El іshі
«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков, «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын анықтау үшін арнайы құрылған комиссия мүшелері және жеке кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар, «ZOOM» платформасы арқылы аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев және Сингапур елінде кәсібін дөңгелетіп отырған жерлесіміз Талғат Турумбаев қатысты.
Жиынды аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Нарымбеков ашып, алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берді.
Өздеріңізге белгілі «Жомарт жүрек» қайырымдылық саласындағы сыйлығы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен Қазақстанда қайырымдылық қызметін дамытуға үлес қосқан қайырымдылық жасаушыларды іздестіру және көтермелеу, оларға қоғамдық назар аудару мақсатында тағайындалған. «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациялары бойынша арнайы құрылған комиссия арқылы анықталды.
Аталған іріктеуде пандемияның шарықтаған кезінде халыққа қол ұшын беріп, қайырымдылық жасаған азаматтарымыздың да еңбегі ескерілді. Әрине, ұсыныс берілген әр азамат пен азаматша өзінің қажырлы еңбегі мен мейірімді істерімен жоғары бағаға лайықты болды.
Қайырымдылық шараларына біздің аудан кәсіпкерлері де белсенді қатысып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп келеді. Аудандық ауруханаға түрлі құрылғылар сыйлап, ауылдың көркеюіне, мұқтаж отбасыларға көмектескендері де бар, – деді Анар Садыққызы.
Әрі қарай марапатқа кезек беріліп, «Жыл тұлғасы» номинациясымен «Боранды» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев, «Жыл меценаты» номинациясымен Талғат Турумбаев, «Туған өлке» номинациясымен жеке кәсіпкер Мажит Сабденалиев, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «АқМол – 2025» ЖШС директоры Қуаныш Мешелов және «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясымен «Олжабай» шаруа қожалығының иесі Әсет Олжабаев марапатталып, арнайы дипломдармен қоса «Жомарт жүрек» статуэткасына ие болды.
Сонымен қатар өнегелі құндылықтарды насихаттап, отбасы мәртебесін арттыру жолында үлгілі болғаны үшін «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсының аудан бойынша бірінші орын иегері, суретші Қойшыбай Төремұратов, екінші орын алған, аудандағы №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев және үшінші орынмен ең жас отбасы Руслан Жархымбаевтың жанұясы марапатталып, бағалы сыйлықтар және гүл шоқтары табысталды.
Жиынды «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын анықтау үшін арнайы құрылған комиссия мүшесі Әсима Шекеева қорытындылап, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»