El іshі

«Талант туады, өлмейді…»

Шерағаң тұрған үй ұлт руханиятына қызмет етуі тиіс

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Шерхан Мұртаза – қалың оқырман мен жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген қаламгер екені дау тудырмайды. Оның шығармашылығының өн бойы ұлттың тағдыры мен халық болашағының, оның ғұмырнамасының айнасы. Халқы еркелетіп, «Шераға» атап кеткен ұлт қайраткері өз буын, өз ғұмырнамасын жазып қана қойған жоқ. Сол арқылы тұтастай ұлттың атынан сөз айта алатын дәрежеге көтерілген ірі тұлға.

Жұлдызы биік өлке, қасиетті топырақтағы киелі мекен саналатын Жуалы жерінің даңқын қаһарман қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлынан кейін асқақтатқан, есімі мен еңбегі елдің есінде, халықтың жадында мәңгі жатталып қалатын қайраткер азаматтың бірі – Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Бұл фәнидегі тоқсан жылға жуық саналы ғұмырында қасиетті қаламды жанына серік етіп, асқақ азаматтылығымен, қазақ көсемсөзі мен жазба әдебиетін биік дәрежеге көтеру жолында тынбай еңбектеніп, бойындағы бар дарыны мен қабілетін туған халқының болашағына арнаған Шерағаңдай дара қаламгерге қандай құрмет жасасақ та, артық болмайды. Бұл жалғыз менің ғана емес, тұлғаларын құрмет тұтатын қалың жұртшылықтың пікірі.
Шерхан Мұртаза өмірден өткеннен кейінгі аралықта оның есімін өзі туып-өскен Жуалы ауданындағы мектептердің біріне беруді, тіпті Талапты ауылының қариялары аталған ауылды Шерағаңның атына беру жөнінде де ұсыныс білдіргені белгілі. Әрине, бұл ұсыныс қана. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілетін шаруа.
Иә, Шерхан Мұртазаның халық жадындағы қаламгер екенін жоғарыда айттық. Тағы бір айта кетерлігі, Шерағаң республикалық басылымдарға басшылық жасаған жылдары ел өңірлерінде танылмай жүрген талай талантты қанатының астына алып, оларды жұмысқа шақырып, қамқорлық жасағанын ақылман ағаның шарапаты тиген қалам ұстаған журналистер аңыз етіп айтып, жазыпта келеді. «Шерағаңның шекпені», «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деген сөздер осыны айғақтаса керек.
Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, талант туады, өлмейді. Шерағаңның өзі өмірден өткенімен, ұлт руханияты үшін оның екінші ғұмыры басталғаны анық. Осы орайда республикалық және өңірлік газет-журналдарда Шерхан Мұртазаның ұлтқа сіңірген еңбегі мен қазақ әдебиетінің құнды қазынасына айналған шығармалары туралы зерттеуге құрылған танымдық мақалалар жарияланып және жазушының әдеби мұралары мен жәдігерлерін ел иігілігіне айналдыру жөнінде мәселелер көтеріліп келеді. Сондай мақаланың бірін әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Марат Құлибаев жазған болатын. Онда Шерағаңның Талапты ауылындағы үйін «Аула клубына» айналдыру немесе шығармашылық орталық жасау жөнінде мәселелер көтерілген.
2020 жылы аталған газетте жарық көрген «Шерағаң тұрған үйдің «тағдыры» қалай шешілмек?» атты сыни мақаладан үзіндіні сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдік.
«Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп тілшінің тіршілік диагнозын тура басып қойғанына қалай қайран қалмайсың. Абыз ағаның әрбір айтқан қанатты сөзі бүгінде ел басқарған басшыларға ғана емес, жалпы көпшілікке, жастарға ой салар оралымды дүниелерімен қымбат. Шерағаң дүниеден өткеннен кейін оның екінші ғұмыры басталып, енді артында қалдырған мол мұраларын тереңірек ұғынатын уақыт жеткендей көрінеді. Қаламгердің өмір жолы, қоғам қайраткерлігі мен шығармашылығы елдің көз алдында өтті. Өзі өлсе де артында мол мұрасын іздеушілер аз емес.
