Қайырымдылық жасау, қиналғанға қол ұшын созу, жабыққанның жанына демеу болу сияқты ізгі қасиеттер біздің халқымыздың бойынан қашанда табылады. Қайырымдылық қағидаттарын бұрыннан ескеріп жүретін халқымыз ешқашан «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған». Қазақтың басынан неше бір қиын-қыстау замандар өтсе де халқымыз қайырымдылық қасиеттерін ұмытқан емес.
Соңғы жылдары қалталы кәсіпкер азаматтар тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созып, көмек көрсету, қала берді көпшілік іс-шаралар мен жиындарға демеушілік танытуды мықтап қолға алып отыр. Өткен жылы да елімізде мұндай қайырымдылық шаралары көптеп өткізілді. Қайырымдылық жасауға ешқандай шектеу жоқ екені белгілі. Біреулер тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктей, қаржылай көмектесіп жатса, енді бірі үйі жоқ, күйі жоқ көпбалалы отбасыларға баспана алуға жәрдемдесіп келеді.
Қайырымдылық іс-шаралары Көкбастау ауылдық округінде жиі-жиі жасалып тұрады. Жақында ауылдық округке қарасты Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының 1980-1996 жылдары аралығында туған ер азаматтар қаржы жинап, жиналған қаражатқа барлығы 10 отбасына қайырымдылық жасады. Оның ішінде жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырғандары, тұрмысы төмен отбасылар бар. Оларға ұн, күріш, макарон, май өнімдері, басқа да азық-түліктей қайырымдылық жасалды. Отбасы мүшелері қайырымдылық жасаған қолы ашық ауылдастарына алғыстарын жаудырды.
Қайырымдылық шарасының ауылдың түлегі, қазіргі таңда аудан әкімдігінің білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ерназар Жүзбаевтың бастамасымен, Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Қыдырбаевтың ұйымдастыруымен өткенін айта кеткен жөн.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»