El іshі
Тәлім-тәрбиенің қайнар көзі
Жақында ұрпақ тәрбиесіне араласып, бір әулеттің ұйытқысы болып отырған диқандық Ұлбала Төртбаеваның шаңырағында болып, әңгімелескен едік.
Ұлбала апа ардагер ұстаз. Ол саналы ғұмырының 40 жылын ұстаздыққа арнап, абыройлы зейнет демалысына шыққан. Бүгінгі күні жолдасы Алтынбек Өзбеков екеуі қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған жайы бар. Қос қариямен бірге ұлдары Асхат пен келіндері Ғалия тұрады. Ұлдары әкесімен бірігіп шаруа қожалықтың ісін қолға алса, келіндері ұстаздық жолда еңбек етеді.
Берекесі мен ынтымағы бар, өзара сыйластық орнаған шаңырақта Ұлбала апа немерелерінің тәрбиесімен айналысып, келініне отбасылық өмірде жол көрсетуде.
Ардагер ұстаз көршілес Түлкібас ауданы бұрынғы Высокий ауылында туып-өскен. Анасы Күләнда көп құрсақ көтеріп, соның үшеуі ғана аман қалған екен. Ұлбала апа ауылдағы Бреусов атындағы орта мектептің 8 класын бітірген соң, Түркістан педагогикалық университетінде оқыған. Еңбек жолы Ақсу-Жабағылы елді мекеніндегі мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Диқандық жігіт Алтынбек Өзбековті кездестіріп, екеуі 1978 жылы отау құрады.
Ақ босағаны келін болып аттаған соң Ұлбала апа әрі қарай ұстаздық қызметін жалғастырып, 1992 жылға дейін бұрынғы “Октябрьдің 40 жылдығы” атындағы мектепте білім беру ісіне араласады. Одан кейін тәуелсіздік алған жылдары Диқан ауылында мектеп ашылып, ол жаңа білім ошағына ауысады.
-Тәуелсіздік алған жыл өте қиын кезең еді. Ел егемендігін алмай тұрып, оқушылар мен ұстаздарды автобус күнделікті уақтылы таситын. Кейіннен ел болып, бөлініп шыққан кезде кейде автобус болып, кейде болмай, біраз қиындыққа тап болдық. Балалардың да Қайрат ауылындағы мектепке барып-келуі қиындады.
Кейіннен алты мұғалімді жаңадан ашылған Диқан бастауыш мектебіне бөлді. Ол кезде марқұм Аралбай ағай директорлық қызметте еді. Мектептің ішіндегі жөндеу жұмыстары біткенше, ол бізге көмек қолын аямады. Мұғалімдер оқу процесін тоқтатпау үшін күндіз-түні сол жерде жүрді. Өз еңбегімізбен балаларға мектеп жасаған болатынбыз. Айтуға оңай болғанымен, есіме алсам, қандай еңбекқорлық деп таңқаламын. Ең алғаш бұл мектептен ауылдың 1986 жылғы туған азаматтары түлеп ұшты. Оңай кезең емес. Дегенмен, ұжымның ауызбіршілігінің, отбасымыздағы отағасының қолдауымен алаңсыз жұмыс істедік. Шәкірт тәрбиелеп, мектептен жақсы білім алуына үлес қостық, – дейді Ұлбала апа.
Білім беру процесінде үздіксіз қызмет еткен Ұлбала апа отбасында келіндік міндетін де атқарып, бала тәрбиесімен де айналысқан. Өмірлік серігі екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, әр қайсысын мамандық иесі атандырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Олардың тұңғыштары Нұр-Сұлтан қаласында қаржы министрлігінде қызметте болса, үлкен қыздары Ақтоты Тараз қаласында колледжде тарих, география пәнінен дәріс береді. Самал дизайнер болса, Әсел биологи маманы.
-Біз енемізбен бірге тұрдық. Жолдасынан ерте айырылған анамыз балаларын өзі жеткізді. Жақсы тәрбие берді. Ол кісіні ел арасында “аспаз апа” деп атайтын. Ауылдағы жиын-тойларда үлкен астың дайындалуын өз мойнына алатын. Асты өте дәмді әзірлейтін. Тік мінезді, шыншыл еді. Тазалық пен ұқыптылықты жақсы көретін. Немерелерін бауырына басып, тәрбиеледі. Енеміздің жақсы тәрбиесін алдық. Сол кісінің жолымен өзімнің келіндеріме де білгенімді үйретіп, немерелерімді бағып отырмыз. Үлкен немеремізді ата-әжесінің қызы дейді. Кенже ұлымның екі ұл, екі қызы бар. Үлкен немереммен бірге әжелер сайысына қатысып, жүлделі орыннан көрінген болатынбыз. Өзім ұстаз болғандықтан немерелерімнің уақтылы сабағын оқып, мектепке баруын қадағалаймын. Балаларыма ертегісін оқып беріп, кесте тігіп, тоқыма тоқуды үйретемін. Ең бірінші, еңбекке баулып, жақсы оқуы керек. Жақсы азамат болу үшін адамгершілік қасиетіңмен бірге, еңбекқорлығың мен білімділігің, жан-жақтылығың қажет. Міне, біз осыны қадағалаймыз. Балаларды ұлттық тәрбиемен тәбилеп, салт-дәстүрімізді бойына сіңіруге тырысамыз. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетуді үнемі айтып отырамыз.
Екі келініммен де татумыз. Бәріміз де пендеміз ғой. Әйтеуір бірімізде болсын бір қателік болып тұрады. Дегенмен оны бетімізге басып, айқай-шу шығармаймыз. Берекені келтіретін әйелдер. Сондықтан екеуміз тату болсақ, бақыт пен береке шаңырағымызда мәңгі орнайтынына сенемін. Келіндеріміз басынан ормал тастамайды. Сәлемін салып, тәтті-дәмдісін ұсынады. Ұқыптылығы мен тазалығы бар. Бұл біздің басты ұстанымыз, – дейді апа ағынан жарылып.
“Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан” демекші, Ұлбала апаның келіні Ғалия жеңгей анасының жақсы қырларын айтып өтті.
“Осы отбасыға келін болып келгеніме биыл 15 жыл толады. Осы уақыттқа дейін енем деп сыртқа да айтып көрмеппін. Әрдайым анам деп жүремін. Анамыз немерелерін еңбекке баулып, әрдайым ақыл кеңестерін айтып отырады. Қарапайым, шыншыл, өтірік сөйлемейді. Маған білмегенімді үйретіп, әрдайым өнегелі өсиеттерін айтып отырады. Анамыздың кішіпейілділігі мен қонақжайлығын, сабырлы қасиетін үлгі тұтамын” дейді ол.
Ардагер ұстаз білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Облыстық білім беру жүйесінде қалтқысыз еңбегі үшін және балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісі берілген.
Еңбегі еленген ардақты әже Ұлбала Шопақызы ел Тәуелсіздігінің баянды болуын, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын тілейді