El іshі

Көпірлердегі шамдарға көңіл бөлінсе…

Б.Момышұлы ауылында үлкенді-кішілі бірнеше өзектер мен сайлар бар. Онда әртүрлі көлемде аспалы көпірлер орнатылған. Қоңыр күз де келіп жетіп, оқушылар сабаққа барып-келе бастағанда, осы көпірлердегі жарық жүйесі қажеттілікке айналады. Іңір қараңғылығы түскенде іске қосылатын осы шамдар жарқырап жанып тұрса, жаяу жүргіншіге, әсіресе, мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.

Сай-салалардағы көпірлерге жарық беретін шамдардың жұмысы қалыпты ма? Оған жұрттың көңілі тола ма? Біз осы сауалдарға жауап алу мақсатында аудан орталығындардағы ірі сай-салалардағы көпірлерге барып, істің мән-жайын зерделеп, тұрғындармен тілдескен едік.
Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қуантай Исаев Абылай хан көшесіндегі үйінің артындағы тар қуыспен сайдың ар жақ бетіндегі Қайрат Рысқұлбеков, Ақсай көшелеріне аспалы темір көпір арқылы шығатынын айтады. Көпір терең жыраға орналасқан.
-Бұл көпір жарты ғасырға жуық осы төңіректен аудан орталығындағы мектепке, балабақшаға, жұмысқа күн құрғатпай ерсілі-қарсылы жүретін сан жүздеген адамның бірден-бір қатынас жолы болып отыр. Көпір былтыр жазда күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтілді.Басында көпірдің ортасына күннен қуат алатын шам қондырылып еді. Алайда, оны белгісіз біреулер бір түнде шешіп алып кетіпті.
Менің айтайын дегенім, сайдағы жарықтың сапасына қатысты. Қазір сайдың біз жақ бетіндегі шам жанып тұр, ал арғы шығыс бетіндегі шам көптен бері жанбайды. Күз мезгілі, оқушылар мектептен кеш қайтады. Сайдың бергі табанын көрсе, арғы жағы қара көлеңке. Әсіресе, балаларға қиын. Бұл туралы ауыл әкіміне де бірнеше мәрте құлаққағыс етіп, ескерттім. Одан бері біраз уақыт өтті, өзгерген ештеңе жоқ, – дейді ақсақал.
Біз осы ретте ауыл әкімі Марат Қасымбековке телефон шалғанымызда, ол өзінің бұл мәселеден хабардар екенін, ауыл көшелерінің жарықтандыру жүйесіне қызмет көрсететін «NConstruction»ЖШС-нің мамандары барып, сайдың қабағында тұрған бағанда электр тогының бар-жоғын тексергенін, жуық арада бағандағы шамның заманауи үлгідегі түнгі прожекторға ауыстырылатынын жеткізді.
Марат Сайлауұлы аудан орталығындағы басқа сайлар мен жыраларда орнатылған көпірлерде түнгі шамдардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтады. Мәселен, Бауыржан Момышұлы және Зиябек Толымбаев көшелерінің қиылысындағы, Тәуелсіздік және Шығыс көшелерін байланыстыратын сайдағы көпірлер күн сәулесінен қуат алатын шамдармен жарықтандырылған. Ауылдың солтүстік бөлігіндегі Шоқан Уәлиханов көшесіндегі сайға көше жарығы түседі екен.
Дегенмен, ауыл әкімдері, көше жарығына жауапты мекемелердің жарықтандыру мәселесінде ескеретін бірқатар жайттар бар. Қазір көпшілік жерлерде қолданыста әлі де сұйық кристалды шамдар. Сонымен қатар кей тұстарда жарық үнемдеуші диодты шамдар орнатылуда. Мамандардың айтуынша, бұл шамның сұйық кристалды шамдардан ерекшелігі сол, электр қуатын бес есе аз жарық жұмсап, сегіз есе артық қызмет етеді. Күн сәулесінен қуат алатын шамдардың да ауылы алыс емес. Кей өңірлерде ондай шамдар да қолданыста бар.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close