El іshі

Бақшамызға су келді!

Бауыржан Момышұлы ауылының үстіңгі бөлігіндегі сайдың табанынан шығыс жақ қабаққа жоғары тартылған арықтың бойында отырған он шақты көшеге биыл бақша суы кештеу келді.

Бұл аулалар жылда аяқ суды мамыр айының басында алып қоятын еді. Алайда, арық бағытының өзгеруі іске аздап қолбайлау болды. Бақша иелерінің талап-тілегіне дер кезінде құлақ асқан ауыл әкімі Марат Қасымбеков бюджеттен қаражат қарастырып, арықтың бағыты өзгерген тұсына қажетті 80 метр аралыққа темір құбырлар жеткізілді. Құбырлар бір-екі күнде орнатылып, аптаның алғашқы күні бақшалар су ала бастады.
Ағын судың келгеніне қуанғандардың қатарында Қайрат Рысқұлбеков көшесінің тұрғыны Төлеген Құлжабаев та бар. Ол соңғы бес-алты жылда үй іргесіндегі жердің едәуір бөлігіне құлпынай отырғызып, баптап жүр.
– Бақшамызды құдық суымен суғарып жүрдік. «Төгіп жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» дегендей, ағын судың жөні бөлек. Ол жолай бірнеше шақырым ағып, жылып келеді. Өркен жайып, түйін салып қалған жемістер салқын суды онша қабылдамайды. Мәуесі өспей, шығын болады.
Аптап ыстықта картоп та, қияр да, қызанақ пен басқа да көкөністер сусай бастап еді. Кеше кешкісін басталған жауынға қарамастан, арық суын жығып алдық. Суға қанып ішкен құлпынайдың жапырақтары бірден жазылып, түрі өзгеріп сала берді. Әйтпесе, салған түйнектері де су жетіспеушіліктен өспей, қурай бастап еді.
Биыл көктемде құлпынайдың тұқымын жаңартып, жаңа жүйекке отырғыздық. Енді қара күзге дейін гүлдеп, мәуе сала береді. Осы жүйектен жылда 50-60 келіге дейін өнім жинап жүрміз. Балаларымыздан артылғанын көршілеріміз сатып алады, – дейді бақша иесі.
Соңғы жылдары ауылдарда көршім Төлеген сияқты үй іргесіндегі жерін баптап, табыс көзіне айналдырып отырғандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close