El іshі

«Нағыз ұстаз болу – бақыт»

дейді ардагер ұстаз Тұралы Әзімұлы

Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы бір басқа жетерлік мамандық атаулысының ұлысы.

Осы ретте, Тәуелсіз елдің әрбір аймағында, әрбір өңірінде өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын азаматтар жетерлік. Елінің болашағы мен халқының кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырын осы жолға арнаған бірегей тұлғалардың жүрген жолында елеулі із қалары анық.
Өзінің біліктілігімен, кәсібилігімен дараланған ұлағатты ардагер ұстаз Тұралы Әзімов та саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім саласына арнаған. Алғашында балаларды еңбекке баулыған ол кейіннен 16 жылға жуық уақыт М.Лермонтов (қазіргі С.Бәйтіков) атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған.
Білім саласының ардагері 1947 жылы бұрынғы Қоғалы ауылында дүниеге келген. Әкесі диірменші болған. Ал, анасы 13 құрсақ көтеріп, соның бесеуі аман қалған екен. Тұралы ата отбасында екінші перзент. Ол алғашында Қоғалы мен Асансай ауылдарының арасындағы бастауыш мектебінде білім алған. Майтөбе совхозында, Рысбек батыр ауылындағы мектептерде оқып, 1963 жылы Көлтоған ауылындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепті тамамдайды.
Жас түлек атанған ол Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қолына дипломын алған жас маман 1970 жылы алтын ұя мектебіне қайта оралып, жолдамамен жұмысқа орналасады.
Еңбекке енді ғана араласа бастаған ол жаңа оқу жылының І тоқсанын аяқтап, қараша айында Отан алдындағы борышын өтеуге Қиыр Шығыс еліне аттанады. Бір жыл әскери қызметін өтеп, үш ай офицерлік курсынан өтіп, лейтенант шенін алады. Грузияның астанасы Тбилисиде үш ай әскери дайындықтан өтіп, аға лейтенант болып ауылға оралады. Содан ауылдағы мектепке қайта келіп, өндірістік оқу шебері болып жұмыс істейді. Осы тұста ауылдың балаларын еңбекке баулып, қалыптасуына өзіндік үлесін қосады.
Ал, Тәуелсіздік алған соң, яғни 1994 жылдан бастап аталған білім ошағының директорлық қызметіне тағайындалады. Абыройлы еңбек етіп, 2010 жылы зейнет демалысына шығады. Бүгінде зейнеткер ұстаз ауданымыздың Құрметті ардагері. Тәуелсіз еліміздің рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым Министрінің Алғысхатымен марапатталған.
Тұралы Әзімұлы мектепке басшылыққа келген тұста айналаны көріктендіру, абаттандыру, тазалық жұмыстарына да ерекше мән береді. Ашық алаңға түрлі гүлдер мен ағаштарды егуді ұжыммен бірге жауапкершілігіне алады. Ұжымдағы ер азаматтарды ұйымдастырып, қараағаш алып келіп, айналасын қоршап отырғызады. Одан бөлек, 100 түп терек пен жеміс ағаштарын да қоса қондырады. Қазіргі таңда сол ағаштар жайқалып өсіп, бау-бақша ағаштары жемісін беріп тұрған жайы бар.
Ардагер ұстаз басшылық еткен жылдары мектептің түлектері жақсы нәтиже көрсетіп, оқушылары жоғары оқу орындарына түскен алдыңғы білім ошақтарының қатарында болады. Мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Аудан бойынша алғашқылардың бірі болып, мектептен компьютер сыныбы ашылады. Ол кезде мектепте ІТ-маманы болмаған. Алайда оның да амалын табады. Кейіннен осы мамандықтың иесі табылып, жұмысқа жас мамандар тартыла бастайды.
