El іshі

ізгілікті іске бет бұрған ауыл

Ауданымызда арақ сатылмайтын бір ауыл бар. Мұндай жақсы бастама Ақтөбе ауылдық округінде көтеріліп, бүгінгі күні ауылдық округке қарасты Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған ауылдарындағы дүкен сөрелерінде ішімдік сатылмайды. Бұл игілікті істі ауыл жастары бастап, аға буын өкілдері де қолдап отыр. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары имандылыққа бет бұрып, ащы суды жеке кәсіпкерлер саудалаудан бастап тартуда.

Жаңаталап ауылының имамы қызметіне 2019 жылдан бастап кіріскен сәттен Елнұр Нұрмахан көпшілік арасында ащы суды ішпеу, оны сатпау жөнінде жиі сөз қозғаған. Игілікті бастама өткен жылдың Рамазан айынан бастап көтерілген.
-«Арақ – атамыздан қалған ас емес, – дейді ол. – Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан басталатыны белгілі. Оның денсаулыққа да зияны көп. Осы жағын ойлана келе, біраз жастар, қариялар мен мешіттегі жамағат ақылдасып, дүкендерде арақ сатылмасын деп бастама көтердік. Ондағы мақсатымыз – салауатты өмір салтын ұстанып, жастардың бойына имандылықты ұялату болатын. Өз басым сөзімізді жерге тастамағаны үшін дүкен иелеріне ризамын. Өтімді тауар болса да сатушы оларды саудалаудан саналы түрде бас тартты. Ауыл тұрғындары да осы пікірде, әсіресе ақ жаулықты аналарымыздың қуанғанын жасыра алмаймын. Қазіргі жастар жаман әдеттен бойларын аулақ ұстауда. Бұған себеп ауыл азаматтарының күшімен бой көтерген имани орта. Елді мекеннің де атын жақсы жағынан шығарып жүрген ауыл жастары.
Бар бәленің бастауы – шарапта. Яғни, арағын ішіп, өзінің отбасына кесірін тигізіп жүрген біз білмейтін оның зардабын көріп жүрген отбасылар бар. Ауыздарына ащы су тиіп, көшеде тұрғандардың мазасын алып жүрген ағаларымыз да кездеседі. Сол үшін ауыл арасындағы жамандықтың, отбасындағы кикілжіңнің алдын алу үшін біз осындай бастама көтерген болатынбыз.
Ауыл тұрғындарымен, жамағатпен бас қосылған кезде арақтың зияндығы, оның ауылда сатылмауы жөнінде көптеп айтылды. Оны алғашында біреу қолдады, біреу түсінбеді. Бірақ, біз оған қарамастан жастар болып, тұрғындар мен дүкен иелерімен түсіндірме жұмыстарын жасауды тоқтатпадық.
Бұл ісімізді ауылдағы жеке кәсіпкер Нұржан ағам бірінші болып қолдап, бірауыздан ішімдік сатпауға бел буды. Одан кейін басқа да жеке кәсіпкерлермен ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірге жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олар келісімдерін берді.
Шүкір, еңбегіміз еш кетпей, бастамамыз қолдау тапты. Бастама аясында жүрген ауыл жастарына, қолдаушы жандарға рақметімді айтамын. Көп болып, жұмылып, ауылымыздың тыныштығы мен берекесін сақтауға өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта да осы бетімізден танбай, имандылықтан айнымай, бірлікте талай жұмыстар атқаратынымызға сенім білдіремін. Әлі де жеке кәсіпкерлермен ауылда ішімдік сатуды толық тоқтату үшін түсіндірме жұмыстары жалғасын табуда, – дейді ауыл имамы.
Ауыл жастары мұндай сауапты іспен шектеліп қалмай, «Хадия» қайырымдылық қорын ашады. Ондағы мақсат – көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету. Қазіргі таңда қорға түскен қаржыға олар ауылдағы көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
-Бізге алғашында қордың атын ойлап табу да қиынға соқты. Жастар болғандықтан Инстаграм әлеуметтік желсінде арнайы парақшамыз ашылды. Сол арқылы өзіміздің жұмысымызды, мақсатымызды көпшілікке таныстырдық. Аз уақыт ішінде қорға қаржы жиналып, алғашқы екі отбасыға көмек берілгенде, олардың жүзіндегі қуанышты көріп, ісіміздің оң екеніне көзіміз жетті. Азық-түлік бір айға жеткілікті етіп алынады. Осыдан кейін бізді қолдаушы жандар көбейді. Бірте-бірте көмектескен отбасылар саны көбейе бастады. Қорға тек біздің ауылдың тұрғындары ғана емес, бүкіл аудан азаматтары да ақша аударды. Көмек Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округіндегі 12 отбасына көрсетілді.
Жоспарымыз әлі де көп. Қазіргі таңда қорымызды заңды тіркеуден өткізу жұмыстарымен айналысудамыз. Заңды тіркеуден өткен соң, садақа жәшіктерін дүкендерге қою ойымыз бар. Әрине, егер дүкен иелері рұқсат берсе ғана. Рұқсат берілсе, онда бүкіл аудан көлемінде қайырымдылық жұмысын жасайтын едік. Бізге қаржы аударатын да осы қарапайым жұртшылық. Сондықтан арамызда қайырымды, жомарт жандар барына мен қуанамын, – деп Елнұр ағынан жарылды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close