El іshі

Каналдарды тазалау маңызға ие жұмыс: онымен бірге үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға мүмкіндік туады

Ауыл шаруашылығы – ауданның негізгі ресурсы, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Ал, “Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тиімді игеріліп жатыр ма?” деген заңды сұрақтың туындайтыны жасырын емес. Кеңестік кезеңде қолданыста болған ішкі шаруашылық каналдарының жарамсыз күйде екенін өзіміз де көріп, біліп жүрміз. Бұл мақсатта каналдарды қайта тазалап, жөндеп қолданысқа беру мәселесі маңызды. Сонда ғана игерілмей жатқан бос жерлердің басым бөлігі игерілер еді.

Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы түйінді мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.
Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.
Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет»,- деді Президент.
Ал бұл міндетті жүзеге асыруға алғышарт болатын, әрине, суармалы су көздерін тиімді пайдалану. Осыдан бірер жыл бұрын Жуалы ауданында Ақсай №1 және Көксай №11 ішкі шаруашылық каналдарын 7,7 млн. теңгеге механикаландырылған отрядпен тазалау жұмыстары жүргізіліп, 410 гектар егістік алқабы суарылатын болды.
Мысалы, Ақсай ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 6153 гектарды құрайды. Оның ішінде айдалмалы жер 4628 га, егістік жер 4581, жайылымдық жерлер 1416 га, ал шабындық 150 гектарға тең. Округте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жамбыл су қоймалары» мекемесі арқылы қаражат қарастырылып, Қайрат ауылындағы «Қайрат» су тоғаны 21 миллион теңгеге механикалық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда болжамды суғару алқабы 67,1 га, болжамды су көлемі 2500 текше метр су толтырылуда. Диқан ауылындағы «Диқан» су тоғаны 18 миллион теңгеге механикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұндағы болжамды суғару алқабы 136,2 гектар болса, болжамды су көлемі 3000 текше метр су толтырылуда. Ал осы Диқан ауылындағы «Көктал» су тоғанына біраз жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Округ аумағындағы «Ақсай» №3, №4 каналдарына 2020 жылдың шілде айында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Каналдардың жалпы ұзындығы бес шақырым, Аталған су тоғандары және каналдар арқылы барлығы 24 шаруа қожалығы жалпы көлемі 295 гектар жерді сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ал округтегі «Ғабит» шаруа қожалығының жетекшісі Ә.Дүйсалиев 20,6 гектар егістік алқабын жаңбырлатып суғару мақсатында бассейн қазды. Сонымен қатар, «Ислам» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Жұманов су тоғанының көлемін кеңейтіп, бекіту жұмыстарын жүргізген.
Ал жыл сайын ағын су тапшылығы проблемасымен бетпе-бет келетін шекаралық аймақтағы Ақтөбе ауылдық округінде суармалы су жүретін жүйелерді қайта қалпына келтіру мақсатында биыл «Мамырбай» каналы (ұзындығы 1,10 шақырым), «Жарбұлақ» (ұзындығы 1,40 шақырым) тоғанына дейінгі канал, «Қарасай» (800 метр), «Ақмолда-1», «Ақмолда-2» каналдарының жалғасы, ескі алма бақтан шығатын канал механикаландырылған отрядтың күшімен тазаланды. Аталған каналдардың ұзындықтары шамамен бір шақырымның төңірегінде. Мұнда барлығы 600 гектарға жуық егістік жер суарылатын болады.
Әлбетте, су каналдарын механикалық тазалау және механикалық жөндеуден өткізу аграрлы аудан саналатын Жуалы үшін өте маңызды. Себебі, кеңестік кезеңде осы канал суы арқылы қаншама гектар суармалы жерлер игерілді. Кейіннен тәуелсіздік алған алғашқы тоқырау жылдары әркім «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кеткен кезеңде каналдар да қараусыз қалды. Бұзылғаны бұзылды, әйтеуір жарамсыз болып қалды.
Каналдардың суармалы егістіктерді сумен қамтамасыз етуден бөлек, ауыл тұрғындарына үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалануға да мүмкіндік бермек. Сондықтан аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастамасымен биыл бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, бүгінде аудан көлемінде каналдарды механикалық тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов айтып берді.
-Егістік алқаптарды суландыру, үй іргесіндегі жерлерге ағын су жеткізу ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен маңызға ие жұмыс. Өйткені, алқаптарға жеткілікті мөлшерде су бармаса, одан ойдағыдай өнім де ала алмайтының анық. Осыған байланысты биыл аудан әкімі Олжас Есалханұлының бастамасымен каналдарды механикалық тазалау жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Бұл жұмыстарды атқару үшін аудандық бюджеттен 33 миллион қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне отырғызылады. Бұл бөлім оны «Жуалы-Су» кәсіпорнына аударып, каналдарды механикалық тазалау жұмыстарын аталған мекеме атқарады деп жоспарлануда. Тазалау жұмыстарына қажетті арнайы экскаватор «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алынып, «Жуалы-Су» кәсіпорнына беріліп отыр,- дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауданда барлығы 11 канал механикалық отрядтың күшімен тазаланбақшы. Атап айтқанда, Көкбастау ауылдық округінде «Бектеміс», Қызыларықта «Красновский» және «Мамырбай», Қошқаратада «Қошқарата», Шақпақта «Байсейіт», Жетітөбеде «Қосмұрат», Қарасазда «Көктас», «Жұрымбай», ал Боралдай ауылдық округінде «Ертай» және «Шіркей» су каналдары тазаланады. Мұның бәрі негізінен ішкі шаруашылық каналдары саналады. Иә, бұл ретте қаншама ауыл тұрғынының ауласына су жеткізілетінін баса айтқан жөн. Бұл өз кезегінде үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға мол мүмкіндік бермек.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close