиелі, көргенді адам екенін жазбай танитын едіңіз. Тапқыр публицист, ақын адам. Тек сөзді ұйқастырушы емес, шын ақын еді. Ілияс аға өлең жазғанда шұқынып, көп ойланып бөгеліп отырмайтын. Кім-кімнен де ол кісіге барғанын, жәрдемін аямағанын еститін едік. Дос-жарандарының жағдайын үнемі қадағалап, кез келген уақытта күн демей, түн демей пайдасын тигізуді ойлайтын. Отбасы, жеке басы қарапайым, жұпыны тұрған кісі. Әйтсе де ол кісінің басында таусылмайтын қазына бар еді. Ол адамгершілік, ізгілік болатын, өмірлік мәселені жеңілдеу ойлайтын достарына ешуақытта кешірім жасамайтын. Күліп отырып, күлдіріп отырып сұлатып салатын еді. Қызметін бұлдап біреуге ақырып-жекіргенін ешкім естіген емес. Ондайларға: «Қожанасырдың есегі ғұрлы құны жоқ шіркіннің» деп отырушы еді. Серуенге, саяхатқа ерінбейтін, жарықтық. Достарының қуаныш тойы ойын-сауық, әзіл қалжыңсыз өтпейтін. Бәрі де мәде­ниетті, орынды, таза болатын. Аяқ астынан өлең шығарып, күлдіргі әңгі­мелерді таба қойып, бәрін күлкіге қарық етіп тастаушы еді. Мәжікен Бутин досына көп өлең шығарған.
Мәжікен қарны жуан барабандай,
Таң қалып көрген адам қарағандай.
Бет-аузы күн көзіне жылтырайды,
Қарны ашқан қара күшік жалағандай.
Мәжікен, туып едің кесек болып,
Адамның қатарында есеп болып.
Қартайдың осы күні әлің кетіп,
Жүресің салпаң құлақ есек болып, – деп, ары қарай созылып кете береді.
Қандай жағдайда болмасын табиғи кеңдігі, риясыз көңілімен хат арқылы болса да достарының қуаныш, ренішін бөлісу, уақыт табу таңқаларлық әдемі қасиеттерінің бірі болды.
Батыр ағамыз Бауыржан Момыш­ұлына ауруханадан былай деп хат жолдаған екен: «Әлі де оңала алмай жатырмын. Әлсізбін. Бірақ та өмір үшін күрестемін. Сенің 60-қа келгеніңе қуанып та жатырмын. Шынын айтсам, сол алпысқа қиғым келмейді. Мүмкін бойыңмен келген де шығарсың. Бірақ ойыңмен әлі жассың. Сен бастан өткізген аласапыран өмірден, қиын қыстаудан, тән жарасынан, жан жарасынан осыншама ерлікпен өту тек сенің ғана қолыңнан келеді. Жазушы атандың, тарихқа мәңгі өшпестей аяулы атыңды жаздың. Өзінің көзі тірісінде бұндай әйгілі болу тарихта кездесе бермейді. Сол себепті сені елің, халқың, одан қалды бүкіл ойлы адам баласы болып жақсы көреді, құрметтейді, қадір тұтады. Мен сені туған бауырымнан артық санаймын, дәріптеймін. Сендей азаматпен замандас болғаныма бақыттымын. Сені аса қадір тұтушы досың Ілияс Омаров. 1969 жыл».
Таңқаларлық, қызығарлық. Пен­дешілік атымен жоқ үлкен жүректен шыққан аталы сөз емес пе? Баукеңнің ара-тұра тура кетіп қалатын сөздерін ауырсынған бір құрдасы Ілекеңе: «Досысың ғой, соның мінезін жөндесеңші» дегенде: «Осы мінезі жойылған күні сендерге Бауыржан да жоқ» деп күлген екен.
