El іshі

Тәуелсіздік тағылымы

немесе еліміздегі өсу, өркендеу жылдары

Тәуелсіздік! Біздің қазақ халқы үшін бұл ежелден қасиетті де қастерлі ұғым. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап, сол жолда алысып, арпалысып өткен Тәуелсіздік емес пе бұл! Сондықтан Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ұлттың азаттығынан, тәуелсіздіктен қымбат ештеңе болмақ емес.
Тәуелсіздік туралы айтқанда, ең алдымен дүбірге толы өткен ғасырдың 1990-шы жылдары ойға оралатыны анық. Тарихта не болмаған, небір күтпеген оқиғалар болған. Осындай оқиға әлемдегі ең алып, ең қуатты мемлекеттердің бірі Кеңестер Одағында орын алды. Оның саяси тірегі болып келген Компартия бір демде таратылып, артынша алып мемлекеттің өзі де тарады. Құрамындағы одақтас республикалар дербес мемлекет болып бөлініп, өз Тәуелсіздіктерін жариялап жатты. Соның бірі Қазақстан Республикасы да өз Тәуелсіздігін жариялап, оны бүкіл әлемге паш етті.
Осылайша, бұрын жоспарлы экономикаға негізделген алып мемлекет бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Әрине, бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстар да үзілді. Бұл жаңа тәуелсіз мемлекеттер үшін оңай болған жоқ. Мұндай қиындықтар біздің елді де айналып өтпегені белгілі. Сол тұста алып кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар тығырыққа тірелді, ауыл шаруашылығы саласы да дағдарысқа ұшырады. Салық түсімі күрт кеміп, жұртқа жалақы мен зейнетақы төлеудің өзі қиындап кетті. Ел ішінде «өтпелі кезең» деп аталған осы кезеңнің қиындықтары Жуалы жұртшылығының аға буын өкілдерінің де есінде.
Қолда нақты ақшаның болмауының салдарынан кәсіпорындар мен мекемелер бір-бірімен есептесуді бартер арқылы, яғни өз тауарларымен есептесуді қолға алды. Тіпті, айлық жалақының да тауармен берілген кездері болды.
«Көппен көрген ұлы той» деген. Сол бір өтпелі кезеңнің қиындықтарын Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің редакциясы да бастан өткерді. Штатымыз қысқара-қысқара келіп, аяғында 25 қызметкерден небәрі алты-ақ адам қалды. Газеттің таралымы (тираж) мүлдем азайып кетіп, айына газеттің екі-үш нөмірін зорға шығарып жүрдік. Өйткені газетті Тараз қаласындағы баспаханада шығаратынбыз. Ал олар, әрине, оны тегін баспайтыны белгілі.
Осындай қиын сәттерде ауданның алғашқы әкімі Еркінбек Солтыбаевтың газетке деген ерекше көзқарасы мен барынша көмек-қолдау жасағанын ешқашан ұмытпаймын. Ерағаң: «Жігіттер, шыдаңдар, әлі-ақ бәрі жақсы болады, Президент осылай деп отыр, бүкіл елімізде үлкен өзгерістер басталып кетті, жақсылықтың ауылы жақын»,- деп бізді әрдайым қанаттандырып қоятын.
Өзіміз де қол қусырып отырмай, тынбай жұмыс істедік. 1990-шы жылдардың басында әлі колхоз-совхоздар тарай қоймаған кез. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде газет қызметкерлері редакцияның ескі «Жигулиіне» мініп алып, бір күнде он шақты шаруашылықты аралап шығатынбыз. Шаруашылық басшысымен ақылдаса отырып, аудандық газетке жазылым жүргізудің екі жаққа да қолайлы жолдарын саралаймыз. Келіссөздеріміз әдетте нәтижелі аяқталады, басшымен келісім-шарт жасасып қайтамыз. Осылайша, бір шаруашылық – жиырма, біреуі – отыз, іргелі шаруашылықтар тіпті, 50-ге дейін газет жаздырып беріп, ақысына өзінде бар «тауарын» береді. Яғни біреуден арпа-бидай, біреуден мақсары майы, біреуден мал дегендей алып, онымен жиналып қалған жалақы қарыздарын жабамыз. Тараз қаласындағы баспаханаға да қажетті азық-түлік өнімдерін апарып, есептесіп жүрдік. Әрине, бұл қиындығы да, машақаты да көп жұмыс. Бірақ мұның уақытша қиындық екеніне сендік және қолайсыздықтарға барынша түсіністікпен қарадық. Жалпы сол бір уақытша өтпелі кезеңде біз ғана емес, барлық шаруашылықтар, кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары түсіністік танытып, бір-бірлерін қолдауға бейім тұратын.
