El іshі

Солтүстік өңірге қоныс аударсаңыз …

– Біз ерікті түрде отбасымызбен солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдіріп едік. Осы ретте қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері және қатысу шарттары туралы білгіміз келеді.
Жарылқасын Дәрібаев,
Барчинай Сұлтанова,
Б.Момышұлы ауылы

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-бағытының «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» міндеті ережелеріне сәйкес Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік және демографиялық теңгерімсіздікті жою мақсатында «Еңбек» бағдарлама аясында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.
Көрсетілетін мемлекеттік қолдау көшуге материалдық көмек беруді, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді, қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы тұрғын үй беруді, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді, қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберуді, сонымен бірге жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан, жалғызбастыларға бір рет 35 АЕК мөлшерінде көшуге материалдық көмек отағасына және әрбір отбасы мүшесіне беріледі.
Көшуге материалдық көмек “Еңбек” бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне олар жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушының отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға бір жыл ішінде ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге шығыстарын өтеуге материалдық көмек беріледі:
Тағы да бір ескеретін мәселе, қалалық жерлерге қоныс аударғанда бір адамға – 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 25 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – 30 АЕК, ал ауылдық жерлерге қоныс аударғанда, бір адамға 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде – 18 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – 21 АЕК көлемінде төленеді.
Ерікті түрде қоныс аударғанда мемлекеттік қолдау шаралары «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір рет көрсетіледі.
Нұрлан ӘНУАРБЕКОВ,
аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту
орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close