El іshі

Жерді де игереді, малды да бағады

нұрлыкенттік азамат Жәнібек Батырәліұлы еңбекқор жан

«Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, бұл жөнінде 2012 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы айтылған болатын.

Елбасының ойынша, бұл идеяны жүзеге асыру жаңа қазақстандық қоғамның қалыптасуына апаратын бірден-бір жол болмақ. Н.Назарбаев атап өткендей: «Тек жасампаз тіршілік әрекеті адам, отбасы, қоғам мен мемлекет өмірін жақсы жаққа қарай өзгерте алады. Толық қайтарыммен жұмыс істейтін азаматтар ғана табысқа жетеді және өркендейді»,- деді.
Міне, бұл мақала жарық көргелі бері 10 жылға жуық уақыт өткені анық. Аталған мақала өміршең идеяларға толы. Ең бастысы, осыған сәйкес, ел ішінде өзгеріс, жалпы халықтың еңбекке деген ұмтылысы байқалады. Біздің ауданымызда еңбектің көшін бастап, таңның атысы, күннің батысы тірлік істеп жүрген еңбекқор жандарды әсіресе Нұрлыкент ауылынан көптеп кездестіруге болады. «Еңбек етсең, емерсің» деген қағиданы ұстанған азаматтың бірі – ауыл тұрғыны, бүгінде жас отбасының отағасы Жәнібек Құрышбаев.
Өз қатарластары сияқты Жәнібектің де балалық шағы ауылдық жерде өтті. Оның ата-аналары Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында тұрған. Бұл отбасы сол өңірдің ХХVІ-шы партсъезд атындағы колхоздағы Жаңаталап аталатын ауылды құтты қоныс етіпті. Отағасы Батырәлі колхоздың алмабағында бригадир қызметін атқарса, кейіннен отанасы Шәрбану екеуі де почта байланыс саласында қатар еңбек еткен екен.
Содан Қазақстан төл тәуелсіздігін жариялаған тұста Өзбекстандағы қандастарымыздың тарихи отандарына ағыла бастағаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасымен қасиетті қазақ жеріне бет түзеген көштің қатарында Құрышбаевтардың отбасы бар болатын. Дәлірек айтқанда, 1993 жылы Құрышбаевтар отбасы Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылынан (бұрынғы Бурно-Октябрь) үй сатып алып, осында орнығып қалады. Олар осында келген соң отағасы Батырәлі әскери совхозда біраз жыл механизатор болып жұмыс істейді. Совхоз тараған соң диқаншылыққа біржолата бет бұрады. Еңбекқор ерлі-зайыптылар отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі үш ұлын да еңбекке баулып өсіреді. Балалары одан жаман болған жоқ. Жұмысқа бейім болып өсті. Есейген соң өз бетінше белгілі кәсіпті игеріп кетті. Балаларын қанаттандырып, үйлі-жайлы еткен соң, Батырәлі мен Шәрбану екеуі Алматы облысының Қаскелең ауданынан үй-жай сатып алып, сонда қоныс аударады.
Үйдің үлкені Жәнібек ұзақ жылдан бері ата-анасы салып кеткен сара жолды жалғастырып, диқаншылықпен тұрақты айналысып келеді. Жыл сайын өз үйінің іргесіндегі 30 соттық жерді өңдеумен қатар, төңіректегі көршілерінің игерілмей бос жатқан жерлерін жалға алып, оған көкөніс, бақша дақылдарын егіп, баптайды. Биыл да жылдағыдай бақша егіп, оны күтіп-баптау үстінде.
Бір жарым гектар жерге (50 соттықтан бөлінген) қырыққабат, картоп, сәбіз егілген. Қалған жерлерге қызанақ, қияр, қызылша, асқабақ, жүгері сияқты бақшалық дақылдарды орналастырыпты. Атап айтар болсақ, қырыққабаттың ерте өнім беретін «Ринда» тұқымын, одан бөлек, жаздың соңғы айында өнім беретін «Бухарест», сонымен қатар, қазан айының басында жиналатын «Ташкарам» сұрыптары егіліп, бапталуда. Ал, диқан биыл картоптың «Алладин» деп аталатын тұқымын Қарағанды облысынан алдырғанын айтады.