Уақыт өте жағдай біртіндеп түзеле бастады. Бірте-бірте бюджетте отырған мекемелерге, соның ішінде редакцияға да қаржы бөлінетін болды. Оны біз қысқарған штаттарды қайта ашуға, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, газет басуды офсеттік тәсілге көшіруге бағыттадық. 2000-шы жылдардың басында редакцияға жаңа компьютерлер, фото-видео аппаратуралар, жаңа қызметтік автомашина бөлінді. Газеттің таралымы өсіп, безендірілуі жақсарып, іскер ұжым қалыптасып, редакция тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті деуге болады. Бұл үшін 2004 жылы Жуалы ауданына әкім болып келген іскер басшы Ержанбек Ормаханұлы Нұрбековке айтар алғысым шексіз. Соның нәтижесінде газет жұмысы біршама жеңілдеді деуге болады.
Тәуелсіздік жылдары жалпы біздің бүкіл аудан үлкен өзгерістер кезеңінен өтіп, жедел қарқынмен өркендеді. Өйткені мемлекетіміз жылдан-жылға қуаттана түсуде. Бірлік пен береке жайлаған елімізде жаңа қалалар салынып, қуатты өндіріс орындары көптеп ашылуда, мектептер мен ауруханалар, халыққа қажетті басқа да әлеуметтік нысандардың қатары үздіксіз өсу үстінде, халықтың тұрмысы жақсарған үстіне жақсаруда. Міне, мұның бәрі Тәуелсіздік алған небәрі отыз жылдың көлемінде қол жеткен игі нәтижелер. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де сарабдал саясатының жемісі екені даусыз. Бүгінде Қазақстан тұрақтылық пен үздіксіз даму мекені ретінде бүкіл әлемге танылған мемлекет. Алдына әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу жөнінде өршіл мақсат қойып отырған да біздің Қазақстан. Осылайша, Отанымыз одан әрі қуаттанып, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, өсіп-өркендей бермек.
Бүгінде мен зейнет демалысындамын. Алайда аудан, облыс, бүкіл ел өмірінде болып жатқан өзгерістерден баспасөз, теледидар арқылы тұрақты мағлұмат алып, хабардар болып отырамын. Ал өзім бүкіл саналы ғұмырымда еңбек еткен аудандық газеттің орны болса өзгеше. Ұжыммен әркез байланыстамын. Журналистердің жақсы бастама, жүйелі жұмыстарына қуанып, қажет болса ағалық ақыл-кеңесімді де айтудан жалыққан емеспін. Ұрпақтар сабақтастығымен бізге де кезінде тәжірибелі аға журналистер көмегін беріп, жол сілтеген. Енді кезек бізге келген сияқты. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.
Осында ұзақ жыл еңбек ете жүріп қаншама жақсы азаматтармен қызметтес болдым, жақсылығын, ағалық шапағатын көрдім, көмек-қолдауын сезіндім. Жиырма жылға жуық редактор болып қызмет істеген, өзі айтыскер ақын, жазушы Әбдіғапар Айтоқұлының, қарымды қаламгер Мырзахан Ахметовтің, ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарған Константин Цайзердің, Мырзай Нұрабаевтың, Икрамбай Тұрғынбековтің, Любовь Фоминскаяның, Амангелді Ормантаевтың, Гүлмира Дембаеваның есімдері газет оқырмандарының есінде болса керек.
Бүгінде осындай аға буын абзал азаматтардың жарқын ісін жас буындар жалғастырып, редакцияның негізін жастар құрап отыр. Бас редактор Перизат Шымыртайқызының бастап, бас редактордың орынбасары Нұржан Манасұлы, жауапты хатшы Лаура Мұсабекова, аға тілші Абылайхан Сәрсен, тілшілер Айгүл Қалымханқызы, Мақпал Сүйінбай, корректор Баян Оразбаева, фототілші Сәбит Күзембаев – бәрі-бәрі жас мамандар. Олар жастық жалынмен еңбек етіп, мазмұнды да көркем газет шығарып, оқырмандардың көңілінен шығуда. Бүгінде газеттің басты тақырыбы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы 30 жылда әр салада орын алған өрелі өзгерістер, қол жеткізген жетістіктер жете сараланып, оқырман қауымға ұсынылу үстінде. Тәуелсіздік тағылымдарын, еліміздің осы кезеңде қол жеткізген толағай табыстарын Қазақстанның әрбір азаматы білуге тиіс.
Тәуелсіздігіміз – баянды, еліміз – мәңгілік, мерекеміз – мерейлі болсын, деген тілегімді барша жерлестеріме жеткізгім келеді. Тәуелсіздік тойы баршамызға құтты болсын!!!

Мейірбек МӘТЕН,
журналистика саласының ардагері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

Таңдаулы материалдар

Close