Осы хабарды жазу барысында Ілияс ағамен өмір бойы қос аққудай болған сұлулық тәңірісіндей Гүлшат апама сәлем бере барғаным бар-ды. Бөлмедегі кітап сөрелерінен Мұхтар ағаның «Қараш-қарашының» бірінші бетінен «Ең жақсы жан Ілиясқа, Мұхтар Әуезов», Бауыржан ағаның «Артымызда Москва» кітабынан: «Ілияс, орамалым жолыңа, мен осы өмірден сенен бұрын кеткенімді мақсат етем. Бауыржан Момышұлы» деген арнау сөздер оқыдым. Оқыдым да ертегідей ғажайып ағалардың қолына ұстаған кітаптарын асыл дүниеге балап, маңдайыма басып тәу еттім. Ілекең қуғын-сүргінге түсіп, қызметсіз де қалып, өмірден зәккі көрген де кездері болған. Бір жылдары адамдық пендешілік пен түсініспеушіліктің салдарынан астанадан басқа облысқа қызметі төмендеп бара жатқан Ілекеңе ең жақын досы, заманымыздың заңғар қаламгері Ғабит Мүсірепов былай деген екен:
«Сен Горький жазған сұңқардай ойың жоғары, арманың жоғары, биікті шарлаған, жерде жорғалауды білмейтін адамсың. Әлденені арман ете алар адам сол арманының ең биігіне шығуды да арман етеді. Ешкім оған жете де алмайды. Ұзақ сапар жолында кездескен кедергіге қиналмауыңды, өзіңді-өзің мүжімеуіңді кеңес етер ем, буың басылмаған жассың, алайда, әр қызудың орны, уақыты бар ғой. Көп нәрсені сабыр жеңеді, шаршап, қажып, демалыссыз еңбектенетінің бар. Шаршау, болдыру деген бола­тын еді. Сол бір ескірмей жүрген шаруаң. Достарыңа еріп, бой жазып, далаға шығып қайтсаң қайтеді». Ілияс Омаровтың бойындағы бар мінезі, ісі, күлкісі, бәрі-бәрі табиғи қалпында татаусыз еді. Ол кісі қыз­меті төмендесе жүні жығылып, ажары сынып көрген жан емес. Қызметті қораштанбайтын, үлкеніне де, кішкентайына да үйлесіп, лайық бола қалатын. Ол кісі араласқанда кішкентай, болмашы қызмет те көзге үлкейіп, істейтін шаруалары көбейіп шыға келеді. Өйткені, Омаров қатардағы қарапайым көптің бірі емес, табиғат тумысынан қайраткер кісі еді.
Демек, кішігірім қызмет жоқ, тек кішкентай кісілер болады-ау, тегі.
Қазақстан көлеміндегі тарихи ескерткіштерді күту, сақтау, қалпына келтіру жөнінде дамылсыз еңбек етті. Олар – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Айша Бибі мазары, Отырар қазбалары, көптеген архитектуралық кешендер. Мәдениет министрі кезінде ол халық арасынан шыққан талант иелерін іріктеп, Мәскеу, Ленинград, Алматыдағы өнер ордаларында оқытуға атсалысты. Қатар жүрген достарының білім дәрежесін өсіре білуді азаматтық борышы көріп, әңгіме-сөзді әуелі кітапханадан бастайтын. Өзі де көп оқитын. Көп оқығандығы сонша, дүниежүзілік немесе орыс классикасының, бұрын-соңғы қазақ әдебиеті шығармаларының қай-қайсысынан болса да үзінді келтіріп, пікір таластырып отыратын еді.
«Мен оқыған затымнан ең алдымен жақсылық іздеймін, тапсам қуанамын. Ауыз толмайтын дүниелерге кездескенде өз-өзімнен орын таппай жер болатыным да бар. Қазақтың жаман қылықтарын келістіріп сынаған Абайды қазақты жек көреді деп кінәлайды. Халқының кемшілігін жоюға атсалыспайтын адам халқының досы емес. Біздің халықта ескіліктің қалдықтары, атақ, атаққұмарлық бар. Жыбырлаған өсекке тосқан құлағын жаратпаймын. Осыларды өткір тілмен мінеу, жанға батыра бетке соғу біздің міндетіміз. Гоголь, Чехов, Толстой орыс халқының дүниесінен қанша тікенек алды, қанша шаңын жуды. Ұрыса отырып, міней отырып халқын аспанға көтерді. Тәрбиеге батыл болғаннан халық кемімейді, өседі» деп отыратын. Әдемілік, сұлулық деп аталатын жарқын дүниелерді жанымен түсінді, қатты қастерледі. Ілекеңнің маңдайы жарқыраған, табиғаты да, жаны да сұлу еді. Кезінде сұлулықтың сан қыры жайлы байламдарын адамдар арасында насихаттаумен болды. Ғабеңнің «Кездеспей кеткен бір бейнесінен» сол өзі күткен ғажайып сұлу бейнені көргенде балаша қуанды. Поэмадағы Ақлиманың бар болмысы жүрегінде Мона Лизадай жазылып қалды.
Ілияс аға туған елінің төл әдебиеті, мәдениеті жайлы мол мұра қалдырды. Үш кітабы өзі көзі тірісінде, біреуі қайтыс болған соң жарық көрді. Адамдарға сергек және қамқорлықпен қарау, өмірінің соңғы күндеріне дейін шығармашылық жұмыс атқару Ілекеңді орынды беделге, құрметке бөледі. Ұлан-асыр білімдарлығының, биязы мінезінің, кең адамгершілігінің арқасында, адамдардың адами қасиеттерін бағалап, қолынан келсе аспанға көтеретін.
