El іshі

50 шақырымға жуық канал тазаланды

онымен бірге 700 гектар егістік алқап суландырылмақ

Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы түйінді мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.

Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.
Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет»,- деді Президент.
Су каналдарын механикалық тазалау және механикалық жөндеуден өткізу аграрлы аудан саналатын Жуалы үшін өте маңызды. Себебі, кеңестік кезеңде осы канал суы арқылы қаншама гектар суармалы жерлер игерілді.
Каналдардың суармалы егістіктерді сумен қамтамасыз етуден бөлек, ауыл тұрғындарына үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдалануға да мүмкіндік бермек. Сондықтан аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастамасымен биыл бұл жұмыстар қолға алынып, бүгінде аудан көлемінде каналдарды механикалық тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде осы істің басы-қасында жүрген азамат, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев айтып берді.
-Кейінгі екі жылда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен механикаландырылған отряд құрылды. Егістік алқаптарды суландыру, үй іргесіндегі жерлерге ағынсу жеткізу ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен маңызға ие жұмыс. Өйткені, алқаптарға жеткілікті мөлшерде су бармаса, одан ойдағыдай өнім де ала алмайтының анық. Осыған байланысты биыл аудан әкімі Олжас Есалханұлының бастамасымен каналдарды механикалық тазалау жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстарды атқару үшін облыстық Ауыл шаруашылығынан 33 миллион қаржы қарастырылып отыр. Қазіргі таңда облыстан әкелінген ХМС-215-1,0 кубтық экскаватордың каналдарды тазалау жұмысын атқарып жатқанына төрт айдай уақыт болды. Төрт айдың ішінде 50 шақырым канал тазартылды. Ол каналдар арқылы бүгінде 700 гектарға дейінгі егістік суғарылатын болады. Одан бөлек, ауылдық округтегі елдімекендердің әр бау-бақшасына дейін су беріліп отыр.
Атап айтар болсақ, Шақпақ ауылдық округінде 400 ауланың бау-бақшасына су берілді. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде 6 шақырым канал, оның ішінде Закир, Бейсен, Жаңаталап, Ақмолда каналы тазартылып, 300 гектар егістік сумен қамтамасыз етілді.
Қарасаз ауылдық округінде 8,5 шақырым Жүрімбай, Көктас каналдарын тазалау жұмыстары жүргізіліп, 215 гектар егістікке су жетті. Сондай-ақ, Жетітөбе ауылдық округінде 6 шақырым канал, Қызыларық ауылдық округінде 5 шақырым канал тазартылды.
Ақсай ауылдық округінде 3 тоған жасақталды, Б.Момышұлы ауылы бойынша 300 метр канал тазартылып, 70 камаз топырақ шығарылып, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” тас жолы бойына төселді. Көкбастау ауылдық округінде 6 шақырым канал тазартылып, 97 аулаға су барып, 200 гектар егістікке су жеткізілді.
Бүгінгі таңда 3 миллиондай қаржы қалып отыр, оған 2,5 шақырым канал тазартамыз, осымен облыстық Ауыл шаруашылығынан бөлінген қаржы 100 пайыз игеріледі деп күтілуде, – дейді Сейітхан Шерелханұлы.
Осы орайда, біз де апта ішінде Қарасаз ауылдық округіне қарасты, Жүрімбай каналының басына барып, көріп қайтқан едік. Ауыл тұрғыны Лариса Бителеваның айтуынша, канал тазартылғалы бері бау-бақшадағы дақылдар өз өнімін жақсы бере бастаған. Бұрындары ауладағы құдық арқылы су тасып немесе жауынның жауғанын күтетінбіз деген ол, канал тазалау жұмысын қолға алған аудан әкімі Олжас Қаржауовқа алғысын жеткізді.
Ал, Қарасаз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызының айтуынша, округ бойынша аудан тарапынан Жүрімбай және Көктас каналдары тазаланған. Сонымен бірге, Жүрімбай каналынан 87 аула, яғни 27,8 гектар үй іргесіндегі бақша суарылатынын және Көктас каналынан 44 аула, 18,8 гектар үй іргесіндегі жер суарылатынын жеткізді. Ал, облыстық кәсіпорын арқылы Береке каналы тазаланып, жалпы ұзындығы 4,1 шақырым, Қарасаз ауылының 480 ауласы және шаруа қожалықтардың 27 гектар суармалы жер телімдері суарылатынын айтты.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close