El іshі

Мамандық – өмір таңдауы!

Диқан орта мектебінде оқушыларға мамандық таңдау, олардың негізгі түрлерін таңдау әдістері туралы білімдерін, түсініктерін кеңейте отырып мамандықтарға деген ынта-ықыласын арттыру мақсатында «Мамандық – өмір таңдауы» тақырыбында жоғарғы сынып оқушыларына «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Мамандық таңдауға септесуге арналған маңызды шараға білім шаңырағында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздар Жамалбек Боранбайұлы және Ұлбала Шопақызы, тіс дәрігері Нұргелді Өтепов, полиция қызметкері Әуесхан Әбдімомынов, аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Берік Кайпов, жеке кәсіпкер Нұрлан Сармурзин, мектеп түлегі, Көкшетау қаласы Өрт қауіпсіздігі төтенше жағдайлар комитетінің курсанты Нұрболат Анарбек, Мәскеу Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясының 4 курс курсанты Махсуд Ибраев шақырылды.
«Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек. Бірі мамандық таңдау болса, екіншісі жар таңдау». Таңдаған мамандығың – ең алдымен адамның өміріне әсер етеді. Ал Шығыстың ұлы ғұлама ғалымы әл-Фараби бабамыз:
«Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз» деген екен. Біздің таңдауымыз да әртүрлі. Біреуміз ертең ақын, біріміз инженер, енді біріміз құрылысшы, енді біріміз мұғалім болуымыз мүмкін. Мамандықтың бәрі жақсы. Әлемде мыңдаған мамандық бар. Олардың ішінен өзімізге қажеттісін қалай таңдауға болады? Біз қандай мамандықтар туралы білеміз? Мамандық таңдауда нені бағдар ретінде алуға болады? Оқушылар осы бағытта келген қонақтармен кеңінен пікірлесіп, сұхбаттаса отырып, «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында жазған эсселерін оқыды.
«Жарқын болашақтың кепілі – жаныңа жақын кәсіп таңдау» демекші, қазіргі қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын және бәсекеге қабілетті тұлға болуды талап ететіні сөзсіз.
«Кез келген қоғамда адам өмірде өз орнын табу үшін өз жанына жаққан кәсіпті меңгеріп, белгілі бір мамандық иесі болуы шарт. Ел болашағы бүгінгі өскелең ұрпақтың, яғни сендердің қолдарыңда! Мамандықты дұрыс таңдап, әрбіріңнің армандарың орындалсын» деп мектеп директоры Майра Қожахметқызы мектеп бітіруші түлектерге тілегін білдірді. Келген қонақтар өз саласының қыр-сырына тоқталды. Әр сала мамандық иелерінің өмірі мен мамандық жолдары әр оқушыға ой салды деген ойдамын.

Қаракөз Қырғызбаева,
№27 Диқан орта мектебі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close