Шерағаң көзі тірісінде туған жері, қайда барса да түсіне кіретін, киесіне айналған Мыңбұлағын ешқашан жадынан шығарған емес. Кіндік кесіп, туған жерінде баспана салып, жаз айларын сонда өткізуді әдетке айналдырып еді. Бүгінде ол үй де жалғызсырап, иесіз қаңырап, егесін жоқтап, қарайып тұр.
Былтыр Тараз инновациялық университетінде Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған үлкен жиын өтті. Сол жиында қоғам қайраткерлері, өңірімізден шыққан белгілі азаматтар Шерағаң туралы тебірене сөз сөйледі. Сол жерде марқұм Мақұлбек Рысдәулет, бүгінде ортамызда жүрген ауызы дуалы ел ағалары Мекемтас Мырзахметов, Елен Әлімжан, Әлібек Әмзеұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы және университет басшылығы осы жоғары оқу орнына Шерхантану ғылыми орталығы орналасқандығын айтып, оқу орнын жазушы есімімен атау туралы жақсы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапқан.
Ал облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Ғибрат» орталығында өткен Шерағаңды еске алу кешінде Шерханға бір ғана жоғары оқу орнының атын беріп қоя салуға болмайтыны сөз болды. Ол басқосуда қоғам қайраткерлері Тараз қаласының үлкен көшелерінің бірін атауды да ұсынды. Қала мен аудандардан бір-бір мектепті берсе де артықтық етпейді деп түйіндеді сөз сөйлеушілер. Ал туған ауылы Талаптыны жазушы есімімен атаса, тұрған үйін музейге айналдыру керек дегендердің қарасы қалың болған еді»,- деп жазады журналист аталған мақалада.
Жұртшылық тарапынан көтерілген ұсынысты іске асыру мақсатында аудан басшылығы қолға алған шаралардан біз де аздап хабардармыз. Дегенмен, әлі де болса бұл ұсыныстың іске асырылуын тездету керек сияқты. Өйткені, уақыт жылдам өтіп жатыр. Шерағаңның Талапты ауылындағы тұрған үйі де жыл санап тозып барады. Бір айдай бұрын Талапты ауылына жолымыз түсіп барғанымызда, Шерағаң тұрған үйге соққанымыз бар. Ауыл тұрғыны Гүлсім Шоңғарова осы үйді уақытша қарап жүргенін айтады. Әзірше бұл үй бос тұр.
Осы мақалаға мәлімет жинау мақсатында Шерхан Мұртаза тұрған үйдің жай-жапсарын білмекке Шерағаңның немере інісі Әлижан Мұртазаевпен де хабарласқан болатынбыз.
-Талапты ауылындағы Шерағаның тұрған үйінен «Аула клубы» мекемесін ашу жөнінен ұсыныстардың біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқаны рас. Біз Мұртаза әулетінің атынан бұл ұсынысты қолдап отырмыз. Мұндай ұсынысты аудан басшылығының назарына салғандардың бірі мен едім. Ел таныған Шерағаңдай азаматтың көзі тірісінде тұрған үйі өз кезегінде елдің, жас ұрпақтың игілігіне айналуы қажет деп есептеймін. Бұл үйде Шерхан Мұртазаның бірқатар әдеби мұралары сақтаулы. Қайбір жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің басшылығы бұл үйдегі біраз кітаптарды, тағы басқа дүниелерін алып кеткен болатын. Ондағы мақсат – университет қабырғасынан ашылған Шерхантану орталығының қорын байыту. Ал дәл қазіргі таңда Шерағаның үйінде облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының қызметкерлері жұмыс істеу үстінде. Оған жауапты мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мұнда Шерхан Мұртазаның шығармашылық үйі ашылмақ. Әзірше кітаптары аталған орталықтың есебіне алынып, картотека жасалуда. Қалай болғанда да Шерағаңның табанының ізі, әрбір затта, оқыған кітаптарында алақан табы қалған үлкен үй бос тұрмауы қажет,- дейді ол.
Иә, жазушының немере інісі Әлижан Батырханұлы айтқандай, Шерағаңнан қалған мол мұра ендігі кезекте ұлт руханиятына қызмет етуі тиіс.Оның бір себебі, Шерағаң демалысының көп бөлігін дәл осы Талапты ауылында өткізгенді жөн көрген. Шығармаларының бірқатары осында жазылғанын мысал ретінде айтуға болады. Шерағаңның осында келіп демалғанын, таңертеңмен ерте тұрып, атқа мініп алып Алатауды бетке алып бара жатқаны ауыл тұрғындарының жадынан әлі де шыға қойған жоқ шығар?! Айтпақшы, Шерағаң Алатауды Тәңіртау деп атайтын. Әңгімелерінің көбінде осылай жазған. Асқақ Алатау мен қасиетті Мыңбұлақ өңірі жазушының түсіне үнемі кіретіні туралы әңгімелерінен хабардармыз.
