El іshі

«Отбасылық кеңес кабинеті» ашылды

Кеше ғана келешекке нық қадам басып,  жаңа отаудың іргесін бірге қалаған жас жұбайлардың ыстық-суығы басылмай жатып, сезімдері суып, ірге ажыратуы бүгінде таң қаларлық жағдай болудан қалды. Статистика мәліметтеріне үңілсек, соңғы кездері ажырасу фактілерінің жиілеп кеткені соншалық, еліміздегі әрбір үшінші жұптың тағдыры ажырасумен аяқталатын көрінеді.

«Отбасы – қоғамның ұясы» дейтін болсақ, бұл проблема бүгінде тек соған қатысты жеке адамдардың ғана емес, мемлекеттік органдардың да мықтап айналысатын мәселесіне айналды. Жамбыл облыстық соты осы маңызды мәселені ескере отырып, «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске қосып отыр.

Жуалы аудандық сотының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен жақында Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының ғимаратынан «Отбасылық кеңес кабинеті» ашылды.

Кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов, медиаторлар Кемелбек Дәуренов пен Шора Ысқақов, ауыл әкімі аппаратының мамандары мен ауыл жұртшылығы қатысты.

– «Отбасылық кеңес кабинеті» отбасылық қарым-қатынастарды сауықтыру, неке бұзу санын азайту, неке-отбасылық құқықтарды қорғау, некені бұзудың салдарлары, мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру және түсіндіру мақсатында ашылып отыр. Кабинеттің міндеті ең алдымен, тегін құқықтық көмек, психологиялық көмек, отбасылық өмір негіздерін үйрету болып табылады, – дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов.

Сонымен қатар, жаңадан отау көтеретін жас жұбайлар үшін  жергілікті жастар ресурстық орталығының қолдауымен оқыту курстары ұйымдастырылып, онда психолог мамандар кеңес беретін болады.

Абылайхан СӘРСЕН,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close