-Ұстаздықтың жолы жіңішке әрі нәзік. Жауапкершілігі мол мамандық. Ұстаз болу – ұлғатты іс. Нағыз ұстаз болу – бақыт. Біз де саналы ғұмырымызды шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандармыз. Білім ошағында азды-көпті жұмыс жасап, ұжыммен бірге білім ошағының гүлденуі мен жетістікке жету жолында бар күш-жігерімізді арнадық. Шүкір, бүгінде шәкірттеріміз құрмет пен ілтипат көрсетіп жатады. Біз де оқушы болдық. Ұстаздарымызды үлгі тұтып, құрмет көрсететінбіз. Үйреткенін санамызға тоқып, сауатты болу үшін тырысып бақтық. Қазіргі таңда заман талабына сай көп нәрсе өзгерген. Еркін елде жастарымыз білім алып, қалаған мамандық иесі атануда. Дегенмен оқушы білім берген ұстазының еңбегін ұмытпауы керек.
Көпшілік арасында ұстаздың мәртебесі туралы жиі айтылады. Неге ұстаздың мәртебесі түсіп кетті? деген сұрақтар да жиі қойылады. Мен бұл сұраққа ұстаздың мәртебесі ұстаздың өзіне байланысты дер едім. Өйткені, ұстаз балаға үлгі боларлықтай тұлға болуы керек. Айтқан сөзі мен ісі үйлесімділік табуы тиіс. Мектепте баланың алдында қандай болса, сол қалпын барлық жерде сақтауға тырысуы қажет. Өйткені, бала алдындағы әріп үйретіп, оқу-білім үйреткен ұстазын тек жақсы қалпында көргісі келеді.
Мен жастарға сенемін! Уақыттың ағымынан қалмай, жаңашылдықты бойына сіңіре алады деген ойдамын. Қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінеді. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алса игі. Мәселен, ауылға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жастар жұмысқа келіп, аға буын өкілдерінің ізін жалғап келеді. Дарынды жастар ардагер ұстаздың орнын басып, жастық жалынмен білім саласының нәтижелі болуына үлесін қосса деген тілегім бар, – дейді ардагер ұстаз Тұралы Әзімұлы.
Ардагердің өмірлік жары Гүлфарида Кебежеқызы да табаны күректей 36 жыл білім саласында шәкірт тәрбиелеген жан. Өмірде де, еңбекте де қатар жүрген олар ұстаздық жолдың қаншалықты қызықты әрі қиын екенін жақсы біледі. Гүлфарида апа 1949 жылы бұрынғы Кеңбұлақ ауылында өмірге келген. Ауылдағы М.Лермонтов атындағы орта мектептің түлегі. Алғашында аталған мектепте неміс тілінен дәріс берген ол бұрынғы Жамбыл педагогикалық институтына қайта құжат тапсырып, орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Сөйтіп 1970 жылдан бастап 2010 жылға дейін бастауыш және жоғарғы қазақ сыныбына орыс тілінен сабақ береді. Білім саласындағы елеулі еңбегі еленіп, Гүлфарида апай да ҚР Білім және ғылым Министрінің Алғысхатына ие болады. Қос ардагер ұстаздың шәкірттері жақсы азамат болып қалыптасып, бүгінде әр салада еңбек етуде. Ең бастысы, олар ұстазына деген құрметін ұмытпайды.
Тұрдалы және Гүлфарида Әзімовтар ауылдағы ардақты ардагерлердің бірі. Олардың отбасында жеті бала дүниеге келіп, перзенттері бір-бір мамандық, бір-бір отау иесі болып отыр. Ардагерлер екі ұл, бес қызынан 27 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Немерелері де оқуда озат, үлгілі оқушылардың қатарында. Қара шаңырақта олармен бірге ұлдары Қазыбек және келіндері Бағила тұрады.
Ұрпаққа қалдырар өнегісі мен берер тәлім-тәрбиесі мол ардагерлер еліміздің амандығы мен тыныштығын тілеп, ұрпақ тәрбиесіне араласуда. Қонақжайлылығын көрсетіп, көпшілікке кісілігін танытуда. Біз де мұндай ардақты ұстаздармен танысып, өмір жолындағы өнегелі істерімен, яғни шәкірттің жүрегінен орын таба білген жандармен кездескенімізге қуандық. Лайым, осындай ұлағатты ұстаздарымыз көп болғай!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close