Бұл үйде Шерағаңның амандық-саулығын сұрап, қолын алуға, абыз ақсақалдың батасын алуға келген танымал азаматтардың қатары өте көп болғанын да айтуға тиіспіз. Өмірінің соңғы жылдарында да Шерағаң туған ауылындағы үйінде біраз уақыт болғаны бар. Сол тұста Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған Кәрім Көкірекбаевтың қазақы дәстүрмен Шерхан Мұртазаның амандығын білуге арнайы келгені де әлі күнге көз алдымызда. Сонда қатты сырқаттанып жатса да, Шерағаң өзінің көңілін сұрап, сәлем беруге келген лауазымды кісілерге жақсы сөздерін айтып, ақ батасын беріп, риза болып қалып еді-ау…
Негізгі мәселеге қайта оралсақ, облыстық газетте былтыр жарық көрген «Шерағаң тұрған үйдің «тағдыры» қалай шешілмек?» атты мақалада журналист М.Құлибаев Шерхан Мұртазаның Талапты ауылындағы тұрған үйіне Мыңбұлақ ауылдық округінің сол тұстағы әкімі Ғабит Үмбеталиевпен бірге барғанын, ауыл әкімі бұл үйді аула клубы жасағалы отырғанын айтқанын жазады. Сонымен бірге, әріптесіміз жазушы үйінің қаңырап бос тұрғанын айтып, округ әкімі өз сөзінде Аула клубы жұмысын бастап жіберген кезде бұл ара адам танымастай өзгеріп сала береді деп сендіруге тырысқанын жазыпты аталған мақалада.
Жалпы облыста Шерағаңның тұрған үйіне жанашырлық танытып отырған мекеменің бірі – Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы. Халық жазушысының атымен аталатын бұл орталықтың Шерхан Мұртаза мұраларына қызығушылық танытуы бір жағынан заңды да. Оның үстіне, жазушы үйінен шығармашылық орталық ашу мәселесінен облыстың басшылығы да хабардар болып шықты. Бұл жөнінде Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиевпен хабарласқанымызда, ол алдағы уақытта жазушы үйінің аталған орталықтың теңгеріміне алынғалы отырғанын жеткізді.
-Біз бұл үйді теңгерімге алып, алдағы уақытта орталығымыздың филиалы ретінде Шерхан Мұртаза атындағы әдеби-мемориалдық үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсатымыз – жазушының шығармаларына қызығушылық танытып, әдеби мұраларын зерттеушілерге мүмкіндік жасау. Жалпы облыстағы шығармашылық адамдардың қабілетін шыңдауға көмектесу.
Әлбетте, Шерхан Мұртаза әдеби қазынамызды байытқан үлкен суреткер жазушы. Ол артына телегей-теңіз әдеби мұра қалдырған қаламгер. Оның біразы Талапты ауылындағы өзі тұрған үйде сақтаулы. Шерағаңның шығармашылығын зерттеймін деген жас Шерхантанушылар да өте көп. Міне, бұл орталық ашылса, зерттеушілер осында келіп, оның мұраларымен кеңірек танысып, мол мағлұмат алуға мүмкіндік туады. Басқа да жоспарларымыз көп. Оны іске асыру әрине, алдағы уақыттың еншісінде. Бір сөзбен айтқанда, жазушы үйі иесі бар, киесі бар шаңырақ. Өйткені, мұнда Шерағаң өз шығармашылығын дамытқан. Бұйыртса, келер жылы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы аталып өтіледі. Осыған байланысты баспа бетін көрмеген шығармаларының басын біріктіріп, кітап етіп шығару да жоспарымызда бар. Одан бөлек, 2022 жылдың ақпан айында облыс орталығында «Шерхан мұралары» атты ғылыми-теориялық конференция өтпекші. Басқа да іс-шаралардың тұжырымдамасын жасау үстіндеміз,- дейді Сауран Қалиұлы.
Шерағаңның Талапты ауылындағы өзі тұрған үйі жазушыдан қалған бір жәдігер ретінде сақтаулы. Өмір өтеді, ұрпақтар алмасады. Алайда шын мәнінде ұлтын сүйген, туған тілі мен дінінің жанашыры болған қайраткер тұлға Шерхан Мұртазадан қалғанбұл жәдігеркезі келгенде ұлт руханиятына, ұрпақ болашағына үздіксіз қызмет көрсете беретініне сеніміміз мол. Өйткені, бір жәдігер бір ғұмырды баян етсе керек…

Нұржан манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close