-Алғашқыда бір гектар жерге картоп егіп, оны отбасымызбен күтіп-баптайтынбыз. Кейіннен бау-бақша дақылдарының алқабын ұлғайта бастадық. Осы тірліктің арқасында ағайынды үшеуміз де үйленіп, үйлі-жайлы болдық. Інілерім де өз алдарына жеке үй сатып алды. Қазіргі таңда мен де өз отбасымды осы диқаншылықты кәсіп еткенімнің арқасында асырап отырмын. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Бәрі еңбектің, маңдай тердің арқасында, әрине. Әйтпесе, жетістік те, табыс та жоқ. Сондықтан күндіз, түні жанталасып еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Биыл да бақша дақылдарының барлық түрін ектім деуге болады. Қазір осыны күтіп-баптап, шөбін жұлып, кетпендеп, тиісінше, суғарып жатырмыз. Ағын судың келуі де жаман емес. Уақтылы алып тұрамыз,- дейді диқан Жәнібек Батырәліұлы.
Осы орайда Майлықожа ақынның: «Диқан тоймас жер десе, жаман тоймас мал десе» деп термелеткені ойымызға оралып отыр. Нұрлыкенттік диқан Жәнібек те кейінгі жылдары бау-бақшалық дақылдарды егуге егістік жерден тапшылық байқалып отырғанын айтады. Ауылда үй іргесіндегі немесе ауыл сыртындағы жерлерін не өздері игермейтін, не бақша егуге ниетті жандарға пайдалануға бермейтін тұрғындар туралы да естідік. Ауыл айналасындағы бос жатқан жерлер игерілсе, өнім көлемін бұдан да арттыруға болмас па?! Бұл да маңызды мәселе.
Жәнібектің жан-жақты азамат екенін сөзінен байқағандаймыз. Диқан жігіт шынында жан-жақты екен. Бау-бақша дақылдарын егумен қатар, үйінде жылқы жануарын да ұстайды. Еңбекқорлығынан әрі балаларының нәсібесі болар, қазір Жәнібектің жылқысы сегіз басқа жетіпті. Жыл сайын көктемде құлындаған мама биелерді байлап, саумал, қымызбен қатар, ет өндіреді. Сөйтіп, ауылдастарын да экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе, былтыр аты жаман індет өршіген тұста бие сүтіне деген сұраныс арта түскенін айтады ол. Ол сонымен қатар, ауылдық округ әкімшілігі тарапынан жер алуға көмек болса, шағын су тоғанын салып, балық асырайтын ниеті бар екенін де жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, Жәнібектің ауыл шаруашылығы саласымен қатар, ауылды дамытуға бағытталған идеялары мен жоба-жоспарлары көп-ақ. Әттең, оны іске асыруға қол қысқа…
Нұрлыкент ауылындағы өнегелі жанұя саналатын Жәнібек пен Дильфуза жас әрі көпбалалы отбасы. 2001 жылы отау құрған жарасымды жұп отбасында бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ата-аналар. Үйдің тұңғышы Диас Отан алдындағы азаматтық борышын Елорда маңындағы әуе қорғанысы бөлімінде өтеуде. Ал екінші ұл Досжан биыл орта мектепті бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын да ойдағыдай тапсырған. ІТ мамандығы бойынша оқуға түсуге ниеттенуде. Ортаншы ұлдары Рамазан мен Жансен ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары. Ал, кенжелері Нұрболат балабақшаға барса, бес ұлдың ішіндегі жалғыз қыз Томирис бір жарым жаста. «Әкеге қарап, ұл өсер, анаға қарап, қыз өсер» демекші, балалар да еңбекпен етене болып өсіп келеді. Үй тірлігі болсын, бақша мен малдың жайы болсын, балалары ата-анасына қолғанат.
Алда жиын-терім науқаны. Ерте көктемнен бастап, жаз бойы еңбек етіп, жерге маңдай терін төккен диқан Жәнібек Құрышбаев өз отбасымен бірге күтіп-баптаған бақша дақылдарынан мол өнім алуға ниетті. Жиналған өнім де тиісінше, ішкі нарыққа қолжетімді бағада өткерілетін болады. Еңбектің наны тәтті болатынын олар жақсы біледі.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close