Бірде Қанабек Байсейітов бір мәселемен министрлікке барғанда, қабылдау бөлмесінде ілулі тұрған Темірбек Жүргеновтің портретіне көзі түсіп: «Ілеке, мынаны қалай түсінуге болады» деген екен. Сонда Омаров: «Е, Қанеке, менің министр, сіздің халық артисі болып жүргеніміз осы кісінің арқасы. Темкеңнен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы» депті. «Кейін Ілекең дүние салып, оның орнына басқа адам тағайындалып, министрлікке барғанымда Темірбек Жүргеновтің орнында натюрморт ілулі тұрғанын көріп, төбемнен тоқпақпен ұрып, жерге кіргізіп жібергендей болдым» деп Қанекең көзіне жас алатын еді.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары Ілекең отыз жасында ең бір жауапты, аса қиын қызмет, Қазақстан сауда комиссары болды. Ел-халқы көрсеткен сол сенімді абыроймен атқарып шықты. Отыз үш жасында Шығыс Қазақстан облысы обкомның бірінші хатшысы, ал 35 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып сайланды.
«Адам аз ба кісіге мәз оты жоқ,
Жақсылықсық, жағымсыз әдеті көп.
Ілекеңдей жайсаңдар келіп кетпесе,
Дүниені дүние деп қажеті жоқ.
Заман заңы жылдардан жыл еседі,
Зулай-зулай ұлғаяр күн есебі.
Сенемін мен Ілияс Омаровтың
Рухы да қазақ үшін күреседі», – деп зират басында қабырғасы қайыса жоқтаған екен Ғафу Қайырбеков ағамыз.
І.Омаров 1970 жылы 58 жасында нағыз шабыты шалқығанда дүниеден өтті. Мәдениет майданының үлкен тіреуі құлап түсті. Ауыр қаза. Ұмы­тылмас, орны оңай тола қоймас өлім. Арманды өлім. Оның шарапаты жұрттың бәріне жететін. Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қа­тарында үлкен емес бір жан-тұ­ғын. Өзі де үндемей келіп үн-түнсіз әкететін аурудың беталысын сезіп, «хаттарымды реттегім келеді» дегенді көп айтып жүрді. Біле-тұра ет-жүрек ұйыңқырамай, ананы-мынаны сылтау ете бастаған біздерге: «Қысылмай, реттей беріңдер, бауырларым, ендігі Омаров сол қағаздарда. Сол Омаровтың болашағына тілектес болыңдар» дегені бар еді. Өте ауыр халде жатып та адамдар арқылы еліміздің қауырт жағдайын білумен болды.
Кейін өз естелігінде Ғабит Мүсірепов былайша еске алады: «Ауруханаға көңілін сұрай барғанымда сөйлеу, күлу тұрмақ, жөтелуге де зар болып қалған кезі екен. Ол да, мен де бұл соңғы жүздесу екенін біліп отырдық. Бір-бірімізді қия алмай, ұзақ қоштастық. Асыл інімнің бөліп-бөліп талмаурап айтқан соңғы сөзі мынау болды: «Өмір шындығы, болмысына тура қарап үйренейік, бұл фәниден Абай да, Мұхтар да, Ахмет пен Қасым да өтті. Бұл өмір заңы. Мен еліме, халқыма барынша қызмет еткендердің бірі ғанамын. Әрине, елу сегіз жас онша көп те емес. Табиғат өз дегенін істеп отыр. Келешек жастардікі ғой. Соларға бар қазынаның қадірін жеткізіп, ел алдындағы борышқа баулып өсіруде. Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын. Туысқандықты туыстарымның арасынан ғана іздеген жан емес едім. Жаңа дүниемізге кім үндес болса соны туысқан, соны дос көруші едім. Солардың бәріне де езіліп, елжіреп, шыжылдап күйіп жатқан жүректен сәлем айт!»
Кейін сырлас, пікірлес бауырлары іздеген сәтте:
«Оралып баяғыдай ойын-күлкің,
Жарқ етіп ортамызға келсең шіркін.
Кісілік парасаттың патшасындай,
Қадірің қайран аға, өтті-ау бұл күн», – дейтін еді.
Ілияс Омаров жомарт жүрегімен, жайсаң жанымен, жақсылықтан жаралғандай сом тұлғасымен, тірі жанға өлмес, өшпес мұра тастап кеткен жан. ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыздың сөзімен айтқанда: «Сен мәңгі елессің, мәңгі тек сенің атың. Сенің атың мәңгі болса, сен де мәңгі қаласың!»
Халқымыздың біртуар ұлы, партия және кеңес қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ілияс Омаров та сондай дейміз!

Ұлжан САҒЫНДЫҚ,
Қазақ радиосының ардагері,
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты

Таңдаулы материалдар

Close