El іshі

Отанын жүрекпен сүйген азамат

Генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертайұлы туралы бір үзік сыр

Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1985 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны тамамдаған. 1996 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясында оқыған.
1973-1980 жылдары мотоатқыштар взводы, рота командирі. 1980-1982 жылдары Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінің құрамында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы, командирінің орынбасары, 66 жеке мотоатқыштар бригадасында және 68 мотоатқыштар дивизиясының 188 мотоатқыштар полкында батальон командирі болды. 1982-1985 жылдары М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияның тыңдаушысы, 1985-1992 жылдары Кеңес әскерінің Германиядағы тобында 35 мотоатқыштар дивизиясы полк командирінің орынбасары, полк командирі.
1992 жылы Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғаннан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінде әскери қызмет өткерген. 1992-1997 жылдары 97751 әскери бөлімнің, 1996-1997 жылдары 1-әскери корпустың командирі. 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығы. 1999 жылғы тамыздан 1999 жылғы 13 қазанға дейін Қорғаныс министрінің міндетін атқарған. 2000-2002 жылдары Шығыс әскери округі әскерлерінің колбасшысы. 2002 жылғы қаңтар, қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы. 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ҰҚШҰ әскери ынтымақтастығын үйлестіру штабында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілі.
2003-2005 жылдары Жауынгерлік даярлық жөніндегі құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының Жауынгерлік даярлық жөніндегі бас басқармасының бастығы. 2005-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының Жауынгерлік даярлықты бақылау мен ұйымдастыру жөніндегі генерал-инспекторы, 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Жауынгерлік даярлық жөніндегі штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери инспекциясының бастығы секілді қызмет сатыларынан өткен. 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Nur Otan» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Халық қаһарманы» құрмет атағымен, «Отан», «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Данқ» және басқа да жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған.

