El іshі
Барша МҰСЫЛМАНнЫҢ Ұлық МЕРЕКЕСІ
Барша мұсылман жұртын шаттыққа бөлейтін Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биылғы жылы, яғни 2021 жылдың 20 шілдесіне түсіп отыр.
Мұсылман қауымы үшін Құрбан айт күні – алдымен айт намазын оқып сосын құрбан шалып, бақилық болған пенделер рухына Құран Кәрім аяттарын оқып сауаптарын бағыштап, ізгі амалдарды көбейтіп, игі ниеттер асып-тасып, ақ дастархан жайылып, мереке күніне арналған адал астың мол болатын күн.
Діни салтымыз үйреткеніндей, әрбір мұсылман Құдайға сыйынып, бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, ағайын-туыс, дос-жар арасында жүрген өкпе-реніш болса бәрін ұмытып, қауышып табысатын күндердің бірі – Құрбан айт болып табылады. Жақын-туыстарды, сырқат кісілерді зиярат етіп, көрші-қолаңды мереке әрі береке күнімен құттықтап, дәм татысатын мұсылман жұртшылығының діни мейрамының бірі. Бұл күні балаларға сыйлық арнап мәз ететін, ойын-сауық ұйымдастырып, алыстағы ағайындармен хабарласып, сәлем-саухат жолдайтын күн.
Құрбан айт мерекесі құрбан шалу рәсімінен туындаған.
Негізінде құрбан сөзі арабтың құрба «жақындау», «жету» деген мағыналарға келеді. Ал құрбандық – Ұлы Жаратушыға жақындау, Оның разылығына жету ниетімен шалынған мал.
Құрбан шалудың тарихына қысқаша тоқталар болсақ, құрбан мерекесі Алла тағаланың әмірі бойынша Ибраһим пайғамбардың перзенті Исмайлды құрбан етуінен бастау алады. Ибраһим пайғамбар: «Ұлым болса, оны Алла жолына құрбан етер едім» деп уәде еткен-ді. Дұғасы қабыл болып, Алла тағала оны бір перзентпен сүйіншілейді. Кезінде берген уәдесін орындау, Ибраһим пайғамбар үшін үлкен бір сынақ болатын. Міне сол сынақтан сүрінбей өткенінің есесіне, Алла тағала көктен ұлының орнына қошқар түсіріп, құрбандыққа мал шалудың әмір етілгендігі қасиетті Құран Кәрімнің «Саффат» сүресінде баян етілген.
Қазіргі таңдағы жалпы мұсылман қауымының шаттық-қуанышына айналған «Құрбан айт» мерекесі һижраның (Мұхаммед пайғамбар мен бүкіл мұсылмандардың Меккеден Мадина қаласына қоныс аударуы) екінші жылы, яғни 624 жылы әмір етілді. Құран Кәрімдегі «Кәусәр» сүресінің «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген аяттары осы ұлы мерекенің дәлелі.
Мұсылмандықта айт күндері ерте оянып, хош иісті жағынып, таза сәнді киімдерді киіп, көшеде кездескен кісілерге ашық-жылы жүзді болып, жақсы амалдардан, сондай-ақ әдептілікке тәрбиелейтін сауапты іс жасау туралы айтылады.
Құрбан айт – шаттық күні! Сондықтан Құдайға құлшылықтан кейін, айт күні мерекелік арнаға түсіп, дінге қатысты өлең-жырлар айтып, Пайғамбардан жеткен үлгілі әдептерден мысалдар келтіріп, көріністер көрсетілсе жараса түсер еді. Діни тараптан болмаса да, көпшілік үшін қызықты көрінетін түрлі спорттық сайыстар, балаларды мәз ететін ойындар да көрсетуге рұқсат етілген. Яғни діни тұрғыдан негізі қаланбаған, әрі күнә саналмайтын ойын-сауықпен айналысса болады деген сөз.
Бір жағынан Құрбан айт мерекесі қоғамға игі әсерін тигізеді. Мысалы, ауқатты адамдардың тарапынан шалған құрбандықтары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына таратылып, мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылдық сезімдері нығая түсер еді. Бай-дәулетті адамдармен қоса кедейлер де қуанышқа бөленеді. Игі істер қанаттасып, жамандық атаулы тұмшаланатын осындай қуанышты күнде мұсылмандар Алланың шынайы құлы болуға тырысса, Ұлы Жаратушының мейірімі мен кешіріміне қол жеткізген болар еді.
2005 жылы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы», «Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес, Құрбан айт мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күні болып жарияланып, Құрбан айт мерекесі ресми түрде мемлекеттік деңгейде мерекелік күн ретінде тойлануда.
Алла тағала әрбір мұсылманның, халқымыздың игі ниеттері мен шалып жатқан құрбандықтарын қабыл етсін.
Құрбан айт мерекесі құтты болсын!!!
Асхат Аманжолұлы,
«Толымбай тегі Зиябек» мешітінің бас имамы,
ауданның бас имамы