* * *
Қалың ел қадірлеген тау тұлғалы азаматтардың бірі Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы екені анық. Қасиетті Жуалы жерінде туып-өскен Баукеңнің даңқы Ұлы Отан соғысы жылдарында дүркіреп шықты. Баукеңнен кейін Жуалы жерінің даңқын aсқaқтатуға, қасиетті өңірді айдай әлемге танытуға атсалысып жатқан азаматтар аз емес. Бір замандарда Асан қайғы бабаның өзі атбасын бұрып, жыр арнаған Жуалының даңқы аласармақ емес.
Елдің алақанында өскен азаматтардың бірі – әскери қайраткер, генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев. Бақытжан Ертайұлы да өз қатарластары сияқты соғыстан кейінгі қиын кезеңде туып-өсті. Бір жасқа толар-толмастан әкесінен жетім қалып, көп қиыншылық көрді. Қиындыққа қаймықпастан Ташкент қаласындағы әскери училищеге оқуға түсіп, оны ары қарай Алматы қаласында жалғастырды.
Даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлындай асқақ рухты Батырдың кіндік қаны тамған қасиетті Әулиеата жері, оның ішінде талай тау тұлғалы азаматтарға алтын бесік болған Жуалы ауданында дүниеге келген Бақытжан Ертаев сол Баукеңнің көзіндей азамат болғанына бәріміз қуанамыз.
Бақытжан Ертайұлы – саналы ғұмырын әскери салаға арнаған адам. Оның Ауған соғысындағы ерлік істері, одан кейінгі өмір жолы көпке үлгі. Әскери салада әбден тәжірибе жинап, толысқан азаматтың Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуына қосқан үлесі қомақты.
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, Бақытжан Ертаев үлкенге – іні, кішіге – аға, замандастарына – дос-жаран бола білетін азамат. Ата-бабамыздың дәстүр-салтын қадiрлеп-қастерлей білетін бірегей тұлға. Халқымыздың тілі мен дінін ардақ тұтқан жан.
Бауыржан Момышұлының: «Отан – оттан да ыстық» деген қанатты сөзі бар. Бақытжан Ертаевтың да Отан алдында берген антына адалдығын көріп жүрміз. Бір атап өтерлігі, ол Алтай мен Атыраудың Арқа мен Алатаудың арасындағы сахараны мекендеген Қазақ елінің бірде-бір ауылын бөле-жара қарамай, елдің ертеңі үшін ештеңеден аянбай жұмыс жасап келеді. Ер азаматтың қашанда тек еңбекпен көркейетіні белгілі. Қазір де талай жас жеткіншектер еңбекпен есейген азамат, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа еліктеп өсіп келеді.
Бақытжан Ертайұлының өмірі мен еңбек жолы көпке үлгі-өнеге. Ол жастардың алдында: «Отанды сөзбен емес, жүрекпен сүю керек». «Басшының қабырғасы елі үшін қайысу керек, маңдай тері ел үшін ағу керек» деген сөзді айтудан жалыққан емес. Елдің бағына туған асыл азамат: «Батыр ешуақытта таққа таласпайды. Батыр тақты корғайды!» дегені де қалың елдің есінде.
Халқымызда «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген сөз бар. Бақытжан әскери қызмет бабымен қайда жүрсе де, туған елін, өзі туып-өскен қасиетті Жуалы жерін әрқашан жұдырықтай жүрегінде әлдилеп жүреді. Оның елді ынтымақ-бірлікке шақырып, сөзін тыңдатып, өзі барған жерінде елдің жеткен жетістіктерін әңгімелеп, халықты да ұйыта білетін қасиеті бар. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын, елге жасап жатқан жақсылықтарын халыққа ұғынықты қарапайым тілмен жеткізуден жалыққан емес.
Ел құрметіне бөлену – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сол құрметке ие болу үшін өзің де елге жақсылық жасай білуің кажет. Себебі, «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген бар.
Бақытжан Ертайұлы өзінің қазақ жігітіне тән асқақ азаматтығымен, айнымас ұстанымымен ұлттың сөзін сөйлей білді. Халық Бақытжанның осы қасиеті үшін де оны жанына жақын тартады.
Біз білетін Бақытжан Ертайұлы туған жерге, туған елге қызмет етуден жалыққан емес. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тұрғанда ел аманатын арқалап, туған халқы үшін қабырғасы қайысатын азаматтың нақ өзі екенін дәлелдеді. Бақытжан Ертайұлы өз кезегінде ел экономикасының дамуына атсалысып, Парламент қабырғасында халыққа қажетті заңдардың қабылдануына бiркісідей атсалысты.
Генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың Жуалы ауданын дамытуға, оның ішінде ауыл тұрғындарына инфрақұрылым жүйелерінің қолжетімді болуына көрсетіп отырған көмегі мол. Ширек ғасырдан бері шешімін таппай келе жатқан аудандағы 15 елдімекенге табиғи газ бен ауызсу тарту мәселесінің Мәжіліс депутаты болған Бақытжан Ертайұлының ықпалымен шешімін тауып отырғанын айтуға тиіспіз. Одан бөлек, қысы қаһарлы, ақ бораны түтеп тұратын Жуалы ауданындағы таулы аймақтарда орын тепкен ауылдардың арасындағы күре жолдарды қалың қардан тазалауға қауқарлы техникалардың алынуына, жол бойына қар тоқтататын тосқауылдар орнатуға ықпал жасады. Міне, Бақытжан Ертаевтың бұл әрекетін мақтан үшін емес, жуалылықтарға деген жанашырлықтан туған азаматтық іс деп білеміз. Ел оған разы. Шындығына келгенде, ол ауыл жағдайын ауылдағы ағайындардан көбірек ойлайды.
Қасиетті елде туып-өскен Бақытжан Ертайұлы имандылықты парыз тұтатын азаматтардың бірі. 2007 жылы маусым айында Бақытжан Кеңес ауылына келіп, ауыл ақсақалдарын жинап, құдайы тамақ таратып, үлкендердің батасын алып, болашақта ашылатын мешіттің алғашқы қазығын қағып, ізгілікті істің рәсімін жасады. Ақсақалдар генералға батасын беріп, оған ізгі тілек тіледі. Сол жылы мешіттің іргетасы қаланғаннан бастап оның төбесін жауып, күмбезін орнатып, іші-сыртын әрлеп, айналасын қоршау жұмыстарына Бақытжанның өзі бас-көз болды.
Халқымызда ежелден «мешіт салу – қасиетті іс» саналады. Міне, осы іспен қатар, ауылда көпір салуға да өз қаражатын жұмсады. Атпал азамат осының бәрін перзенттік парызын орындау үшін жасады. Қазір Ертай ауылындағы «Құлбайымбет» мешітінің жанынан «Ардагерлер аллеясы» салынып, онда ауылдың ардақты азаматтарының бюсттері қойылған. Өткен жылы да Бақытжан Ертаев ауылға арнайы келiп, спорт алаңшасының ашылуына қатысты.
«Бұлақ көрсең, көзін аш». Халық даналығы осылай дейді. Осы мақсатты мықтап ұстанған Бақытжан бірер жыл бұрын өзінің туған ауылы Ертай ауылына келіп, ауыл қарияларымен бірлесіп, сай-сайдағы көзі бітеліп калған бұлақтардың көзін ашып еді. Бұл да елдің есінде қалатын өнегелі іс болды.
Бір сөзбен айтқанда, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев еліміздің атын шығарып жүрген, ел үшін туған ер. Отанын жанынан артық сүйетін аз қазақтың бірі.
Бүгінде Ертай ауылындағы жасы үлкен қария өзім. Ауылдан шыққан генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев жылда әкемнің құрдасы деп, ауылға келсе болды мені марапаттап еңсемді көтеріп кетеді.
Бақытжанның шын туған күні 1951 жылдың 22 маусымы болатын. Құжатта 25.06.1952 жылы бұлай өзгертуі, өз алдына бір әңгіме.
Қысқасы, биыл батырымыз 70-ке толды. Бақытжан Ертайұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілеймін.

Бегасыл Белгібаев,
Ұлы Отан соғысының ардагері.
Ертай ауылы

Таңдаулы материалдар

Close